«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жалпы ауданы 313,8 мың шаршы метрді құрайтын 76 көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның 39-ы жалға берілетін болса, 37-сі кредиттік. Бүгінде өңірде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 35 118 адам тіркелген.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай айтты. Кезектегі тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 2 241 пәтерлі 41 көпқабатты үй ұсынылған. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 94 пәтер сатып алыныпты.
«Аймақта өткен жылы жекеменшік инвестиция есебінен 5 компания 656 пәтерлі 9 көп қабатты үйдің құрылысын жүргізіп, 115 пәтерден тұратын 3 тұрғын үйді аяқтады. Сондай-ақ жаңа үлгідегі 8 «Таун хаус» жеке үйлерінің құрылысы жүріп, 47 пәтерден тұратын 6 үй пайдалануға берді. «7-20-25» бағдарлама шеңберінде 1,5 млрд теңгеге 158-і несие рәсімделсе, «Отбасы Банк» АҚ арқылы 1 257 адам 10,8 млрд теңге несие рәсімдеп, баспаналы болған», - деді басқарма басшысының орынбасары.
Әлібек Аманбайұлы өткен жылы облыс аумағында «Асар» жобасы басталғанын еске салды. Асарлатқан ағайынның көмегімен 2020 жылы 99 тұрғын үй, 2021 жылы 134 үй табысталып, мұқтаж отбасылар үймен қамтылған.