Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аймақтағы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет қалиев айтты. Ол республикалық бюджет қаражаты есебінен 2 млрд теңгеге 1 дана «Сызықты үдеткіш» сатып алынғанын да жеткізді. Нәтижесінде, облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 88,4%-ды құрап, 0,3%-ға өскен.
«Негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштердің жағдайына тоқталсақ, табиғи өсім көрсеткіші 3%-ға өссе, туу көрсеткіші 7,6%-ға артты. Жыл басындағы 4 айда туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 6,9%-ға төмендеді. Қан айналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 17,4%-ға кеміген. Жалпы өлім-жітім өткен жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға азайған. Сонымен қатар катерлі ісік ауруларының көрсеткіші 7 пайызға кеміді. Аймақта 11 жылжымалы медициналық кешен бар. Оның 3-еуі – КАМАЗ мамандандырылған көліктері, 8-і – автобустық мамандандырылған көліктер, үзіліссіз жұмыс істеуде. Жыл соңына дейін 322 елді мекенді қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде 102 953 адамды, оның ішінде 26 481 баланы тексеруден өткізді», — деді басқарма басшысы.
Әсет Әскерұлы өңірге 24 жалпы практикалық дәрігер жетіспейтінін де мәлімдеді. Биыл өңірге 16 резидент, жұмысқа бөлу комиссиясымен 80 жас маман келеді, зейнеталды және зейнет жасындағы дәрігерлер мен кадрлардың ауысуын есепке алғанда орта есеппен 2023 жылы дәрігер тапшылығы 107 бірлікке төмендейді екен, осы есеппен 2024 жылы 63, 2025 жылы 31 бірлікке түседі.