Жамбылда экспорт көлемі ұлғаюда

Жамбылда  экспорт көлемі ұлғаюда

Елдің экономикасын өрістетін бағыттың бірі – экспорт. Қазақстанда шетелге жіберетін өнімнің түр-түрі бар. Сол арқылы ел қазынасына айтарлықтай табыс кіріп отыр. Бір ғана Жамбыл облысының өзі былтыр 187,3 миллион АҚШ долларының тауарын экспорттаған. 

Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, экспорттың ең көп үлесі химия саласына тиесілі. Атап айтқанда, 60,8 миллион АҚШ долларына натрий цианиді, минералды тыңайтқыштар, ферросиликомарганец, барит, портландцемент шетелге шығарылған. Мұнымен қоса 24,9 мың АҚШ долларына макарон өнімдері, 647,3 мың АҚШ долларына кондитерлік өнімдер экспортталған. Көбіне құрылыс саласының, химия саласының және тамақ өнімдеріне сұраныс жоғары. 

Мұндай оң үдеріске әсер ететін тетіктер аз емес. Мәселен, былтыр Әулиеатада кәсіпкерлік бағытында жаңа серпіліс байқалып, шағын және орта бизнес субъектілерінің көрсеткіші 25,5 пайызға артқан. Ал бұл салада жұмысқа тартылғандардың саны 23,6 пайызға көбейіп, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 22 пайызға өскен. Ал кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 24,5 миллиард теңгеге 2,1 жобаға қолдау көрсетілді. 

Жоғарыда атап өткендей, Жамбыл өңірінен шетелге көбінесе химия саласы мен тамақ өнімдеріне сұраныс жоғары. Ең үлкен экспорттаушы кәсіпорын ретінде «Казфосфат» ЖШС көп жылдан бері көшбасшы саналады. Бұл мекемеден алыс-жақын шетелдерге минералды тыңайтқыштар мен сары фосфор жіберіледі. Компания дайын өнімдерін 26 елге экспорттап келеді. Қазақстандық өнімдерді импорттайтын елдердің географиясына Әзірбайжан, Ауғанстан, Беларусь, Доминикан Республикасы, Венгрия, Германия, Дания, Үндістан, Испания, Кипр, Қытай, Қырғызстан, Литва, Нидерланды, Польша, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария және Жапония кіреді.

Өңір бойынша ірі экспорттаушы кәсіпорынның бірі – Мойынқұм  ауданындағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын алдағы уақытта цемент өндірісінің көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға 8 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, нарықта 2008 жылдан бері өнім шығарып келе жатқан «Talas Investment Company» ЖШС зауыты Қазақстан Республикасындағы натрий цианиді өнімдерінің импортын алмастыруға, сондай-ақ отандық өнімнің Ресей Федерациясына, Орталық Азия республикаларына және Моңғолияға экспортын дамытуға үлес қосуда. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 15 мың тонна натрий цианиді мен 5 мың тонна аммоний сульфаты. Экспорттық қуаты жағынан ферросиликомарганец өндіретін «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС мен барий сульфатын өндіретін «Эврика барит» кәсіпорны да өңір экономикасына дем беруде. 

Тамақ өнеркәсібіндегі ең ірі экспорттаушы – «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС тараздық тәттілерді әлемге танытуда. Кәсіпорын өз жұмысын 2017 жылы бастады. Бүгінде 150 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылына 4500 тонна тәтті өндіріп, 70-тен аса тауар түрін шығарады. Тауарларын еліміздің барлық аймағы мен Қытай, Грузия сынды әлемнің 6 еліне экспорттайды.

– Біз өнім өндіруде австриялық HAAS компаниясының жабдықтарын қолданамыз. Құрал-жабдықты алу және ондағы өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру үшін Halyk Bank-тен 1 миллиард 200 миллион теңге көлемінде несие алдық. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Даму» қоры банктен алған несиенің 10 пайызы субсидияланды. Кондитерлік фабриканың өндірістік қуаттылығы жылына 4100 тонна кондитерлік өнімді құрайды. Кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақта өндіріс ошағының өндірістік қуатын еселеп арттырып, ондағы өнім түрлерін көбейту жоспарда бар. Сәйкесінше кондитерлік фабрикадағы жұмысшылар санын 200-ге дейін көбейтуге ниет етіп отырмыз. Одан бөлек жаңа нарықтық деңгейге шығып, өнімдерімізді экспорттайтын елдердің қатарын ұлғайтқымыз келеді, – дейді «Сәуле» кондитерлік фабрикасының директоры Сәуле Жанабекова.

Ал Шу ауданындағы «KazIrAgro» ЖШС мақсары майын және күнжарасын өндірумен айналысады. Сапалы әрі табиғи таза өнім шығаратын кәсіпорын  2012 жылдан бері табысты жұмыс жасап келеді. Иран елімен бірлесіп іске асырылған жобаның жалпы құны 5, 7 миллион АҚШ долларын құрайды. Нысан толықтай Германиядан әкелінген қондырғылармен жабдықталған. Зауыт бүгінде тәулігіне 1 тоннаға дейін мақсары майын өндіруге қабілетті. Зауыт салқындатылған сығу технологиясын қолдануымен ерекшеленеді. Бұл мақсары майының құрамындағы дәрумендер мен пайдалы элементтердің жойылмауы үшін таптырмас әдіс болып табылады. Өндіріс орнында 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар күрделі техниканың тілін меңгеру үшін арнайы курстардан өткен. Серіктестік меншігінде 3500 гектар мақсары өсіретін егістік алқабы бар. Кәсіпорын өз өнімдерін Германия, Нидерланды, Чехия және Өзбекстанға экспорттап келсе, биылдан бастап өз өнімдерін Жапония мемлекетіне өткеріпті. Осылайша олар Жапон елінің нарығына шығып отырған еліміздегі тұңғыш кәсіпорын саналып отыр. Айта кету керек, «KazIrAgro» ЖШС өткен жылдың өзінде 801 тонна сафлор майын экспортқа шығарған. Тәулігіне тонналап дайын өнім шығарып, оны экспорттаумен айналысатын серіктестіктің аудан аумағында мақсары мен арпа және бидай өсіретін егістік алқабы да бар. Сонымен бірге өндіріс ошағындағы май құюға арналған құрылғылары да жыл өткен сайын жаңарып тұрады екен. Мәселен, биыл Германиядан қуаттылығы күніне 9 тонна болатын арнайы жабдық 175 миллион теңгеге сатып алынып, толық орнатылыпты. 

Жамбыл облысында шетелге ет экспорттайтын бірнеше комбинат бар. Соның бірі әрі бірегейі «Меркі – Ет» комбинаты. 2016 жылдан бері қарқынды жұмыс істеп келе жатқан комбинат өз өнімдерін Иран, Бахрейн, Оман, БАӘ, Ресейге жібереді. Кәсіпорында арнайы қасапхана мен шұжық және консерві цехы жұмыс істейді. Ет комбинатында 3 мың бас бұқаға арналған бордақылау алаңы да бар. Серіктестік 10 мың бас ұсақ мал, 2 мың бас ірі қара мал басын ұстайды. Мекеменің өзіне қарасты жайылымдық жерлері 30 мың гектарды алып жатыр. Мал сою пунктінің өнімділігі ауысымына 1,2 мың бас ұсақ мал және 150 бас ірі қара малды құрайды. Сақтау сыйымдылығы: 200 тонна салқындатылған ет және 150 тонна мұздатылған ет. Кәсіпорын тәулігіне 3,5 тоннаға дейін консервіленген ет өнімдерін, «Халал» брендімен 1,5 тоннаға дейін шұжық өнімдерін, 10 тоннаға дейін ет өндіре алады. Салқындатылған сиыр еті Тараз және Алматы қалаларындағы Magnum сауда нүктелері мен базарларына жеткізіледі. Комбинаттың болжамды жылдық кірісі 96,3 миллион теңге болса,  2020 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында ет комбинаты Дубайға 28,54 тонна қой етін экспорттаған.

Ал, жалпы алғанда, Жамбыл облысынан 2023 жылы экспортталған тамақ өнімдерінің ішінде ең көп тасымалданғаны – ет өнімдері.  Былтыр 6 563,4 АҚШ долларына 940,6 тонна ет жіберілген. Ал ЕАЭО елдеріне 2 323,1 АҚШ долларына 916,9 тонна ет экспортталыпты. Бұл ретте өңірдің ауылшаруашылық саласындағы көрсеткіштердің жыл сайын алға жылжып келе жатқанын аңғару қиын емес. 

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ МАҢЫН РЕТТЕУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 67
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА КӘСІПКЕРЛІК ДАМЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 63
КӨКТЕМГІ ЕГІН ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚОСЫМША 300 МЛРД ТЕҢГЕ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 64
 СОЗАҚ АУДАНЫНДА 20 ЖЫЛДЫҚ ТҮЛЕКТЕР ТҰРҒЫН ҮЙ ТАРТУ ЕТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.05.2024 25

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1728
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7759
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11636
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7806
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7960