Өңірімізде ағымдағы жылы білім саласында 28 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 15 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал жыл соңына дейін 20 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-брифингінде облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов айтты. Оның сөзінше, облыс аумағында 2,7 млрд теңгеге 19 спорт нысанының құрылысы бастау алып, биыл оның 8-і ел игілігіне беріледі.
- Ағымдағы жылы облыс көлемінде құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларына қатысты құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, биыл бір ғана білім саласында 28 нысанның құрылысы бастау алды. Мұндағы құрылыстың сметалық құны – 28,2 млрд теңгені құрайды. Ал 15 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін 20 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, облыс аумағында 2,7 млрд теңгеге 19 спорт нысанының құрылысы басталып, биыл оның 8-і ел игілігіне беріледі, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ спикер өңірде «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспанаға қол жеткізгендердің қатары көбейгенін атап өтті. Айтуынша, биыл жоба шеңберінде 121 тұрғын үй салу жоспарланып, бұл күні Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында көпшіліктің көмегімен бой көтерген 71 үй мұқтаж жанұяларға табысталған.