Астанадағы «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаңда (Тұран даңғылы, 48) Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болып жатыр. Бүгін, яғни қыркүйек айының 3-4 күндерінде өтетін жәрмеңкеде Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Қордай, Сарысу, Т. Рысқұлов, Талас, Шу аудандарының өнім өндірушілері мен 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы аясында құрылған ауыл шаруашылығы тауар өндіруші кооперативтері, өз кәсібін ашқан жеке кәсіпкерлер әкелген азық-түлік сатылып жатыр.
Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, астанаға жалпы құны 423,2 млн теңге болатын 495,8 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілген. – Қазір барлық тауар сөрелерге шығарылып, тұтынушыларға ұсынылып жатыр. Таңертеңнен бері адам өте көп келіп жатыр. Жылдағы дәстүр бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің сұранысына сәйкес Жамбыл өңірінен жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерін нарықтағы бағадан 10-20% төмен бағада саудалап жатырмыз,- деді Ербол Жиенқұлов.
Нарықтағы баға шарықтап, тапқанын тамағына әупірімдеп жеткізіп жүршген қала тұрғындары үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі «дәтке қуат» екені рас. Қараша айының ортасына дейін апта сайын ұйымдастырылатын мұндай жәрмеңкеде алыстан ат арылтып жететін кәсіпкерлер жаздайғы маңдай термен тапқан азын аулақ өнімін арзанға сатқаны тұтынушы үшін жақсы-ақ. «Ал ала жаздай алакуім таңмен таласа, жер «еміп» тыным таппайтын еңбек адамының маңдай тер, табан ақысы өтеле ме?» деген сұрақ туады. Ербол Жиенқұловтан «Жамбыл облысы бойынша биылғы жиын-терін қалай болып жатыр, диқан мен малшының еңбегі ақталды ма? Қвсқа дайындықтарыңыз қалай?» деп сұрағанымызда, – Биылғы жыл жемісті жыл болып жатыр. Астық, дақылдарымызды толығымен қамбаға құйып алдық. Үш жүз жетпіс бір мың гектарға бидай мен арпа еккен едік, толығымен жинап, 633 тоннаға жуық өнім жинадық. Бау-бақша дақылдары, көкөніс пияз жиналып жатыр. 25 000 гектарға пияз екенбіз. 1 млн 500 мыңға жуық өнім аламыз деп отырмыз,- деп жауап берді.
Иә, халқымыз «Еңбек түбі – береке» деп бекер айтпаса керек. Елімізде алғаш рет Safloria атты өсімдік майын экспортқа шығарып, ел мақтанышы болған Kaz-Ir AGRO компаниясы осы Жамбыл облысы Шу ауданынан екенін де айта кетуіміз керек. Озық технология, тазалық талаптары талғампаз Жапонияны тамсандырған мақсары дақылынан алынатын холестерині төмен Safloria атты өсімдік майының тұтас иммундық жүйені нығайтып, ағзадағы аурудың асқынып кетпеуіне септесіп, жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті, жоғары қан қысымы, атеросклероз сынды түрлі дертке дауа екенін көбіміз біле бермейміз. Е дәруменіне бай бұл майды Жапония ғана емес АҚШ, Чехия, Бельгия сияқты дамыған елдер жоғары бағалайды. Түркия секілді елдер мақсары майынан косметикалық мақсатта крем, сусабын, сабын өндіруге пайдаланса, Иран халуа дайындайды. Ал Үкіметіміз мақсары майын косметика өндірісіне қолданғанды айтпағанның өзінде, тамақ өндірісіне әлі де енгізе алмай отыр. Тіпті, халықтың күнделікті тұтынуына да ұсынылып отырған жоқ.
Дегенмен, оңтүстік диқандары жәрмеңкеге 5,5 тонна мақтаулы мақсары майын (сафлориа майы) әкеліпті. Жәрмеңкеде облыстың тауар өндірушілері өз тауарларын делдалсыз, тұтынушыларға тікелей сатуға мүмкіндік алып, сауда қызып жатқанына куә болдық. – Еттің бағасы арзан екен. Іздегеніңнің бәрін табуға болады. Атын естісем де өзім қолданып көрмеген мақсары майын да алдым. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға рақмет!, -дейді қала тұрғыны Айман Мәлік.