Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы базасында Ресей мен Қазақстанның жетекші хирургтері күрделі хирургиялық, онкологиялық ауруларды емдеу және эндовидеохирургияны қолдану арқылы операциялар жүргізу бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. Оған хирургиялық бөлімшенің дәрігерлері қатысты.
Астана медицина университетінің профессоры, Қазақстандық эндоскопиялық хирургтар қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Владимир Котлобовский жаңа әдістемелерді қолдана отырып, лапароскопия арқылы аппендэктомия және холецистэктомия бойынша екі ота жасап көрсетті.
В. Котлобовскийдің айтуынша, лапароскопиялық аппендэктомия және холецистэктомия — кішкентай кесіктер арқылы бейнекамера мен бірнеше жұқа құралдарды қолдану арқылы жасалатын хирургиялық оталар.
«Бұл операциялардың артықшылығы — олардың минималды инвазивтілігі яғни, мұндай жағдайда пациентте операциядан кейін қатты ауырсынулар болмайды, анестезиядан тез айығады, ауруханада болу уақыты қысқарады, отадан кейінгі тыртықтар көрінбейді, сонымен қатар ота орны тез қалпына келеді және адам қалыпты өмірге тез оралады», — деп атап өтті профессор.
Хирургиялық оталар жасалған күні науқастар аз уақытта есін жинап, сол күні жалпы палаталарға ауыстырылды. Олар әйгілі хирургқа сәтті операциялары үшін алғыс айтты. Қалпына келтіру асқынусыз өтіп, пациенттер үшінші күні үйлеріне жіберілді.