Шортанбай балық өңдеу зауытын модернизациялау жобасы бойынша жаңа цехтар салынады. Нәтижесінде зауыттың қуаттылығы 96 мың тоннаға артып, жылына 5 млн дана консервіленген балық дайындайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазір зауыттың мұздату цехы жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа, ескірген ғимараттар толығымен сүріліп, балық өңдеу жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Модернизациялау жобасы бойынша зауыт аумағына балықтарды аулау, қабылдау және мұздату, консервілеу, балықты ыстықта қақтау, тұздау, қаптау, уылдырық және филе дайындау цехы мен механикалық цехтарды қамтитын 11 ғимарат салынады.
Сондай-ақ, қойма мен көліктерге арналған ангарлар және мұзда қатырылған балықтарды сақтау, тұздалған балықтарды кептіру орындары да қаралған.
– Мұндай кешен біздің елде алғаш рет салынып отыр. Әсіресе, балық шаруашылығы үшін мұз дайындаудың қажеттілігі жоғары. Бұл зауыт бұрын-соңды болмаған технологияларды пайдаланбақ. Бұған дейін мұзды өзеннен қыс мезгілінде ойып алатынбыз. Бұл үлкен қиындық тудыратын. Енді жоба аяқталғаннан кейін біз үздіксіз, жыл сайын күніне 30 тонна мұз шығара аламыз. Бұл зауыттың жұмысын әлдеқайда жақсартып, балықтарды сақтау және тасымалдау сапасын арттырады, – деді зауыт басшысы Саламат Омаров.
Айта кетейік, балықты ұнтақтау және кептіру цехының қуаты айына – 1 005 т, филе және уылдырық цехының қуаты айына – 1 800 т, консерві цехының қуаттылығы жылына – 5 млн, тоңазытқыш қуаты айына – 3240 тонна және балықты ыстау цехының қуаты – 1800 тонна. Балық зауыты 2025 жылдың аяғында іске қосылады деп күтілуде.