24 қаңтар күні сағат 18:00-де «Жаңа есімдер» концерті өтеді. Көрермендерді сұлулық пен шабытқа толы музыкалық кешке шақырамыз.
Концерт бағдарламасында XIX–XX ғасырлардағы әлемдік опера классикасының інжу-маржандары ұсынылады. Итальян, француз және орыс опера мектептерінің үздік туындылары — Джузеппе Верди, Джакомо Пуччини, Джоаккино Россини, Жорж Бизе, Гаэтано Доницетти, Петр Ильич Чайковский, Руджеро Леонкавалло, Пьетро Масканьи және Жак Оффенбах операларынан ариялар орындалады. Бұл шығармалар адам сезімдерінің бар қырын — нәзік лирикадан драмалық толғанысқа, виртуоздық жарқырау мен комедиялық темпераментке дейін — паш етеді.
Бағдарламада ұлттық қазақ классикасына да ерекше орын берілген. Кеш барысында Евгений Брусиловский мен Сыдық Мұхамеджановтың шығармалары шырқалады.
Классика жаңаша үн қатып, ал көптеген жас орындаушылар — беделді халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары — оны ерекше шынайылықпен ұсынатын бұл концерт музыканы сүйетін қауым үшін маңызды мәдени оқиға болмақ.
Концертке қатысатын орындаушылар:
Аяжан Қуаншалиева, Амина Рахимжанова, Наргиз Сәтмұхамбетова, Азиза Әбдрейм, Нұрғалым Аманбай, Жандарбек Еркінбаев, Аружан Тоқтаған, Айдос Жабағын, Ислам Хамзаев, Ерулан Камел, Фархат Қубиев, Мақсат Саматов, Алихан Бейсеков, Евгений Шагаров, Бекзат Абитов, Асқар Рысбек, Нұрбол Артықбаев, Мейржан Кенесбаев.
Бас дирижер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбусинов
Режиссер — Наталья Кагадий















