«Qazaqstan dauiri» газетінің «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Маңғыстау облысында

Осы бір қанатты сөзді біз ойлап тапқан жоқпыз. Оны Жаңаөзеннің бір белгілі азаматы айтып еді, көңілімізге қона кетіп, қалада екі күн болғанда өткен жылылыққа толы кездесулердегі туған мақаламыздың бас тақырыбы етіп алдық. Газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы Жаңаөзен қаласы басшылығына хат жазып, жұртшылықпен кездесуге өтініш айтқан болатын. Өтінішімізді қала әкімі Жансейіт Қайранбаев қуана қолдады. Әйтпесе бірнеше апта бұрын «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясымен Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстау өңіріне сапарлап келіп, аралаған еді.
Жаңаөзен – рухты қала. Мұнда намыс қайрағын жаныған, ұлттық құндылықтарды ту етіп көтеріп, ұрпағын салт-дәстүрлеріміздің уызымен қандырған нағыз қазақтар өмір сүреді. Арғы тарихын қаузамай-ақ, бергідегі аты шулы Желтоқсан көтерілісінен кейін Тарих-бабамыздың қаперінде Жаңаөзен көтерілісі болып алтын әріптермен жарқырап, жазылып, азаттық, бостандық үшін жан аямай күндей күркіреп, күресіп өткен қаһарман ретінде ел жадында мәңгілік қалғандар. Тәуелсіздігіміздің мерекесі қарсаңында біз мұнда осындай қаһарман қаланың тұрғындарымен жүздесіп, тыныс-тіршілігін білуге арнайы келдік. Ұшақтан түсіп, Ақтаудан өтіп Жаңаөзенге тікелей тарттық. Бізді әуежайда «әр қазақ – менің жалғызым» деген ұранды сөздің егесі, алты Алаштың өр ақыны Сабыр Адай мен «Жаңаөзен» қалалық газетінің бас редакторы, әріптесіміз Гүлназ Бөлекбаева қарсы алды. Желтоқсан айының желі аса ызғарлы емес. Айлы түн. Тақтайдай күрежол. Жүрдек көлік екі сағаттың ішінде шамдары жарқыраған қаһарман қала Жаңаөзенге жеткізді. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» демекші, Жаңаөзеннің кіре берісінде қала әкімі Жансейіт Қайранбаев бастаған бірнеше жігіт «Қош келдіңіздер!» деп қарсы алды.

Жалпы Жаңаөзен қаласына журналистік сапармен жиі келеміз. Әр келген сайын қала тұрғындарының саны өсіп, өзі сәулетті шаһарға, дарынды жастардың думанды мекеніне айналып, ерлік пен еңбектің дастанын жырлайтын жаңа буынның қасиетті ордасына айналғанына куә боламыз. 362 әулиелі Маңғыстау түбегі 7 жұрт келіп, 7 жұрт кеткен алмағайып замандарды бастан кешкен киелі де қастерлі өңір. Соның бір пұшпағында жатқан Жаңаөзен қаласы өткен жылы 55 жылдығын тойлапты. Ертеңіне бізді кабинетінде қабылдаған Жансейіт Қайранбаев өзі басқарып отырған қала туралы, оның қайнаған тыныс-тіршілігі туралы әңгіме шертті.
– Осыдан 56 жыл бұрын аңызақты кең далада мұнай өндірісінің алғашқы қарлығаштары – бұрғышылар мен мұнайшылар тұрды, болашақ қаланың қазығы қағылды. Алғашқы мұғалімдер мен дәрігерлер, құрылысшы, коммуналдық сала, пошта мамандарының да кең далаға қала тұрғызған ерлікке татырлық еңбегі қала тарихында алтын әріптермен жазылады. Мұнай кәсіпшілігінің ашылуымен байланысты алғашқы да «Газгородок», «Новый Узень» поселкісіне Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президенті 1968 жылы 21 қазанда қала мәртебесі беріліп, 1993 жылдан бастап Жаңаөзен қаласы болып аталып келеді. Сол кездегі шағын қала қазіргі таңда 150 мыңнан астам халқы бар, қанатын жайып, өсіп-өркендеген қалаға айналды. Қаланың аумағы 51,5 мың гектар. Оның ішінде іргелес 4 ауылдық округ бар. Қаламызда заманауи құрылыс нысандары бой көтеріп, балабақша, мектептермен толық қамтылған. Табиғи өсім жоғары, медициналық қызмет қолжетімді. Орта, шағын бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкерлік саласын кеңінен көрсетіледі. «Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етіп, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!» деп Президентіміз айтқандай, елге адал қызмет ету біздің парызымыз, – деп әкім қала тарихынан, тыныс-тіршілігінен әңгімесін түйіндеді.
Қалай болғанда да жақсы әкім ауыл, аудан, қала, облысқа құт-береке әкеледі. Әкім Жансейіт Қайранбаевты екі-үш күнде бағамдағанымызда көкірек сарайы рухани байлыққа толы, білікті, білімді, парасатты азамат ретінде таныдық. Қандай тақырып аясында да айтары бар. Оның алдағы уақытта биік асуларды алатынына сендік. Ылайым солай болғай!

Газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы өз кезегінде соңғы үш-төрт жыл белеңінде бірлескен «Ауыл» экспедициясы алдына қойған негізгі мақсаттарын орындай отырып, сондай-ақ ұлттық құндылықтарға да ден қойғанын жеткізді. Облыстарда сапарда болғанда онлайн конференциялар өткізіп, қоғамның, әсіресе жасөспірімдердің қатігезденіп бара жатқанын, оларға қазір тосқауыл қоймаса ертең кеш болатынына тоқталды. Сонымен бірге Жаңаөзен қаласында болып жатқан жақсы, игі істерді газетте жарқыратып көрсетуді насихаттауды мақсат етіп отырғандықтарын айтты. Шынында да бағдарламада бірнеше кездесу жоспарланыпты. Уақыт өте тығыз. Біз сол кездесулерге асықтық.
Ұрпағымызды жоғалтқанымыз – ұлт болашағын жоғалтқанымыз
Алғашқы кездесуіміз қаладағы білім беру ұйымдарының басшыларымен Абай атындағы №19 мектепте өтті. Кездесуде тебіреніспен сөйлеген Сәуле Мешітбайқызының сөзін көпшілік қауым жылы қабылдады. Сәуле тәтейіміз тағы да негізінен ұлттық құндылықтарымызды тереңнен қозғай отырып, әсіресе ер-азаматтарымыздың отбасында рөлі төмендеп кеткенін ашына айтты. Телефонға байланған, әлеуметтік желімен тәрбиеленген ұрпақтың азғындап бара жатқанын да әңгімесіне тиек еткен баяндамашының нақты келтірген дәйектері, шынын айту керек, көрерменнің шынайы ынтасын аударды. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың, тіпті қыздарымыздың қанды төбелестері кімнің болса да жүректерін ауыртатынын толғана жеткізді. Қоғамда енжарлық, немқұрайлық елде етек алғанын, болып жатқан қасіретті оқиғаларға мемлекеттік тараптан жете ден қоймай отырғанын баса айтты. «Сана уланып жатыр. Ұрпағымыздың жан дүниесін тазартуымыз керек. Отбасылық тәрбиені жөндемей осындай көңілсіз оқиғалар жалғасқаны жалғасқан. «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, заң мен тәртіпті бір жүйеге түсірмесе, осы жасап жатқан тірліктеріміз босқа кете ме деп ойлаймын», – деді Сәуле Мешітбайқызы сөзін түйіндеп.

Пікірлерін қызу ортаға салған көрермендер негізінен баяндамашының айтқандарын қолдап отырды. Мәселен, Дүйсенбек деген азамат балаларды тәрбиелеу еңбекке баулудан басталады дейді. «Оқушы кезімізде үйде де, түзде де еңбек ете жүріп шынықтық. Мектепте еден жуып, тазалыққа өзіміз жауап бердік. Сәуле апайымыздың ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау арқылы ұрпақты тәрбиелеу керек дегеніне қосыламын. Қазір біз балаларды жұмсай алмаймыз. Себебі олардың құқықтарын таптайды екенбіз. Бұл дұрыс емес. Балаларымызды сан түрлі тәжірибе сүзгісінен өткізу олардың психологиясына әсер етеді» деп өз ойын ол ортаға салды.
Сәуле Мешітбайқызы:
– Иә, дұрыс айтасың. Балалар тәжірибе сүзгісіне сала беретін қоян емес. Мысалға осы кезге дейін 19 білім министрі ауысыпты. Әр министр өзінің жобаларымен, реформасымен келді. Содан кейін Еуропаға еліктейтіндер, орысша тәрбие көргендер, «Болашақтағылар» өз тәжірибелерін кіргізеді. Қысқасы, бала да, мұғалім де милары ашып, қайсысына бұрыларын білмей дал болады.
Баяндамашының сөзін құптай келіп сөйлегендер көптеген көкейтесті мәселелерді қозғады. Мысалға, әкелер, әжелер клубтары құрылған. Бірақ олардың ұрпақ тәрбиесіне ықпалы бар ма? Бөбекжайлардағы стандартты өзгерте беру зиян ба, пайда ма? Тіл дамыту, сөйлеуге үйрету мәселесі неге кенжелеп тұр? Нұсқаулықтар неге өзгере береді? Дене тәрбиесін қаншалықты дұрыс жүргізіп жатырмыз? Қорытындысында жүйені өзгерту керек болар деді.
Сәуле Мешітбайқызы:
– Жекеменшік мектептер проблемасы қазір жабық күйінде қалып отыр. Әрине, бұл мектептердің жақсы жақтары да бар болар. Бірақ олардағы оқу процесі, бағдарламасы қандай? Міне, тиісті орындар осы жағын қадағалауы керек. Сіздер мектептен тыс балаларын ақша төлеп оқытуы дұрыс деп санайсыздар ма?
Айтолқын Төленова:
– Сәуле апай, сіздің әрбір сөзіңіз жүрегімізге жетті. Мен сіз айтқан жекеменшік мектепке ауыстым. Мемлекеттік мектептерден біраз айырмашылығы бар. Жаңа телефон, әлеуметтік желілердің балаларға зияны туралы айтылды. Телефон мектепке кірмеуі тиіс. Себебі біз емес, телефон тәрбиелеп жатыр. Тағы бір байқағаным, 9-10 сыныптағылар дұрыс сөйлей алмайды. Олардың көбісі өздерінің аты-жөндерін дұрыс жаза алмайды.
Жаңабай Айтмағамбетов, қала әкімінің орынбасары:
– Бұрын әрқилы үйірмелер болатын. Қосымша сабақтар жүргізілетін. Мұның пайдасы көп. Мұғалім үлгерімі төмен оқушыларды осы қосымша сабақтарында оқытатын еді. Дұрыс айтасыздар, смартфон, телефонды сыныпқа кіргізбеу керек. Кейбір ата-аналардың балаларын ақша төлеп оқытады. Сонда мұғалімдердің еңбегі зая кеткені ме? Жалпы, бүгін Сәуле апайымыз көп көкейтесті мәселелерді қозғады. Меніңше, осында қатысып отырған ұстаздар рух алып, мұнда айтылғандарды ұйымдарына жеткізеді деп ойлаймын.

«Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың»
№5 гимназия – облыстағы үздік мектептердің бірі. Облыс бойынша жүлделі үшінші орынды иемденген. Оқу орны – республикадағы үздік 100 мектептің бірі. Олардың оқушылары жыл сайын Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадада бас жүлдені жеңіп алып жүр. Мұнда келуіміздің тағы бір себебі – Әбіштану және Адай Сабыр кабинеті бар. Алдымен Әбіштану кабинетінде болдық. Бір жағынан, бұл кабинет жазушының мұражайы ретінде қызмет атқарады. Осы кабинетте тек бұл мектептің ғана емес, бүкіл республиканың оқушылары, мұғалімдері арасында олимпиадалар болады. Кабинет меңгерушісі Роза Жайғанбаева бір топ оқушыларды жинап қойыпты. Шетінен Әбіш Кекілбаевтің шығармаларынан үзінді оқып, бізді риза етті. Басшымыз Сәуле Мешітбайқызы жазуға бейімі бар оқушыны «Мөлдір бұлақтың» тілшісі ретінде қабылдады. Бір сүйсінген жағдай – бұл кабинеттің жабдықталуына демеуші болған Әбіш көкеміздің ұлы Әділет екен. Кабинеттің төр қабырғасына алтын әріптермен «Жүрекке берілген білім ғана балаға қонады» деп Кекілбаевтің сөзін жазып қойыпты.
«Тегін білген қазақтың бәрі туыс», «Әр қазақ – менің бауырым!», «Қазақстан – жалғыз ұлы қазақтың» деген қанатты сөздердің иегері Сабыр Адай кабинетінде де оқушылар ақынның өлеңін жатқа оқып, бір серпілтіп тастады. Ұлттық құндылықтарымызды жандандыратын осындай рухани ұялар көп болса екен деген ойдың жетегінде кеттік.
Алматы мен Жаңаөзен қалаларына «Қаһарман қала» деген атақ беру керек.

Екінші кездесуімізге кілең өнеркәсіптің баһадүрлері келді. Атап айтсақ, «Өзенмұнайгаз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (директоры – Берік Сақиұлы), «Өзенинвест» МКК (директордың орынбасары – Мақсат Сарыбаев), «Таза Жаңаөзен» МКК (директоры – Бағдат Тұрлыбек), энергосервис МКК ұжымдары Сәуле Мешітбайқызы мен Ертай Айғалиұлының тебіреніске, толғанысқа толы сөздерін ұйып тыңдай отырып, оларға деген ризашылық сезімдерін жасырған жоқ.
Сәуле Мешітбайқызы:
– Жаңаөзен қаласының сыртқы да, ішкі келбеті де өзгерген. Әдемі-әдемі үйлер салынған. Адамдарының жағдайлары жақсы. Тұрмыстары түзелген. Көшелері тап-таза. Су мәселесі де шешіліпті. Туризм де дамыған. Халқының саны 150 мыңнан асқан ірі қалаға айналған. Республикамызда бұл жөнінен моноқалалардың ішінен Жаңаөзеннен ірісі жоқ. Рас, халық көбейген соң, жұмыссыздық көбейеді. Дегенмен «Өзенмұнайгаз» ірі алып өндіріс орнынан бастап, үлкенді-кішілі өнеркәсіп ұжымдары қалыптасып, пайда болыпты. Алайда сыртқа Жаңаөзен жайлы жағымсыз жақтарын көп айта бермей, жақсы оқиғаларын, істерін біз, журналистер қауымы, бүкіл республикаға танымал етуіміз қажет. Біздің мұнда сапарлап келгеніміздің басты бір мақсаты да осы.
Ертай Айғалиұлы:
– Сәуле тәтейіміздің марапаттары өте көп. Соның ішіндегі соқталысы – ол кісі Жамбыл облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Бірақ бұлардың бәрінен жоғары тұратын атағы – халқы қойған ЕлАна аты. Бүгінгі кездесулерімізде өздеріңіз байқаған шығарсыздар, ЕлАна елдің болашағына, ұрпақ тәрбиесіне алаңдайды. Ащы да, қатты айтып жатыр. Жаңаөзен қаласының жақсысын, оның толағай істерін қалың елге жеткізуіміз керек дейді ол кісі. Дұрыс! Мәселен, Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары Қызыл империяның шаңырағын шайқалтса, 1989 жылы болған Жаңаөзен көтерілісінің қайсар батырлары Тәуелсіздігімізге тікелей жол ашты. Жаңаөзен – рухты қала. Мінезсіз адамды әркім мазақ етеді, қорлайды. Мінезділерден кім болса да тайсақтайды. Меніңше, Желтоқсан көтерілісінің, Тәуелсіздігіміздің бесігі болған Алматы мен кеудесін оққа төсеп, басын имеген, сөйтіп өз туған қаласында әділдік орнатқан, қазақтың өнеркәсіпті өркендеткен, мұнай өңдеуді дүниежүзілік дәрежеге көтерген Жаңаөзен қалаларына, меніңше, қаһарман қала деген атақ беруі тиіс!
Бір күнде төрт кездесу. Үшінші кездесуіміз жұмысшылармен, ардагерлермен, студент жастармен өтті. Ақсақалдармен де жылы жүздесу болды. Қай кездесуде болсын Сәуле Мешітбайқызының, ЕлАнасының толғамдары, елдің болашағына алаңдап айтқан уәждеріне, сезімге толы сөздеріне үн қосып, ризашылығын білдіріп отырды. Әсіресе жас отбасылардың мәселесі кеңінен қаузалды. Жаңадан шаңырақ көтерген үш отбасының біреуі ажырасады екен. Неге? Отбасыларда береке болмаса, Отанымыздың жағдайы не күйге ұшырайды? Бәрі де отбасыдағы тәрбиеден басталатынын сөйлеген шешендер баса айтты. Баланың маңдайынан шертсең, оның құқығы бұзылады екен. Еуропадан келген тәлім-тәрбиеге көшпекшіміз. Арты қайда апарады? Бұрынғы бағзы заманнан келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз неге адыра қалды? «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген қанатты сөзде мән қалмағаны ма сонда? Әр жердің аласы мен қарасы болады. Қыздарымыздың дарақыланып, өзге ұлтқа тұрмысқа шығуы неге жиіленіп кетті? Әскердегі Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіттеріміз бір-бірін өлтіруі, жарақаттауы, қатігездігі неге ушықты?
Жалпы, бүкпесіз, еркін форматта айтылған қонақтарымыздың өрбіткен әңгімелері жиналғандарға зор ой салғанын, әсер еткенін қала басшысы Жансейіт Қайранбаев өзінің түйінді сөзінде айтып, ЕлАнасына рақметін жеткізді. Ақсақалдар тіліміздің жағдайына да алаңдайтындарын жеткізді. Жиналғандар тілектерін де ортаға салды. Медиация орталығы ашылса дейді. Жас отбасыларға баспана берілсе дейді. Отбасылардың ажырасуы жұмыссыздықтың белең алуынан деді. Рухани орталықтар көп ашылса дейді. Көпбалалы аналарға жәрдемақыны көбейтіп, қамқорлықты күшейтсе. Ең бастысы – осындай ашық әңгімелер айтылатын кездесулер көп болса екен деді көрермендер тілектерін айта отырып. «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналына жазыламыз деп шынайы түрде уәде берісті көпшілік. Біз де көпшілікке алтын уақыттарын бөліп келгендеріне алғысымызды білдірдік.

Геолог, емші, молда, ағартушы Оразмағанбет бабамызға арналған кеш
Біздің бүгінгі кездесуіміздің соңы қаланың мәдениет үйінде жалғасты. Кеште «Оразмағанбет» тарихи драмасының қойылымы болады екен. Алдымен, Оразмағанбет кім, осыған тоқталайық.
Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1882 жылы Маңғыстаудың Қызылсу деген жерінде дүниеге келген. Оразмағанбет – сол кездегі қазақтардан шыққан кен саласындағы алғашқы ғалым. Қазақ балаларының сауаттануына еңбек етіп, Қызылсу ауылында мектеп-медресе салдырған.
Қазақтың белгілі зиялылары Б.Қаратаев, А.Байтұрсыновпен тікелей байланыста болған. Ресей ғалымдары М.В.Баярунас, И.Н.Лупповпен бірге Маңғыстауда, Қарабұғаз аймағында басталған геологиялық зерттеу жұмыстарына да қатысқан. Сондай-ақ Уфа мұнай базасында, Небит-Даг мұнай кәсіпшілігінде, Красноводск портында шетелдік мамандармен бірлесе қызметтер атқарады. Орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген ғалым туған жерінің қазба байлығының игілігін елі көрсе екен деп армандаған. Бірақ аумалы-төкпелі заманда қудалауға түсіп, туған жерден амалсыз айырылып, Иранды паналайды. Соңында сол жерден ұсталып, Түрікменстанда 1939 жылы ату жазасына кесіледі. Кей деректерде «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1942 жылы 30 қазанда, 61 жасында қайтыс болды» делінген. Оразмағанбеттің Мұхаммед, Шарғи, Панар, Жазила, Қазина деген балалары болған, олардан тараған ұрпақтар қазіргі таңда Иранда тұрады. Ал бабамыз жайлы қойылымның мазмұны қалай?
Қойылым Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының түрмедегі күндерінен басталады. Карцерден аман шығып, ол аз өмір жолын қағазға түсіре отырып еске алады. Бала күнінде Бұхарада Құранды жаттап (хафиз) шығады да, кейін Андрусув атты орыс геологының ықпалымен Бомбейде инженер-геолог мамандығын оқиды. Елге оралған соң мектеп ашып, балаларды дін мен заманауи ғылымды қатар үйретеді, жұртты тіл үйреніп, білімге ұмтылуға шақырады. Азамат соғысы мен Кеңес өкіметі орнаған тұста молдаларға жасалған қудалауда әкесі Тұрмағанбет намаз үстінде шейіт болады. Әлихан Бөкейханмен жүздескен Оразмағанбет геология экспедицияларына көмектесудің елге де, өз басына да қауіп-қатері барын түсінеді.
Сценарийдің авторы – Жәнібек Әлкен, идеясын беруші – Нартай Сауданбекұлы. Қоюшы режиссер – Ләззат Ерубаева. Спектакльді көруге келгендер Мәдениет үйінің залын лық толтырды. 100-ге жуық адам қойылымды қоюға атсалысыпты. Спектакльді көрермендер өте жылы қабылдады. Кейбір эпизодтарда көрермендер жылап та алды. Жалпы, қаланың көркемөнерпаздары, кәнігі әртістері сияқты сәтті өнер көрсетті.

Сүттен сан түрлі өнім шығаратын ұжым
Жұма күні сағат тоғызда «Жаңаөзен сүт» ЖШС-ына келдік. ЖШС-ының директоры Баймамбет Молданадиров орта жастағы азамат екен. Ақкөңіл, ақжарқын жан екендігі бізді күліп қарсы алып, елбектеп жүргенінен байқалады. Цехтардағы жұмыс істеп жатқандардың бұрылуға шамалары жоқ. Еңбек көрігін қыздырып жатыр. Алдымен ұжым басшысына сөз бердік.

– «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС өз қызметін Сүт-ет өнеркәсібі министрлігінің 1976 жылы құрылған Жаңаөзен қалалық сүт зауыты базасында 2002 жылдың қыркүйегінде бастады. 2001 жылы зауыт жеке меншікке өтіп, «Жаңаөзен сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып құрылды. Зауытты қайта іске қосу мақсатында, «Тұрын әлем банкі» ААҚ арқылы облыстық әкімдік ұсынған несиелік қор есебінен 7,5 млн теңге және құрылтайшының өз қаржысынан 18 млн теңге сомасында инвестиция салынған болатын. Бұл қаражат есебінен зауыттың технологиялық цехтары жаңғыртылып, Ресей Федерациясында өндірілген заманауи құрал-жабдықтар мен тоңазытқыш техника сатып алынды. Сондай-ақ өндірістік және әкімшілік ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Зауыт сүт өнімінің 18 түрін шығарады: сүт, айран, қаймақ, сүзбе, йогурт, шалап және ұлттық өнімдер – түйенің сүтінен шұбат, құрт, балқаймақ, ірімшік өнімдерін өндіреді. Зауытта 104-ке жуық қызметкер жұмыс жасайды. Маңғыстау облысына қарасты Шетпе, Шебір, Қызан, Жармыш аудандарындағы жеке шаруа қожалықтарынан түйе сүтін қабылдаймыз. 2023 жылы «Даму» қорының қолдауымен «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша 150 млн тг жеңілдетілген 6%-бен қаражат алынып, өндіріске жаңадан құрал-жабдықтар, сүт өнімдерін тасымалдайтын рефрижераторлы көліктер сатып алынды. Өнімдеріміз негізгі келісімшартпен «Өзенмұнайгаз» АҚ саласына қарасты «KMG EP-Catering» ЖШС, «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ саласына қарасты ЖШС «Caspian food», Қаражамбасмұнайгаз сияқты ірі мұнай мекемелерімен және қаламыздағы мектеп, бала-бақшаларды, дүкендерді сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Тәулігіне 15 тонна сүт өнімдерін өндіреміз.
Өндірілетін өнімдеріміздің барлығы сертификатталған, сонымен қатар ҚР СТ ISO 9001-2016 «Сапа менеджменті жүйелері» талаптарына және ҚР СТ ИСО 22000-2006 «Тамақ өнімдері қауіпсіздігінің менеджмент жүйелері. Тамақ өнімдерін өндіру және тұтыну саласындағы барлық ұйымдағы қойылатын талаптар» жүйелері бойынша енгізілген. 2024 жылдың қараша айында «Халал даму» сертификаты алынды. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорының «Жергілікті ұлттық өнім өндіруші» тізіміне жыл сайын тіркеліп отырмыз.

Кәсіпорын жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейдегі көрмелер мен іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Сонымен қатар, қайырымдылық шараларына да атсалысып, сүт өнімдері мен қаржылай көмек көрсетуде. Мені Жаңаөзен қаласының әлеуметтік, экономикалық дамуына өз үлесін қосып, еңбектері үшін облыстық және қалалық әкімшіліктің Алғыс хаттарымен марапатталған.
2023 жылы Астана қаласында өткен республикалық көрме-конкурс барысында кәсіпорын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша марапатталды. Алдағы уақытта «Түйе сүтінен құрғақ сүт өндіру» жобасын іске асыру жоспарлануда.
Біз зауыт өнімдерінен дәм таттық. Тіл үйіреді. Зауыт балаларға арнап мектептерге өнімдерін өткізуде, одан сайын өркендете береді екен. Болашақта өнімдерін республика көлемінде таратпақшы. Сәттілік тіледік.

«Келешек» мектебінде оқушыларға барлық жағдай жасалған
«Аманат» партиясының маманы Айсұлу Исаева мен «Жаңаөзен» қалалық газетінің бас редакторы Гүлназ Бөлекбаева бізді №25 «Келешек» мектебіне алып келді. Жап-жаңа мектеп Рахат ауылында орналасқан. Ашылуы 15 желтоқсанда екен. Салтанатты түрде ашылғаны жөнінде Гүлназ қарындасым сүйінші сұрап үлгерді. Мектеп директоры Майжан Әсетқызгенқызы бізді қуана қарсы алды. Себебі біз жаңа мектепке келген ең алғашқы ресми қонақтар екенбіз. Майжанның осы білім саласында жұмыс істегеніне 20 жыл болса, оның 12 жылын мектепте өткізген ҚР Білім саласының үздік педагогы. Жас математиктерге арналған кабинетті 1 млн теңгеге ашыпты. Жалпы соңғы кездері мемлекетіміздің тікелей қамқорлығымен «Жайлы», «Келешек» сияқты тамаша заманауи мектептер көп ашылып жатыр. Бұл мектепте барлық жағдай жасалған. Біз барғанда мектеп ұжымы жұмыс бастауға сақадай сай екен. 1200 оқушы тізімделген. Иә, біз жабдықталған, жасақталған кабинеттерді аралағанда таңғалдық. Түсімізде көрмеген заманауи жабдықтарды көріп, «Балаларымыз бақытты екен!» деген ұйғарымға келіп, қатты қуандық. Енді оларға тек оқу керек. Роботтар дейсің бе, бәрі бар. Болашақ ғұламалар олардың арасынан шығатынына кәміл сендік. Мұғалімдер де өз ісінің мамандары екендігіне көзіміз жетті. Жасанды интеллектіні жүзеге асырумен бірге ұлттық құндылықтарды да сабақтастыра оқытуға пейілді.

Майжан және оның ұжымының алға қойған мақсаттары мен армандары көп. Олармен кітапханада өткен кездесуде, кабинеттерді аралағанда естіп сүйсініп, дастарқан басында Құран оқып, ақ батамызды бердік. Бір тамаша идея – мектепте газет ашпақшы. Аудио-қуыршақ театры да мұнда дүниеге келіп жатса, таңғалмаңыз! Екі бірдей спорт залында спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған. Түрлі үйірмелер ашылмақшы. Міне, біз осындай келешектің мектебінде болдық. Ұрпақ дайындаудағы ұлы жоспарлары, жобалары сәтті жүзеге ассын деп жолға аттанып кеттік.

Иә, Жаңаөзен жаңаша өркендеп, жаңаша өрлеу үстінде. Түс ауа «Өзенэнергомұнай» ұжымымен кездесуімізде де осыны бағамдадық. Жастардың жүздері жарқын. Болашаққа сеніммен қарайды. Намысты да рухты қала Жаңаөзеннің тұрғындары шынында да ерекше халық. Себебі мұнда ұлттық құндылықтарымен тыныстаған, тіршілігін, өмірін осымен байытқан тамаша жандар еңбек көрігін қыздырып жатыр. Болашағың жарқын да шапағатты болсын, қаһарман қала Жаңаөзен!














