Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мектеп инфрақұрылымын жаңғырту және балалардың мектептерде білім алуына қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларын орындай отырып, бүгін 20 желтоқсан күні қаламызда 1200 орындық мектеп ашылды. Бұл Тараз қаласы білім бөлімінің №64 орта мектебі болмақ .
Мектеп ғимаратының ашылу салтанатына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәдібек Қанатбек Қайшыбекұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Өмірбек Мейірхан Азатұлы, Тараз қаласы әкімі Орынбеков Бақытжан Әмірбекұлы, Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Қожамжарова Раушан Пернешқызы, «Агроспецтрой» ЖШС-нің директоры, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Мәдібек Қанатбек Қайшыбекұлы «Ұлы дала» ықшам ауданының тұрғындарын жаңа білім ордасының ашылуымен құттықтап, мектеп оқушыларына панель сыйға тартты. Білім саласының үздігі, зейнеткер Бекеев Ережепбай Тұрысбекұлы мен еңбек ардагері Қалдарбеков Шарафи атамыз ақ батасын беріп, салтанатты түрде білім ошағының лентасы қиылды.
Салтанатты шарада, дәстүр бойынша, жаңа оқу ғимаратының іргетасын қалаған мердігер компанияның Бас директоры Рахымбердиев Марат Сапарұлы мектеп кілтін ізгі сеніммен мектеп директорының міндетін атқарушы Қойлыбаева Эльмира Серікқызына тапсырды.
Жиналған көпшілік мектепті аралап көрді. Үш қабатты білім ордасының іші заманға сай жабдықталған. Оқушылардың толыққанды және үйлесімді дамуы, педагогтердің жемісті еңбегі үшін барлық жағдайлар жасалған.