Мұнан төрт жыл бұрын Қызылорда облысының әкімі қызметіне тәжірибесі толысқан, өмірде шынығып, шыңдалған мемлекеттік қызметте сатылап өскен, аймақ азаматы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев тағайындалған болатын. Оған Сыр бойының тыныс-тіршілігі әбден таныс, түйткілді мәселелері белгілі. Әкімдік қызметіне кірісе сала өз жұмысын облыстың елді мекендерін түгел дерлік аралап, ауыл тұрғындарымен кездесуден бастады. Елдегі ағайындардың мұң-мұқтажы, өтініш-тілегі, толғандырған проблемалары аз емес. Нұрлыбек Машбекұлы кездесулерде барлық өтініштерді мұқият тыңдап, қанға сіңген қасиеті бойынша кейбіреулерін дереу шешсе, күрделілерін бірге еріп жүрген басқарма басшылары мен жауапты кісілерге тапсырды. Биылғы жыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Алматы қаласында «Сұлу Сырдан – Ару Алматыға» деген атпен Қызылорда облысының «Өнер күндері» өтті. Облыс бюджеті екі жыл бұрын 364 млрд теңге болса, қазіргі таңда 744 млрд теңгеден асуына қол жетті. Міне, істің қыры мен сырын жетік білетін басшы, көп ізденіс пен іскерлік нәтижесінде аймақтың даму динамикасы өсіп-өркендеп келеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Сыр елі бұл күндері мемлекеттік бағдарламаларды дер кезінде сапалы орындап, жаңарып, жасару үстінде. Бұл бет жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, аймақтардың алдыңғы сапынан көріне білген Қызылорда облысының тыныс-тіршілігіне арналады.