1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Жаңатас қаласында жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды.
«ADAL» атты үлкен сауда орнының салтанатты ашылу рәсіміне Сарысу ауданы әкімі Марат Сұлтанғалиев бастаған аталмыш салаға жауапы мамандар мен қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері және қала тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған аудан басшысы кәсіп иелеріне қашан да қарапайым халыққа қарайласып, әлеуметтік маңызы бар тауарларды бекітілген бағадан артық саудаламауды тапсырды. Сондай-ақ, «ADAL» атын арқалаған супермакерттің сөрелері көптің сұранысындағы тауарлармен әрдайым толығып, өз тұтынушыларының алғысына бөлене беруін тіледі.
Жалпы аумағы мың шаршы метрден асып жығылатын жаңа сауда нүктесінде азық-түлік, жеміс-жидек, көкеніспен қатар, тұрмысқа қажетті тауарлардың түр-түрін таба аласыз. Дүкен иесі Жайшыбеков Сәбит Ілесұлының айтуынша, бүгінгі таңда 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың айлық жалақысы 90 – 120 мың теңге аралығында.
Айта кетейік, моно қалада дәл осындай үлкенді-кішілі 526 кәсіпкерлік нысан бар.