Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жастар алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді.
Сарысуда білім мен өнерді ұштастырған шәкірттер жетерлік. Баланың бойындағы талантын ұштап, одан әрі жандандыруда ұстаздардың да еңбегі ерекше. Біздің сіздерге таныстырғалы отырған өнерлі өрендер елдің ертеңі, кемел келешегі боларына сенім мол.
«Бала тілі – бал», «Өнерлі бала өрге жүзер», «Адам болатын бала алысқа қарайды»… Айта берсек, бала туралы мақал-мәтелдер өте көп.
Ата-бабамыз бұндай сөздерді бекер айтпағандығын да байқап жатамыз. Бала дарынды, өнерлі, талантты және жан-жақты болса, оған да таңқалмасқа болмас.
Осындай жас таланттардың бірі – Жаңатас қаласының кішкентай ғана тұрғыны, М.Әуезов атындағы мектеп-гиманзиясының 1 сынып оқушысы, «Балалар шығармашылық орталығы» «Би әлемі» үйірмесінде талантын шыңдап жүрген Жанель Берік бүгінгі әңгімеміздің арқауы болмақ.
Бұл қыз сырт көзге сондай нәзік әрі кішкентай. Жасы небәрі алтыда. Тілі шыға бастағаннан Жанель өнерге құмар болыпты.
Естіген әнін бірден жаттап алады, көргеніне қызығушылық танытып, білмегенін сұрап алатын әдеті тағы бар.
Анасы Ақмарал мектепте оқитын ағасы Нұрдиханның үйге берілген тапсырманы орындатып, өлеңдерді оқытып жатқан кезінде Жанель де бірге жаттап алады екен.
Осылайша, кішкентайынан өнерге, білімге құмар бүлдіршіннің ата әжелері, ата анасы оның болашағыннан үлкен үміт күтеді.
Жанель өзімен бірге оқитын балалардың арасында да қағылгез, ашық мінезімен ерекшеленеді екен.
Би жетекшісі Ақбота Елшібаева өнерлі бүлдіршінмен мақтанатынын айтады.
Балаға көбірек көңіл бөліп, бойындағы дарынды одан әрі дамытуды көздеген анасы Ақмарал би үйірмесіне апарып, қатыстырып жүр екен.
Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршініміз сабағын да жақсы меңгере бастапты.
Иә, бұл балақайымыз осындай қабілеттерімен көзге түспей қоймасы айдан анық. Адамдармен тез тіл табысады, ақкөңіл, өзі қазақилыққа құмар екен. Ойын еркін жеткізе біледі.
Мұның тағы бір дәлелі жақында ғана өткен «Көктем аруы» сайысында бас жүлдені қанжығасына байлаған Жанельдің жетістікке жетуіне би жетекшісінің үлесі орасан зор дейді ата анасы алғысын жеткізіп.
Сайысқа қатысып, барлық бөлімінен сәтті өзін көрсете білген Жанелдің ерекше арманы да бар.
Ол өскенде дәрігер болып, кішкентай балаларды түрлі аурулардан емдеп жазғысы келеді. Ендеше, арманың орындалсын дейміз!
Жанелге тек сәттілік тілейміз! Шырағың сөнбесін, өнерлі балақай!