Атырауда Ғылым күні қарсаңында жас өнертапқыштар арасында «Инновациялық идеялар» байқауы екінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Финалға іріктелген 45 жоба ішінен төрт бағыт бойынша үздіктер анықталды.
«Экология. Денсаулық» бағыты бойынша НЗМ-нің 11-сынып оқушысы Досжан Рамина «JasylZhol» экологиялық мобильді платформасымен 1-орын иеленді. Жоба заңсыз қоқыс тастау мәселесін жасанды интеллект көмегімен шешуге бағытталған: жүйе қоқыс түрін анықтап, оны сұрыптау бойынша ақпарат беріп, ластану орнын картада белгілейді.
«Әлеуметтік жобалар. Өнертабыс» бағыты бойынша «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Имаш Амангелдин зағип жандарға арналған «SmartSight Cap» құрылғысымен жеңімпаз атанды. Arduino платформасына негізделген құрылғы ультрадыбыстық сенсор арқылы кедергілерді анықтап, дыбыстық сигнал арқылы пайдаланушыны ескертеді.
Ал «Инновациялық стартап» бағыты бойынша «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Айша Мерекеқызы мен Бибінұр Ғабдыжан «Angel Band» жобасымен 1-орын иеленді. Жоба нәрестелер арасындағы кенеттен болатын өлім синдромының алдын алуға арналған. Smart білезік арқылы баланың өмірлік көрсеткіштері бақыланып, қауіп анықталған жағдайда жүйе дәрігерлерге автоматты түрде хабарлайды.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге. Бұл өнертапқыштардың жобаларын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.














