Ел тағдырымен, өмірімен тамырласқан отставкадағы әскери ұйымдар, запастағы қарт сарбаздар көп. Екінші дүниежүзілік соғыстың сарбаздары саусақпен санарлықтай қалды. Ол қаһармандар өздеріне тиесілі парыздарын да, міндеттерін де асыра орындады. Екінші бір толқын – Ауған соғысына қатысқандар. Алпыстың о жақ бұ жағындағы ақсақалдық жасқа келгендер. Бұлар да шет жерде болса да соғысты, жанын берді, қанын төкті. Екі соғыс та Кеңес өкіметінің еншісінде. Дегенмен тәуелсіз ел болып, одан ірге ажыратсақ та, осы екі соғыстың ардагерлерін құрмет тұттық, патриоттық, отаншылдық тәрбиеде олардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі еттік. Әрине, мектептерде, оқу орындарында кездесулер, жүздесулер жалғасты. Мұндай шараларды дұрыс деп санаймыз. Кейінгі ұрпаққа ол кездесулердің берер рухани көмегі, тәрбиесі ұшан-теңіз. Тек бір жаман жері екі соғыс та орыс империясын мадақтап, жат жердің күш-қуатын насихаттайды. Енді ұрпағымызды тәлім-тәрбие, патриоттық сезімге тәрбие берудің тағы бір көздері пайда болды. Мысалға Тәжікстандағы еріктілердің ерлікке толы шайқастары. Тағы да басқа кеуделері орден, медальдарға толы Отанды қорғаушы сарбаздардың топтары бар. Тәжікстандағы соғысқа сарбаздар жайлы жақсы фильмдер түсірілді. Әсерлі де отаншылдық пафоста түсірілген бұл фильмдер теледидарда көрсетіліп жүр. Біздіңше, бұл аз. Оларды әскери бөлімдерде арнайы көрсетіп, арамызда жүрген тірі қаһармандармен кездесулер жасаса, ол өте әсерлі болып, сарбаздарымызды отаншылдық сезімге баулыр едік. Осы жағы кемшін жатыр. Тағы бір мектептерде, жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде кездесулер жасап, белсенді жұмыс істеп жүрген қарт сарбаздар тобы барын біреу біліп, біреу білмейді. Олардың аттары мынадай: Айрықша тәуекелді ардагерлер мен мүгедектер қоғамдық ұйымы. Осылардың ішінен Жамбыл облыстық Қазақстан ардагерлерінің саяси бөлімінің басшысы, Айрықша тәуекелді ардагерлер мен мүгедектер ұйымы төрағасының орынбасары Қуантаев Сейітханды біз де, өңірдегі жұртшылық та жақсы біледі. Бұл азамат үнемі белсенді түрде жұмыс істейді. Халықпен, оның ішінде әскери бөлімдерде, мектептерде, жоғары оқу орындарында жиі болып, кездесулер жасайды. Ең бастысы ол кездесулерді тонның ішкі бауындай әсерлі өткізеді. Мәселен мектептерге барғанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарды да ертіп барады. Сейітхан сонымен бірге адамдарға қолынан келгенше көмегін беріп жатады. Өткен аптада осы қоғамда ерекше қуанышты оқиға болды. Қаһарман қолбасшы, Совет одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған төсбелгі аймақтық бірлестіктің төрағасы Псибаев Нұрболдан бастап 5 ардагерге берілді. Иә, бұл қарт сарбаздар, жоғарыда айтқанымыздай, жас сарбаздарға, балаларға патриоттық тәрбие беруде зор жұмыстар атқарып жүр. Біздіңше, бұл лайықты марапат. Құтты болсын!