Оралда тоғызқұмалақтан жастар мен юниорлар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
26 наурызда басталған ел чемпионатына еліміздің үш қаласы мен 17 облысынан 400-ден астам спортшы қатысуға ниет білдірген. Чемпионаттың басты мақсаты – тоғызқұмалақ ойынын насихаттап, оны дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл жарыс жас спортшыларды біріктіріп, олардың шеберлік деңгейін арттыруға, болашақ чемпиондарды анықтауға жол ашады.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында сөз ағлан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар жарыстың жоғары деңгейде өтуіне барынша жағдай жасауға дайын екендерін атап өтті. Бұл спорт түрінен жарысты ұйымдастыруға және төрелік етуге тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, ҚР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов; ҚР тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Шотаев; БҚО тоғызқұмалақ федерациясының президенті Мұхтар Манкеев және ұлттық дәрежедегі төреші Хакімжан Елеусінов мұрындық болды.
Ақыл-ойды сарапқа салатын ойынға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облысының командалары қатысып, бақтарын сынауда. Жарыс нәтижелері мен жеңімпаздары болашақта еліміздің атын шығаратын мықты спортшыларды дайындауға өз үлесін қосады деген сенім мол. Чемпионат алдағы сәуір айының 3-не дейін жалғасады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы