2026 жылғы 8–9 сәуірде Алматы қаласында «Қазақстанның жыныстық және репродуктивтік денсаулық қауымдастығы (ҚМПА)» қоғамдық бірлестігі «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығы» атты V мерейтойлық халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Іс-шара ҚМПА қызметінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Қауымдастықтың миссиясы – медицина қызметкерлері, педагогтар және жастар арасындағы пәнаралық өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастардың жауапты мінез-құлқын қалыптастыру және олардың репродуктивтік денсаулығын қорғау.
Конференцияның өзектілігі Қазақстандағы 2025 жылға арналған ЮНФПА зерттеуінің нәтижелерімен дәлелденеді: соңғы жылдары жасөспірім қыздар арасындағы босану мен жүктілікті үзу көрсеткіштері төмендегеніне қарамастан, 15–19 жас аралығындағы қыздардың шамамен 3%-ы жоспарланбаған жүктілікке тап болады. Жасөспірімдердің (15–19 жас) 60%-дан астамы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан және қалаусыз жүктіліктен қалай қорғану керектігін білмейді, ал тек 9%-ы ғана АИТВ-ның берілу жолдары туралы хабардар. Бұл деректер жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивтік денсаулық туралы білім деңгейін арттыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Білім басқармасының, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» КЕАҚ-тың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Қатысушылар қатарында акушер-гинекологтар, урологтар, жалпы практика дәрігерлері, оқытушылар мен психологтар бар.
Қатысушылар жас ұрпақтың репродуктивтік денсаулығын нығайту және жасөспірімдердің оған деген құндылықтық көзқарасын қалыптастыру мақсатында білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын талқылауды жоспарлап отыр.
Конференция аясында жастар секциясы қарастырылған. Онда ҚМПА-ның сертификатталған жас тренерлері өз құрдастарына арналған репродуктивтік денсаулық бойынша ақпараттық сессиялар өткізеді.Халықаралық конференция бағдарламасына презентациялар, тренингтер, дәрістер, жобалық көрмелер және кәсіби пікірталастар кіреді.













