Жастар арасындағы жұмыссыздық - ел экономикасына әсер етуші өткір мәселе. Жоғары оқу орнын бітірген жастардың көп бөлігінің бірден жұмысқа орналасып кетуі қиын. Қолында жоғары білімін растайтын дипломы болғанымен, тәжірибенің жоқтығы оларға үлкен кедергі келтіруде.
Осыған байланысты бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады. Түлектер алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыспен қамтуға - 12 айға дейінгі мерзімге жастар практикасын өтуге жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады.
Білім беру ұйымдарын алдыңғы 5 жыл ішінде бітірген және 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасына қатысушылар ретінде белгіленеді. Жастар практикасын өту үшін жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында еңбек мобильділігі орталықтары сонымен қатар, жұмыссыз жастарды «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз түлектерге, 35 жастан аспаған жастар, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады. Оқу орнының түлектері үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс орындары олар алған мамандық бойынша немесе соған ұқсас мамандықтар бойынша құрылады. Осы аталған бағдарламаларға қатысу үшін жұмыссыз жастар тұрғылықты мекен- жайы бойынша Мансаптық орталыққа тиісті құжаттар тапсыру қажет.
Қазіргі таңда елімізде жастарды қолдау оның ішінде жұмыспен, баспанамен қамту бойынша көптеген жобалар іске асырылуда. Тек осындай мүмкіндіктерді жіберіп алмай, жастарымыз жұмыспен қамту шараларына белсенділік танытса дейміз.