Жасындай жарқ еткен ғұмыр

Жасындай жарқ еткен ғұмыр

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада қазақтың көрнекті суретшісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Таэквондо (WT) федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевтің 70 жасқа толуына арналған еске алу кешінен кейінгі туған толғамды ой.

 

Қансейіт пен Бексейіт екі арлан бөрілер,

Бөрілердің тағдыры қия жолда өрілер.

Артта қалған қайқаңдар, кейде қатал көрінер,

Жаңа жауған ақ қардай, жарқырап  бір жалғанда, 

Кейінгіге өмірің аңыз болып көрінер.

 

Сайрамсу мен Қасқасу Алатаудан басталған,

Алдымыздан түлкідей қызыл,  жасыл қашты арман.

Сурет сала бастаған сыр аңғарып тастардан, 

Тарам-тарам жолдардай ауылдарға тараған,

Бексейіттен айырылып, жанарлардан   жас тамған...

 

«Ұлы көш»  полотносы  қалай дүниеге  келді?

 

Бұл өлең жолдары сурет және спорт сияқты қос өнердің хас шебері Бексейіт Әбдезұлына арналған кеш тізгінін қолына ұстаған Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары, арқалы ақын Қасымхан Бегмановтың жиын басында оқыған толғауынан үзінді.

Аса бір терең толғаныста басталған осынау рухани сазды басқосу әрі қарай жүректі елжірететін мұңлы, бипаз, зиялы рәуіште өрбіді. Еске алу кешіне Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, белгілі қаламгерлер мен суретшілер, спортшылар мен  өнер  тарланының  көзін  көрген үзеңгілес достары, шәкірттері қатысып, сағынышты естеліктермен бөлісті. 

«Адам баласының бүкіл болмысы ой мен сөзден тұрады» дейді философтар. Біздің  бұған алып-қосарымыз жоқ. Өткен өмір-тіршілігімізден  соңымызда қалатыны осы екеуі. Сосын артымызға із тастайтын нәрсе – буырқанған сезім мен естелік. Осылардың бірлігінен тамам тарих құралады.

Естелік демекші, жасындай жарқ еткен ғұмырын халқына деген шексіз сүйіспеншілікке арнаған осы бір өнер саңлағынан менің де жолымның түйіскені бар. Ендеше, естелігіммен бөлісу үшін уақытқа сәл шегініс жасайық.

Сурет пен спорт өнерінің тізгіні қатар ұстаған осы бір аңыз адаммен мені жазушы, журналист досым Қонысбек Ботбаев таныстырған еді. Ол былай болған: 

1990 жылы 22 наурызда қазақтың мәдени өміріне елеулі жаңалық әкелген «Ана тілі» газеті дүниеге келді. Бас редактор Жарылқап Бейсенбайұлының шақыруымен мен де газеттің қарбалас тіршілігіне қызу араласып кеткен кезім. Жәкең мені Қонысбек Ботбаев басқаратын әлеуметпен байланыс  бөліміне тілшілікке бекіткен. Содан бастап Қонысбек екеуміздің жұбымыз жазылмады десе болады. Көптеген белгілі-белгісіз ақын-жазушылармен, ғалымдармен, театр, кино қайраткерлерімен, тіпті Үкімет адамдарымен де осы кезде жақыннан танысып-білістім. Қонысбек маңдайы жарқырап жаңадан аты шығып келе жатқан суретші Бексейіт Түлкиевпен де жақын дос екен. Қонысбектің өзінің айтуынша, суретшінің атақты «Ұлы көш» картинасы туралы, оның дүниеге келу тарихынан бастап түп-түгел білетін болып шықты. Шерхан Мұртаза бастаған игі жақсылар картинаны көріп, өз бағаларын беру үшін Тараз қаласына арнайы ат басын бұрып барыпты, олардың пікір-ұсыныстарымен байытылған «Ұлы көш» кейін көргенде көз тоятындай кең тынысты тамаша полотноға айналған. Содан кейін игі жақсылар не істеген? Олар ақ үйдің төріне ілінетін бүкілхалықтық полотноның көшірмесі әр үйдің төрінде ілулі тұру керек деген шешімге келген. Сөйтіп картинаны көп данамен плакат етіп басып шығару керек десіпті. Не керек, үлкен үйдегі үлкен кісінің келісімін алған соң, жанашыр жігіттер плакатты шығару мақсатымен Новосібірге жол тартпай ма... Міне, осы жауапты жұмысты артығымен келістіре атқарған Қонысбек екен. 

«Желтоқсанның аяғы еді. Новосібір қаласы бізді түтеген боранмен қарсы алды. Бірақ, іс басындағы азаматтардың ыстық ықыласы бәрін ұмыттырып жіберді. Орыс достар бізді түсініп, шаруамызды біраз жеңілдетті. Баспаның басшысы да бір ақкөңіл жігіт екен, кезектегі жұмыстарды ысыра тұрып, біз апарған плакатты бірден өндіріске қойып, тез-ақ көбейтіп берді. Теміржол басшылары да жандары қалмай жүгіріп жүрді. Біз үшін жүргелі тұрған пойызды екі сағатқа тоқтатып қойғанының өзі неге тұрады?!  Пойыз біз мінген соң ғана жылжыды.

Бексейіттің «Ұлы көшін» осылайша Новосібір қаласынан 10 мың дана плакат таралыммен шығарып әкелгенбіз», – деп жыр қылып айтып берген еді бірде Қонысбек.

 

Бексейітпен алғашқы жүздесу

 

Сол 90 жылдың жаз айы, ұмытпасам, маусымның соңғы күндері болатын. Қонысбек түс мезгілінде: «Жүр, Бөке, бір жерге барып қайтайық. Сені бір ғажап суретшімен таныстырамын», – деді. Қуана-қуана ілестім. Орталық саябақ жақтағы бір үйге келдік. Бізді орта бойлы, жұқалтаң өңді, суытылған аттай қағілез, қысқалау алынған қара шашын бір жағына қайырған ақсары жігіт қарсы алды. Ішке кірген соң Қонысбек бізді таныстыра бастады. Ол мені «Қазығұрттың жігіті» деп таныстырды. Байқаймын, жаңа танысымның өңіне бірден қызыл шырай жүгіріп, көзі жылы сәулеге толып қоя берді. Сосын қолын соза бере:

– Қазығұрттан болсаң, «Қырық қыз» аңызын білетін боларсың? – деді «осы біле ме, білмей ме?» дегендей жүзіме барлай көз тастап.

Бақытыма орай, ол аңызды білетін едім.

– Иә, ол бір ғажап аңыз ғой, – дедім мен білетінімді аңғартып.

– Бәрекелді! Ол аңыздың бірнеше нұсқасы бар екен. Біреу-жарымын өзім де білемін. Мүмкін мен білмейтінді сен білетін шығарсың. Сенің айтуыңда бір тыңдап көрсек бола ма? – деді ол сыпайы ғана.

Ойламаған жерден бөркім қазандай болып шыға келсін. Атағынан ат үркетін білдей бір суретші, спорт саңлағы қолтығымнан демеп, «Бәрекелді!» деп тұрса, малақайыңды аспанға қалай атпайсың?! Қаптың ауызын біржола аша салдым.

– Бұрынғы бір жаугершілік заманда Қазығұрт елін тұтқиылдан жау шауыпты. Мұндайда жау алдымен шолғыншы әскерін жібереді ғой. Шолғыншылар  алға кетіп, ордадан қашықтау жердегі Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан сұлу қыздарды көріп, соңдарынан тұра қуады. Қыздар 40 шақты болса керек. Жаудың тым таяп қалғанын көрген қыздар: «Елімді, арымды мына сүмелектерге таптатқанша, туған жерімде тас болып қатып жатқанымыз артық. Бізді де, ана қаныперез жауды да қара тасқа айналдыра көр!» – деп құдайға жалбарына бастайды. Шын тілесең, Алла Тағала тілегіңді береді дейді ғой. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау әскері де, өздері де сол замат тасқа айналады. Жау тасқа айналған жер кейін Қаратас аталып кетеді. Ал, қыздар көрсең көз тоймайтын қайталанбас бір әсем тас ескерткіштерге айналып, ол жер Қырық қыз аталып кеткен деседі. Көнеден келе жатқан Қырық қыз туралы аңыз-әпсана біздің жақта осылай сөйлейді, – деп әңгімемді аяқтадым.

Екі қолын айқастырып бөлменің ортасында тұрған Бексейіт аға менің әңгімемді зейін қойып, аса мұқият тыңдады. Әңгіме аяқталған сәтте:

– Бәсе, айттым ғой, мен білмегенді сен білесің деп... Сөзім жоқ, әсерлі жеткіздің, бауырым, – деп қайта-қайта мақтауын асырды. Мақтағанды кім жек көреді? Ағаның арқадан қаққанына масаттанып кеткен мен:

– Бірақ, бұл туралы аңыз қылушылардың бәрінің бір қателігі бар, – дедім қарап тұрмай. Ол менен мұндай батылдықты күтпеді ғой деймін, жалт қарады.

– Ол қандай қателік? – деп сұрады.

– Бұл тас ескерткіштер туралы аңыз айтушылар оны тек жоңғарлармен байланыстырады. Шын мәнінде, олар жоңғарға дейін де, керек десеңіз Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін де тұрған ғой. Мұны көпшілік ескере бермейді. Сосын «Қырық қыз» аңызы туралы айтылғанда, туысқан қарақалпақ халқының әйгілі «Қырық қыз» дастанын естен шығармауымыз керек. Бұған ұқсас аңыздар Алатаудың арғы жағындағы қырғыз баекелерде  де айтылады. Тіпті, осы қырғыздардың этникалық атының өзі осы «Қырық қыз» аңыздарымен байланысты пайда болған болса ше? Ондай болжамдар да бар ғой, – деп тақылдай жөнелгенімді өзім де сезбей қалдым. Бексейіт аға менің сөзімді бөлген жоқ. Қайта мен айтқан әңгімеден жаны бір рахат тапқандай күлімсірей жымиып қарай қалыпты. Мен әңгімемді жалғастыра бердім.

– Айтқандай, ана өзбекке өтіп кеткен Бостандық ауданын білетін шығарсыздар. Табиғаты сұмдық сұлу жерлер. Міне, сол Бостандықта Қырық қыз аталатын көл бар екенін естігендеріңіз бар ма? – дедім Бексейіт пен Қонысбекке кезек қарап. Олар: 

– Жоқ, естімеппіз, – деді білмейтіндеріне сәл қысылғандай кейіпте. Сосын екеуі бір-біріне жымың-жымың қарап, тыңдауға дайын екендіктерін білдірді.

– Бұл аңызда да бұрынғы жаугершілік заманы тілге тиек етіледі. Аңыз бойынша, бұл шағын көл елінен, жерінен айырылған қырық қыздың көз жасынан пайда болған деседі. Ерте, ерте заманда мамыражай тірлік кешіп, бейқам жатқан елді жау шауыпты. Бұл жолғы дұшпанның екпіні таудан құлаған тасқын судай қатты болыпты. Жаудың ел шетіне кіргенінен алдын ала хабардар болған ауылдың игі жақсылары жиналып, өзара кеңес құрыпты. «Бұл жолы жаудың ашуы сұмдық, ешкімді тірі қалдырмайтын түрі бар. Алдын ала қам жасамасақ, босқа қырыламыз» депті. Кеңесе келе ел ішінен ай десе ауызы, күн десе көзі бар қырық қызды таңдап алып, оларды жұрт көзіне түсірмей тау асырып жіберіпті. Жаулықпен келгендер кімді аясын?! Елді қан-жоса қылып қырып салған соң, жөндеріне кетіпті. Арадан шамалы уақыт өтіпті. Ел іші тынышталды-ау дегенде әлгі тау асып кеткен қырық қыз ауылға оралады. Бірақ, олар туған ауылын өз орнынан көре алмайды. Жау ауылды тып-типыл етіп жойып жіберген екен. Қыздар мынадай сұмдық қайғы-қасіретті көтере алмай зар еңірейді, көз жастарын көл қылады. Олар қырық күн, қырық түн тоқтамай жылады деп аңыз етеді. Содан жау жойып жіберген бұрынғы ауыл орнында көл пайда болыпты. Оны халық зар еңіреп жылаған қырық қыздың көз жасымен пайда болған дейді. Көлдің «Қырық қыздың көз жасы» деп аталу себебі де содан екен.

Бір қызығы, бұл көлге келіп құйып жатқан не өзенді, не бұлақты, не жылғаны көрмейсіз, көл не құрғамайды, не жоғалып кетпейді, бір тылсым күш ұстап тұрғандай.

 Мен  әңгімемді  аяқтағанда Бексейіт аға риза кейіппен: 

 

– Біз этнографтарды ылғи алыстан іздеп, арамтер болып жүреміз, ол өз арамызда жүр екен ғой. Міне, туған жердің тарихын білетін жігіт! – деп иығымнан жеңіл ғана қағып қойды. Қысқасы, мен Бексейіт ағамен осылай таныс болған едім. Сөйтсем, ол уақыт шығармашылық шабыты ширығып, «Қырық қыз» картинасын салып жүрген кезі болса керек, сірә. Мен оны кейін білдім.

 

Мұстафа Өзтүрік  өткізген  тамаша шоу

 

Сол жылы жазда әлемге әйгілі қазақ спортшысы Мұстафа Өзтүрік бастаған таэквондошы жігіттер Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өнер көрсетті. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған спорт мерекесіне Қонысбек те құрметті қонақ ретінде шақырылыпты. Ол мерекеге жалғыз бармай, жанына мені қосып алды. Спорт сарайында өткен осынау шоу-қойылымнан есімде ерекше қалғаны қазақ баласы бастап келген таэквондошылардың құрамы негізінен түрік жігіттерінен тұрғаны еді. Олар таэквондо спортының түрлі элементтерінен қойылымдар қойып, керемет өнер көрсетті. Айқай-сүреңнен зал жарылып кете жаздап тұрды. Сонда Бексейітпен екінші рет жолықтым. Үзеңгілес достар, әйгілі спортшылармен суретке де түскен болатынбыз. 

 

Бексейітпен  екеуміздің жолымыз одан кейін түйіспеді. Ол туралы тек сыртынан естіп, тамсанып, риза болып жүрдік. Айталық, КСРО ОК бас хатшысы Леонид Брежневтің жеке оққағарларын жаттықтырғандығының өзі неге тұрады десейші! Ол кезде мұндай дәрежеге жету, нені де тоғыз рет өлшеп, бір рет кесетін Орталықтың құпия қызметінің сеніміне ие болу  екінің  бірінің қолынан келе бермейтін іс.

 

Содан аз уақыт өткен соң (1991 ж.) Қазақстанда Таэквондо федерациясы құрылып, оның тұңғыш президенті болып Бексейіт Түлкиевтің сайлағанын естідім.

Ағасы Қансейіттің айтуынша, Бексейіт отбасындағы екінші перзент. Ол бабасының атын тегіне ныспы етіп алған – Бексейіт Түлкиев. Ал, туған ағасы, көрнекті әдебиет сыншысы Қансейіт ағамыз болса, әкесінің атында, яғни Қансейіт Әбдезұлы. «Бексейіттің аса талантты, ерекше дарынды болып ержетуіне үш қайнар бұлақтан нәр алғаны ықпалын тигізді деп ойлаймын: Біріншісі – туған жердің топырағы, тұмса табиғаты, екіншісі – қазақтың ұлы суретшісі Тоқболат Тоғысбаев, үшіншісі – белгілі суретші Еркін Айтбаевқа кездесуі», – дейді ол. 

 

Осы жерде айтылуға тиіс нәрсе, Қансейіт ағамыздың небәрі 43 жасында қапыда айырылып қалған інісіне деген шексіз сағынышы ешқашан басылған емес, басылмайтын да шығар... Ол кісі талантты інісі туралы естеліктер мен зерттеу еңбектерді тірнектеп жинап, бірнеше  мәрте  кітап  етіп  құрастырып шығарғаны (Бексейіт. «Қазақпарат» баспасы, 2000 ж; Қос өнердің жұлдызы. 

«Қазығұрт» баспасы, 

2005 ж.) осы айтқанымыздың бірер мысалы ғана.

 

Ол жолда жүргенді, сапарға шыққанды, табиғат ортасында оңаша болғанды жаны сүйіпті. Адам аяғы тимеген аралдар мен таудай толқындары жартасқа соғылып, алас ұрған мұхиттарды жиі кезетін. Ұшар басын ақ қар, көк мұз көмкерген тауларды жақсы көріпті. Табиғатпен бетпе-бет қалғанды ұнатыпты.

 

Қаһарман  азаматымыздан қапияда  айырылдық

 

«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істейтін кезім. Газеттің 70 жылдығы қарсаңында (2003 ж.) басылымның шежіресін жасау маған тапсырылды. Ұлттық кітапханадағы сирек кездесетін қолжазбалар бөлімінде газет тігінділерін ақтарып отырып Бексейіт Түлкиевтің сұхбатына (9 қаңтар 1987 ж.) кездескенім бар. Ол Курил, Сахалин аралдарына сапарлатып барып, үлкен шығармашылық шабытпен оралғанын баяндай келіп былай дейді: «Творчестволық сапармен 15 шақты эскиздік туындылар жазып қайттым. Табиғат сырлары  ғажап қой. Мұхиттар менің болашақтағы шығармаларыма нәр боларлық ойлар сыйлады. Әсіресе, әсерлі болған бір көрініс сұрапыл теңіз толқындары қажетсіз темір-терсектер мен лас дүниелерді бойына сіңіре алмай жағалауға лақтырып тастайды екен, ал қымбат бағалы інжу-маржан тастарды тереңіне қымтай түседі. Былай қарасаңыз, қарапайым ғана көрініс. Егер мұхиттардың сол мінезі адамзатқа дарыса қайтер еді? Біз, адамдар да, жағымсыз қасиеттерден үнемі арылып отырсақ, жан-дүниеміз мөлдіреп, тазара түсер едік-ау!».

Неге екені білмеймін, Бексейіттің осы сөзі маған терең ой салды. Сосын бір керегі болар деген мақсатпен көлдей сұхбаттың дәл осы тұсын қағазға түсіріп, сақтап қойған едім.

Ол өз өнерімен халыққа қызмет етуді мұрат тұтты. Меніңше, Бексейітке ұлтшыл суретші деп батыл баға беруге әбден болады. Біткені-бітпегені бар  картиналарына қарап отырсаңыз, оның туған халқына деген ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігін, айрықша махаббатын алғаусыз аңғарасың.  Аңғарасың да керемет күйге енесің. Өзіңнен өзің әсерленесің. Бойыңды алапат бір күш, қуат кернейді. Шатырлаған шабыт келеді. Кеудеңде таудай толқындар тулай жөнеледі. Адам жанының нәзік қылы шертіліп, тілсіз тілге айнала бастайды...

Ойдан ой туады. Біз неге екені өнерді бір-бірінен бөліп қарастыруға бейім тұрамыз. Меніңше, шын өнер бөлінбейді. Мысалы, суретшіні  жыршы дей аламыз ба? Жырау десек ше – бола ма? Болғанда қандай! Суретші нағыз халық жыршысы ғой. Олай болса музыканы алайық, бейнелеу өнерін, сөз өнерін алайық. Бұл өнер түрлерінің бәрі әуел бастан бір ғана нәрсені мұрат тұтқан: ол адамға эстетикалық ләззат сыйлау, сұлулық атаулыны сезінуге үйрету. Ал, сұлулық дегеніміз күннің сәулесі сияқты қасиетті нәрсе. Адамгершілік асыл қасиеттер мен мейірім сол сұлулықтан нәр алады. Сұлулық сезімі – адам жанын жетілдіретін, қиялына қанат бітіретін, тас жүректі өзін жібітіп жіберетін құдіретті құрал. Сұлулық сезімі түзей алмаған қыңырды құдай да түзей алмайды. Оның әсері адамға илһам шабыт, қолтығына қос қанат бітіреді. Міне, сұлулықтың құдіреті дегеніміз шамамен осындай! Халқыма қызмет етсем, адамдарға сұлулық сыйласам, сансыраған сананы сілкілесем деп өмір сүрген нағыз жігіттің сойы – Бексейіт Түлкиев еді. Бірақ, қаймана қазақ елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын арда ұлынан қапыда айырылып қалды. Жол торуылдаған қаныпезерлер осы қылмысымен жалғыз Бексейіт Түлкиевке ғана емес, бүкіл қазақтың намысын қорлап, таланттарына орны толмас қастандық жасағандарын біле ме екен?! Ой, жалған дүние-ай десейші!.. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» демекші, жақсылар жасына қарамай айналасына шапағатын шашып, нұрландырып, ізгі істер жасап ғұмыр кешеді дейді көне бір әпсанада. «Жұлдыздар із тастап ағады» деген – осы!

***

Бас-аяғы жып-жинақы, шып-шымыр көңіл күйде өткен еске алу кешінде қос өнердің  жұлдызы   Бексейіт Түлкиев пен үзеңгілес досы, қазақтың арда баласы, әлемге әйгілі спортшы Мұстафа Өзтүрік екеуіне арнап Алматыдан, Астанадан, Шымкенттен еңселі ескерткіш тұрғызылуы  керек деген ұсыныстар айтылды. Біз де соған қосыламыз!

Кеш соңынан қазақтың қос бірдей абаданына арнап ас беріліп, Құран бағышталды. 

 

     Болат ШАРАХЫМБАЙ,

Алматы қаласы

 

06.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

К ОТКРЫТИЮ ТУРИСТИЧЕСКОГО СЕЗОНА В ТУРКЕСТАНЕ ГОТОВЯТ 2,5 ТОННЫ НАУРЫЗ КОЖЕ
Региональная служба коммуникаций Туркестанской области - 12.03.2025 77
В ТУРКЕСТАНСКОЙ ОБЛАСТИ ВЕДЁТСЯ СИСТЕМНАЯ РАБОТА ПО ПРЕДОТВРАЩЕНИЮ ПАВОДКОВ
Пресс-служба акима Туркестанской области - 12.03.2025 64
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЮДЖЕТТІК ТҮСІМДЕР МЕН КІРІСТЕР КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 12.03.2025 68
ТУРКЕСТАН: В ОРДАБАСЫ ЧЕСТВОВАЛИ МНОГОДЕТНЫЕ МАТЕРИ
Пресс-служба акима Туркестанской области - 12.03.2025 38
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУБЕРКУЛЕЗ АУРУШАҢДЫҒЫ ТӨМЕНДЕГЕН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 12.03.2025 70

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 1948
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2190
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17075
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 15801
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19165