Үшінші қыркүйекте ТМД-ның үш елінде Қазақстан, Ресей және Беларусь кинематографистерінің бірлескен туындысы – «Жеңіс баласы» әскери-тарихи драмасының тұсаукесері өтеді. Фильмнің продюсері – Қазақстан кинематографистер лигасының төрағасы Айдар Баталов. Ол кәсіби қызметі барысында жиырмадан астам көркем және деректі фильмнің жарыққа шығуына атсалысқан. Картинаның режиссері – Ресей Федерациясының Башқұртстан Республикасындағы Шайхзада Бабич атындағы мемлекеттік республикалық жастар сыйлығының лауреаты Айнұр Асқаров. Оның фильмографиясында «Кешірім» («Помилование»), «Тағанақ жасағы» («Отряд Таганок») және «Уфадан махаббатпен» («Из Уфы с любовью») фильмдері бар. Фильмдегі басты рөлді қазақстандық актер Әлихан Нұржауов сомдаған. «Жеңіс баласы» оның үлкен экрандағы дебюттік жұмысы саналады. Маша бейнесін Беларусь актрисасы Юлия Лазовская орындады. Сонымен қатар фильмге ресейлік актерлер Василий Копейкин, Сергей Маркеев және Олег Васильков түскен.

Картинаның негізгі тақырыбы – майдан поштасының қызметі. Соғыс жылдарында хат-хабар әскери қызметшілер мен олардың туған-туыстары арасындағы байланыстың басты құралы болды. Майдан пошташылары жеке хаттармен бірге ресми құжаттар мен маңызды мәліметтерді де жеткізіп, көп жағдайда ұрыс қимылдары жүріп жатқан аса қауіпті аймақтарда қызмет атқарды. Фильмнің басты кейіпкері – соғыс жағдайында ерте есейіп, жауапты әрі қауіпті тапсырманы орындауға мәжбүр болған жас жігіт. Авторлар соғыс шындығын майдандағы қарапайым пошташының тағдыры арқылы баяндайды. Оның қызметі сырт көзге әскери операциялармен тікелей байланысты болмағанымен, Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан поштасының маңызы ерекше болды. Бұл қызмет күн сайын өмірге қауіп төндіретін қатермен қатар жүрді. Оқиға 1943 жылы Беларусь жерінде өрбиді. Батпақты алқапта құпия жүк тасымалдаған кеңестік ұшақ апатқа ұшырайды. Ұшақты іздеуге Қызыл армияның 18 жастағы пошташысы Азамат Досанов жіберіледі. Ол өзін дәлелдеп, нағыз ерлік жасауға қабілетті екенін көрсетуді армандайды. Жоғалған әскери поштаны іздеу барысында орман ішінде неміс диверсанттарына тап болып, кейін тыңшылық жасады деген күдікке ілігеді. Осыдан кейін оған қарсыласынан бұрын әрекет етіп, апатқа ұшыраған ұшақ бортында болған құпия капсуланы тауып, тапсырманы орындау міндеті жүктеледі.
Жоба Қазақстан, Ресей және Беларусь кинематографистерінің қатысуымен жүзеге асырылды. Фильмнің өндірісіне Sezar Group, Centurion Films, Dostyq TV және Belroskino компаниялары қатысты. Жоба авторларының айтуынша, бұл халықаралық ынтымақтастық үш елдің кәсіби әрі шығармашылық тәжірибесін ұштастырып, ортақ тарихи тақырыпты қарапайым адамдардың тағдыры арқылы бейнелеуге мүмкіндік берген.
Фильм, ең алдымен, жас көрерменге арналған. Оның авторлары Ұлы Отан соғысы оқиғаларын жас кейіпкердің тағдыры арқылы көрсете отырып, ұрпақтар арасындағы тарихи жады мен рухани сабақтастықты сақтаудың маңызын жеткізуді мақсат етеді.















