Барлық мемлекеттің стратегиялық ресурстарының бірі – жер. Жер қатынастары мәселесі аграрлық әлеуеті жоғары Қазақстан үшін экономикалық даму мен ауыл шаруашылығының тиімділігіне тигізетін әсері бар. Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – жерді дұрыс пайдалану, оны заң аясында басқару және қорғау. Жер қатынастары жүйесі жерді дұрыс бөлу, тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығын өркендетуді мақсат етеді. Осы саладағы ашықтық пен цифрландыру экономиканың маңызды тетігі болып табылады.
Жер қатынастары дегеніміз не?
Мемлекет, жергілікті билік органдары, азаматтар мен заңды тұлғалар арасындағы жерге меншік ету, пайдалану және билік жүргізу мәселелеріне байланысты қалыптасатын құқықтық және әлеуметтік қатынастар жүйесі жер қатынастары деп аталады. Осыған орай жерді бөлу, жалға беру, жер ресурстарын басқару, жерді қорғау және жер кадастрын жүргізу сияқты жауапты мәселелер қарастырылады. Мамандардың айтуынша, жер қатынастары тек құқықтық мәселе ғана емес, ол өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, ауылшаруашылығының дамуына, инвестиция тартуға да өз ықпалын тигізеді.
Жер қатынастары саласында қандай жұмыстар атқарылады?
Мұнда бірқатар маңызды әкімшілік және құқықтық жұмыстар жасалады:
жер учаскелерін жекеменшікке немесе пайдалануға беруді әзірлеу;
иесіз жер учаскелерін тауып, мемлекеттік есепке қою;
мемлекеттік қажеттілік үшін жер учаскелерін алып қою ұсыныстары;
жер учаскелерінің бөлінетін немесе бөлінбейтіндігін анықтау, бағалау құнын қою;
тиісті жобаларды бекіту, жерге орналастыру жұмыстарын ұйымдастыру;
топырақ құнарлылығын арттыру, жер ресурстарын қорғауға бағытталған бағдарламалар дайындау;
жер балансын қалыптастыру және жер кадастрын жүргізу;
ауылшаруашылығы жерлерінің паспорттарын беру, жерді жалға алу немесе сатып алу шарттарын рәсімдеп, құжат жасау.
Жоғарыда айтылған жұмыстар жер ресурстарын тиімді басқарып, заңсыз пайдалану фактілерін жоюға бағытталған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтаруды талап етіп отыр. Осыған орай 2022 жылдан бері 13,5 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылып берілді.
Дегенмен оның тек 6 млн гектары ғана жаңа жер пайдаланушыларға ұсынылды. Мемлекет басшысының айтуынша, жер бос жатпай, ол өндіріс пен инвестицияның пайдасына жарауы қажет.
Президент жерді беру процесінде цифрландыруға көшуді талап етіп отыр. Осыған орай жер қатынастары кезінде ашықтықты көрсету үшін жерді бөлу жүйесіне де өзгерістер болуда. Яғни ауылшаруашылығы жерлері электронды конкурстар арқылы бөліну қарастырылып жатыр. Оның пайдасы бюрократиялық кедергілерді жойып, жер бөлу жұмыстарын ашық түрде жасауға негіз болмақ.














