Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Аймақ басшысы әуелі Бәйтерек ауылындағы «Егізбай» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, картоп шаруашылығын көрді. Қожалық жетекшісі Нұрлан Егізбаевтың айтуынша, шаруашылық пиязды – 45, картопты – 75, сәбізді 6 гектар алқапқа орналастырған. Бұдан бөлек, шаруашылықтың 30 гектар бидайы, 10 гектар алқапқа орналастырылған жоңышқасы бар, мал азығын да осы алқаптардан дайындауда.
Бұл дақылдарды сеуіп, жинайтын техникасын қожалық сайлап та қойған.
– Картоп қазу жұмыстарын жаңа бастадық. Күніне 2-3 гектар алқаптың өнімін жинаймыз. Оның әр гектарынан орта есеппен 300-350 центнерден өнім жинау жоспарлануда. Алқапқа 240 тонна картопты Қарағанды облысынан алып, отырғыздық. Бүгінде алқапта картоптың голландиялық «Буррен» және «Пикассо» сұрыптары өсірілуде. Жиын-терінге 40-50 маусымдық жұмысшы тартылған, – дейді ол. Шаруашылық картопты 15-20 күнде жинап алуды көздеуде. Өнімін Тараз қаласы мен Алматы және Түркістан облыстарына өткеруде. «Мұның бағасы қанша болады?» деп сұрады аймақ басшысы. Шаруа базар бағасынан 10-15 теңге түсіріп беретінін айтты.
– Облыста әлеуметтік дүкендер жұмыс істейді. Өз өнімімізбен алдымен сол дүкендерді қамту керек. Содан кейін осы өнімді барлық дүкендерге қойып, облыстағы бағаны тұрақтандыру жағына мән берген жөн. Облыста картоп тұқымын қайта жолға қоюды жоспарлаудамыз. Бұл мәселені Жуалы ауылындағы бір шаруашылыққа енгіздік. Енді тұқыммен қамту мәселесін шешсек, оны өңір қожалықтары өзге облыстардан тасып әуре болмайтын болады, – деді Нұржан Нұржігітов.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы ауданда биыл судан тапшылық болмағанын айтып, барлық шаруашылықтар ағын сумен толық қамтылғанын жеткізді.
Аймақ басшысы бұдан кейін Айша бибі ауылындағы «Super Pharm» ЖШС-де болды. Бір реттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын зауыт тың жобаларды қолға алыпты. Серіктестік директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, зауытта бұған дейін медициналық халат, бинт, бір жолғы бахилдер, бетперделер мен төсеніштер шығарылып келсе, енді зауыт аумағында құрылысқа төзімді тігінді емес материалдар шығаратын цехты іске қосу жоспарлануда.
– Өндірістің жылдық қуаты – 300 млн данадан астам медициналық бұйымдар шығару. Өнімді өткізуде мәселе жоқ. Құрылыс алаңын кеңейтіп, тігінді емес материалдар шығаруды қолға алуға ниеттіміз. Ол зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп қойдық. Тек Қытайдан келетін мамандарды күтіп отырмыз. Шетелдік мамандардың елге кіруіне мүмкіндік болмай жатыр. Сыртқы істер министрлігіне де өтініш бергенбіз. Бірақ мамандарды кіргізе алмай, өндірісті бастай алмай отырмыз. Зауыт дайын, мамандар келіп құрал-жабдығын орналастырып берсе, үш айда өнім шығарамыз. Айына 700 тонна тігінді емес материал шығаратын мүмкіндігіміз бар. Шикізатты Павлодардан жеткіземіз. Олар біздің ашылып, жұмыс істеуімізді ғана күтіп отыр, – деді серіктестік директоры.
Аймақ басшысы бұл мәселені республикаға шығып, тиісті министрліктерге сұраныс жасап шешіп беруге тырысатынын жеткізді.
Сондай-ақ облыс әкімі осы округте тұрғызылып жатқан 300 орындық орта мектептің құрылыс жұмысымен танысты. Оның құрылысын «Тараз строй-2004» ЖШС жүргізуде. Серіктестік директоры Мейірбек Жүнісовтің айтуынша, нысан құрылысы 90 пайызға аяқталған. Мердігер оны жоспарға сәйкес тапсырамыз деп отыр. Аймақ басшысы мектепті 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беруді шегелеп тапсырды. Сонымен қатар осы аумақтағы жаңа тұрғын алқапта атқарылып жатқан жұмыс барысын көрді. Мұнда кезекте тұрған тұрғындарға 382 жер телімін беру көзделген. Жаңа тұрғын алқаптың инфрақұрылымы аяқталуға жақын.
Аймақ басшысы жер телімі берілген соң, ол жерге үш жылдың ішінде үй салынуы керектігін тұрғындарға ескертуді тапсырды. Жаңа тұрғын алқаптан жер телімін үлестіру биыл шешімін таппақ.
Келесі кезекте облыс әкімі қант қызылшасы алқабын көрді. «Ақкөл» шаруа қожалығы 40 гектар алқапқа тәтті түбірдің «Акация» мен «Виорика» сұрыптарын орналастырған. Шаруа оның әрбір гектарынан 450-600 центнерден өнім алуды жоспарлауда. Шаруашылық жетекшісі Алтынбек Керімқұлов балтамыр жинайтын комбайн алатын мүмкіндігінің жоқтығын айтып, қант зауыты комбайн алып, шаруаларға өнім жинайтын кезде көмек көрсетсе деген өтінішін жеткізді. Бұдан бөлек, қожалықтың 300 гектар пиязы да жайқалып тұр.
Қос алқапта болған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов: «Биыл қант қызылшасына берілетін баға 30 теңге болды. Тұқым мен тыңайтқыш 50 пайыз жеңілдікпен субсидиялануда. Енді бірнеше шаруа қожалығы бірігіп қант қызылшасын жинайтын комбайн сатып алуды үйлестіргені дұрыс. Сол үшін кооперативке бірігіп жұмыс жасаған тиімді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 758 млн теңге бөліп, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қаржы бөліп отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалануға асығыңыздар. Жаңа техника алсаңыздар, оның 50 пайызы әкімдік тарапынан субсидияланатын болады», – деді.
Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында 110 гектарға орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасының жұмысымен танысты. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, нысан жұмысын наурыз айында бастаған. Жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды. Жобаның инвесторы – «Unigreen Energy» ЖШС, ал жоба операторы «АЕС Аsa» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 20,8 миллиард теңге. Серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салмақ ниеті барын айтты. Оның мегаватын кезең-кезеңмен көбейту үшін 300 гектар жер телімін алғанын жеткізді.
Аймақ басшысы табиғат көзінен электр энергиясын өндіруде біздің облыс алдыңғы орында екенін, республикадағы энергия өндірісінің 21 пайызын Жамбыл облысы құрап отырғанын айтып, бұл шаруаның өңірде дамуына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Келесі кезекте аймақ басшысы Әулиебастау басындағы келушілерге ыңғайлы болуы үшін жасалып жатқан құрылыс жұмысын көрді. Мұндағы қолға алынған жобамен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы таныстырды.