Дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, денсаулығына деген қажеттілік әр жаста әртүрлі көрініс береді. Жаңа туған балаға ананың сүті бала денсаулығының негізгі көзі болса, кейін бала өсе келе оның орнын толықтыру үшін тағам рационынан басқа құндылықтарды керек етеді. Мысалы, май қосылған тамақтар, белок дүниесі, сосын жеңіл кәдімгі тағамдар молырақ болуы керек.
Ал, денсаулығымызда қандай да ауру белгілерін байқайтын болсақ, оның қандай ауру екенін анықтау үшін ең алдымен дәрігердің нұсқаулығымен аурухананың зертхана бөліміне жүгінетініміз анық. Кез келген ауруды бір күннің ішінде қажетті анализді тапсыру арқылы анықтауға болады. Ал осы зертхана бөлімінің жұмысы қандай, мұнда қандай мамандар жұмыс істейді, халыққа қандай қызмет көрсетеді деген сауал көп адамды қызықтырмай қоймайды.
Бүгінде аудандық орталық аурухананың клиникалық-диагностикалық зертханасы қазіргі заманның талабына сай жабдықталған, заманауи зертханалық аппараттарымен тұтыну материалдарымен қамтамасыз етілген. Зертхананың негізгі жұмысына стационарлық, шұғыл қызмет және емхананы қамту жұмыстары кіреді.
Жылдан-жылға зертхана жұмысы күрделі зерттеулерді қамтуда. Өйткені, адам мүшелерінің жағдайын тереңірек зерттеу арқылы оның патогенездік салаларындағы және клеткаларындағы тіпті субклеткаларындағы ауыруларды тереңірек анықтауға тура келеді.
Бөлімшені жоғары категориялы, тәжірибелі дәрігер Ақәділ Жанғазиев басқарады.
Осы ретте, зертхананың бүгінгі жай-күйімен танысу үшін аудандық орталық аурухананың клиникалық-диагностикалық зертхана бөлімінің меңгерушісі Ақәділ Жанғазиевті сөзге тартқан едік.
Бөлім меңгерушісінің сөзіне сүйенсек, зертханаға бүгінде жаңа қондырғылар келіп, зертхана жұмысын едәуір жеңілдеткені туралы айтады.
– Ағымдағы жылдың ақпан айында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевтың бастамасымен зертхана бөліміне заманауи анализатор алынған болатын. Бас дәрігер жаңадан жұмысқа тағайындалғаннан бастап, ауруханаға қарасты бөлімдермен танысып, не нәрсеге мұқтаж екенімізді сұраған болатын. Содан кейін біз де қажетті аппараттарды көрсете отырып бас дәрігерге сұраныс жасадық. Көп ұзамай сұранысымыз мақұлданып, қажетті аппараттарға да қол жеткіздік. Атап айтар болсақ, зертханаға биохимиялық қан талдау DIRVI CS-T240, жалпы қан талдау DIRVI BCC-3900 және жалпы зәр талдау DIRVI H-100 аппараты, автоматты коагуламетр анализатор С 3100 аппараттары «МINDRAY» фирмасынан алынып келінді. Ендігі бөлімнің мақсаты – халыққа медициналық сапалы қызмет көрсету, – дейді Ақәділ Нұрғалиұлы.
Қазіргі таңда зертханада жұмыс өтілі 5-25 жыл аралығын қамтитын орта буынды зертханашылар медициналық қызмет көрсетуде. Тоғыз зертханашы және екі кіші медцина қызметкері жұмыс істейді.
Айта кету керек, клиникалық-диагностикалық зертхананың мамандары өздерінің кәсіби мамандықтарын арттырумен тұрақты айналысып отырады, дәрігерлер де лаборанттар да арнайы даярлықтан өткен мамандар.
Адамның денсаулығы тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Соны түсіне отырып, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылайық!