Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикалық әлеуеті ең жоғары, қарқынды дамушы ел болып қана қалмай, әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енген ел ретінде танылып отыр. Қазақстанның экономикалық даму деңгейін көрсететін басты көрсеткіштер мен ерекшеліктерге жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі, өсім қарқыны, аймақтық көшбасшылық, стратегиялық мақсаттар енетіндігін ескерген жөн. Соңғы жылдары қарқынды жүргізіліп жатқан инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту сынды жан-жақты талпыныстар өз нәтижесін беріп келеді. 14 шілде күні өткен Үкімет отырысында сондай бір ақпараттың куәсі болдық.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрады. 14 шілде күнгі Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің жаңа макроэкономикалық көрсеткіштерін ұсынды.
Қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда қарқын 0,4 пайыздық тармаққа жақсарды. Негізгі серпінді 4%-дан 5,1%-ға дейін көтерілген нақты сектор қамтамасыз етті. Қызмет көрсету саласы 3,5%-ға өсті. Ең жоғары өсім құрылыс, өңдеу өндірісі, көлік және сауда салаларында тіркелді. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені мен байланыс саласында да оң серпін сақталды.
«Жыл басынан бері экономика жеделдеп келеді. Оң динамика нақты сектордағы өсу қарқынын арттыру есебінен қамтамасыз етілуде. Экономика өсуінің негізгі қозғаушы күші мұнайға қатысты емес сектор болып қала береді. Биыл мұнай емес сектордың өсу қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асуда», – деді Серік Жұманғарин.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,5 трлн теңгені құрап, 9,6%-ға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 21,4%-ға артып, жалпы құрылымда 87%-ды құрады. Ең жоғары өсім ақпарат және байланыста – 2,3 есе, құрылыста – 38,7%, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%, ауылшаруашылығында – 24,6% және көлік саласында – 11,6% тіркелді.
Сыртқы саудада қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы $56,3 млрд-ты құрады. Экспорт $30,4 млрд-қа жетті, импорт $26 млрд. Сауда балансының профициті $4,4 млрд-тан асты, – деді Серік Жұманғарин.














