Биыл өңірімзде жол-құрылысы маусымы су тасқынына байланысты төтенше жағдайда басталды. Соған қарамастан ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК маусымдық жұмыстарға тыңғылықты дайындалған.
Бұл туралы аталмыш орталықтың баспасөз қызметі хабарлады. – Қазіргі уақытта Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Көлік министрлігінің тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық асфальт-бетон зауыттарына тексеру жұмыстарын жүргізуде. Осы жұмыстарды жүзеге асырумен айналысатын орталықтың аймақтарда 15 сынақ зертханасы бар. Биыл жаңадан ашылған облыс филиалдарында тағы екі зертхана ашу жоспарда бар. Компания сарапшылары осы маусымда жол-құрылыс материалдарының республикалық желіден 10 000 сынамасын және жергілікті жолдардан 30 мың сынамасын алып зерттеу жүргізеді, – дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК-ның Батыс Қазақстандағы филиалының инженері Дәурен Әміров. Жалпы орталық филиалдары күні бүгінге дейін 1,5 мың инспекциялық тексеріске (республикалық желі – 1,3 мың, жергілікті желі – 0,2 мың) шыққан екен. Нәтижесінде 2 мың жол құрылыс материалдары сынамасы (РЖ– 1,5 мың, ЖЖ – 0,5 мың) іріктеліп, сынақтан өткізіліпті.
Инженерлік-техникалық қызметкерлер, сарапшылар мен орталықтың сынақ зертханаларының қызметкерлері Қазақстанда ғана емес, Қытай, Беларусь, Германия, Польша секілді шет елдерде де автожол саласының озық ғылыми-техникалық ұйымдарында біліктіліктерін арттырған.
Орталықтың баспасөз қызметі ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 11,4 мың инспекциялық тексеріс жүргізіліп (РЖ – 3,6 мың, ЖЖ – 7,8 мың), 40,3 мың жол-құрылыс материалдары сынамасы (РЖ – 10,1 мың, ЖЖ – 30,2 мың) іріктеліп, сыналған. Орталық мамандарының тексеріс нәтижелеріне сай мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен 4,1 млрд. теңге (РЖ – 1,7 млрд. теңге, ЖЖ– 2,4 млрд. теңге) қаражатқа жұмыстарды қайта жасапты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы
(сурет интернеттен алынды)