Орал қаласында көше жолдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Жалпы тоғыз жобалық-сметалық құжаттама бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Мұндай мәліметті Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берді. Атап айтқанда, Саратов, Баласағұн, Дауылбаев және Бұйрин, Өзтүрік, Сәтпаев, Аққозы, Скоробогатов, Комсомольская көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ал Шолохов көшесі орташа деңгейде жөнделеді. Сондай-ақ, «Каримуллин көшесін қайта құру» жобалық-сметалық құжаттамасы жеке мекеме қаражаты есебінен жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сонымен бірге Ветелки және Меловые горки кенттеріндегі, Исатай батыр көшесіндегі жолдарды күрделі жөндеу бойынша да сараптамадан өткізуге құжаттар дайындалуда.
Облыс орталығындағы ағымдағы жол жөндеу жұмыстарына келсек, өткен жылы аталмыш бөлім «АдалАрна» ЖШС мердігерлік ұйымымен осы мақсатта 2021-2023 жылдарға арналған келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде мердігер мекеме биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 35 бірлік техника мен бес бригада жұмылдырған. Сәуір айында жөндеу жұмыстары басталып, бүгінгі күнге дейін бірқатар көшелердің жолдары қалыпқа келтірілген.
Тағы бір айта кетерлігі, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары да басты назарда. Бұлардан бөлек аула учаскелеріндегі тротуарларды жолмен қосу, көшелерге фрезерленген материалдар төсеу, бағдаршам нысандарының жанына жаяу жүргіншілер жолдарын салу сынды жұмыстар жасалуда.