Соңғы екі жылда облыс орталығында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде Таразда 1445 көше болса, оның 902-сі асфальт, 543-іне қиыршық тас төселген. Жолдардың жалпы ұзындығы 1888 шақырымды құрайды. 2023 жылы қала көшелерін орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 3,59 миллиард теңге бөлініп, ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 45 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 145 көше, бұрылыс, аллея, өткел және жеті жаяу жүргінші өткелдері бар. Атап айтқанда, қаланың солтүстік-шығысындағы Бурыл және Сарыкемер бағытындағы жолды жөндеу жұмыстарын «Рауан» ЖШС жүргізді. Сондай-ақ, Мыңбұлақ және Самал шағынаудандарындағы мектептер мен балабақшалардың жанынан жаяу жүргіншілер жолы салынды. «Көктем» және «Арай» массивтеріндегі ықшамаудандар бағытындағы жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілді. «В-грасс» ЖШС Ұлы Дала ықшамауданындағы Жібек жолы, Балуан Шолақ көшелерінің бойындағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізді. «Нұрлы жол-7» ЖШС 15-шағынаудандағы Қойшыбеков көшесіне (Көшек батыр көшесінен Пушкин көшесіне дейін) орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жолдың бір бөлігі кеңейтілді.
Әсіресе, қаладан шалғайдағы әуежай аймағының, сондай-ақ 30 жыл бойы асфальт көрмеген Шалғай Қарасу мен Қант зауыты аудандарының тұрғындары бұл өзгерістерге ерекше қуанып отыр. Бурыл және Барысхан елді мекендерінде де жол мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Өткен жылы Бурыл массивінде 15 көшеге асфальт төселсе, биылғы жылы барлық 60 көшеге асфальт бетон жабынының бірінші қабаты төселмек. Барысхан массивінде өткен жылы тұрғындардың өтініші бойынша қоғамдық көлік жүретін бір көшеге асфальт төселсе, биыл сегіз көшеге асфальт төселмек.
Қалаішілік жолдарды қалпына келтіру жұмыстары да қарқын алды. 2022 жылы басталған Ташкент және Мәмбет батыр көшелерінің қайта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, жаяу жүргіншілер жолағы салынды. «Ауыл береке» базарына қатынайтын жолдағы көлік кептелісін азайту мақсатында Мәмбет батыр көшесі қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, Шостакович және Саңырақ батыр көшелерін жөндеу жұмыстары басталып, биыл мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары толықтай аяқталды. Нәтижесінде жол учаскесі екі жолақтан төрт жолақтыға дейін кеңейтіліп, жаяу жүргіншілер жолағы салынды.
Өткен жылы мердігер «Нұрлы жол-7» ЖШС үнемделген қаражатқа 29 904 шаршы метр, «РусСтрой» ЖШС 4 622 шаршы метрге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, «Нұр Әбдірахман Жолдары» ЖШС саяжай учаскелеріне апаратын жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Биыл орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 3,9 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Коммунальник», «Лето», «Ардагер» саяжай учаскелерінде ұзындығы 18,1 шақырымды құрайтын жеті жаяу жүргіншілер жолын салып, ұзындығы 73,8 шақырым болатын жолдарды қиыршық таспен толтыру жоспарлануда.
«Ұлы Дала» ықшамауданында ұзындығы 9,2 шақырым болатын 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде Қойшыбеков көшесі (Сүлейменов көшесінен Көшек батыр көшесіне дейін), Аппасова көшесі арқылы «Ұлы Дала» шағынауданына тікелей шығуға мүмкіндік туды.
Сондай-ақ 2024 жылы 23 980,8 шаршы метр қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланып, оның қорытындысы бойынша жеңімпаздармен келісімшарттар жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «КАТСА» ЖШС келісімшартқа сәйкес Тәуке хан, Төле би, әл-Фараби, Сүлейменов, Әйтеке би, Қазыбек би, Қонаев, Байзақ батыр көшелерінде жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ 1-10 шағынаудандардың кіреберіс жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жолдардың сапасын арттыру жұмыстары да келесі жылдың жоспарына енгізілген. Мәселен, 2025 жылға қала көшелерін орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында көшелер тізімін коммуналдық мекемелермен келісу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Асқаров, Рысбек батыр, 28 саяжай көшелері (Құмшағалдағы теміржол көпірінен Аса-Талас каналына дейін), Аса-Талас каналынан ескі Айша-Бибіге дейінгі айналма жолды қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған.