Жылдағыдай емес, биыл қар қалың түсті әрі аяздың қаттылығынан ұзақ уақыт сіресіп жатты.
Ауданда орын алған қарлы боран қаланы да, даланы да әуреге салды.
Боранның және қалың түскен қардың әсері жол қатынасына кедергі келтіргені рас. Бірақ жауапты мекемелер дер кезінде жұмыла жұмыс жүргізіп, жолдарды, көшелерді қардан тазартып отырды.
Аудандық және облыстық маңызы бар жолдардағы және көшелердегі көктайғаққа, қатқан қар мен мұзды жібіту үшін құм мен тұз аралас инертті заттар себіліп жатыр. Жаңатас қаласының ішіндегі орталық көшелер мен тұрғындар көп жүретін аумақтарға баса назар аударылуда.
Облыстық маңызы бар жолдарды «Сарысу жолдары» ЖШС-і, аудандық маңызы бар жолдарды «Диана» ЖК-і және Жаңатас қаласының көшелерін тазалау, күтіп ұстаумен «МирАйсаудакент» ЖШС-і айналысады.
Осы кезеңге дейін 420 тонна құм мен тұз аралас инертті материалдар себілді.
Қыс мезгіліндегі жолдардың жағдайы салаға жауапты мамандар тарапынан бақылауда.
Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан, қыз мезгілінде ұзақ жолда жүргенде әрдайым сақ болған жөн.