Байзақ ауданында қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар жолдардың үлесін жыл соңына дейін 98 пайызға, елді мекендердегі көшелерді 93 пайызға жеткізу жоспарлануда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 35,9 шақырымды құрайтын 37 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазірдің өзінде 33 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сарысу ауданындағы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаталап және Тоғызкент ауылдарына кіре берістегі жолдарды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. Жуырда ғана Тоғызкент кентіндегі Тоқтар Әубәкіров және Есмырза көшелерінің жол жамылғысына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жуалы ауданында биыл 1,2 миллиард теңгеге 39 ауылішілік және бір аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу жоспарланған. Тұрар Рысқұлов ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 25,2 шақырымды құрайтын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Биыл Мойынқұм ауданындағы жол желісін жаңғыртуға 559,7 миллион теңге бөлінді. Жол жөндеу бойынша барлығы жеті жоба жүзеге асырылуда. Шу ауданында биыл облыстық маңызы бар төрт жолға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 834,7 миллион теңгеге 26 шақырым жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Шу қаласы, Жаңақоғам, Далақайнар, Тасөткел, Мойынқұм және Төле би ауылдарының 29 көшесін жөндеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлінеді.