Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Жуалы ауданының даму жоспары қаралды.
Аудан әкімі Олжас Қаржауов атқарылып жатқан жұмыстар, жоспарлы жобалар мен өзекті мәселелер туралы баяндады.
Қазіргі таңда 710 жуалылық тұрғын үй кезегіне тіркелген десек, көпқабатты 12 үйдің (636) құрылысы жоспарлануда. Бұдан бөлек, баспанаға мұқтаж отбасыларды «Асарлатып үй салу», жас мамандарды «Дипломмен – ауылға» жобалары аясында үймен қамту жоспарлануда.
Сондай-ақ, 2025 жылға дейін жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған 3354 адамға жер телімдерін беру көзделуде.
Аудан көлеміндегі 49 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған (63,2 %). Қалған 11 елді мекенге су құбырын тарту, жетеуіне кешенді блок-модульдер орнату арқылы бұл мәселе түбегейлі шешілмек. Сонымен қатар, 40 елді мекен (81,6%) табиғи газбен қамтылған десек, бұл көрсеткіш алдағы 4 жылда 100 пайызға жететін болады.
2022-2025 жылдары аудан аумағында 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар бойынша 500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұдан бөлек 92 шағын жобаны (246 жаңа жұмыс орны) іске қосу күтілуде.
Жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, жаңартылған энергия, денсаулық, білім, мәдениет, кәсіпкерлік салаларын қамтиды. Басқосуда ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасының атқыралу барысы да сараланды.
Облыс әкімі әрбір жобанының маңыздылығын жан-жақты талқылап, бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жобалардың өзектілігі мен қажеттілігін қайта нақтылауды тапсырды. Орындалуы күмәнді жобаларды жоспарға енгізбеу керектігін атап өтті.
Аймақ басшысы табиғи газ тартылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды міндетті түрде көмірден көгілдір отынға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жауаптыларға жолдар салу мен жөндеу жұмыстарының сапасына барынша назар аудару, тексеру шараларын күшейтуді жүктеп, бір жолды жыл сайын жөндеуге бюджет қаражатын ысырап қылмау керектігін ескертті.
Нұржан Нұржігітов кейбір мәселелер бойынша бірқатар салалық басқарма мен аудандық бөлім басшыларынан және ауылдық округ әкімдерінен жауаптар алып, тұрғындардың тұрмысын арттыру, жұмыссыздар санын азайту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.