Атыраулық дәрігерлер тәжірибелі мамандардан тәлім алды. Облыстық кардиологиялық орталықта UMC Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының бөлім меңгерушісі, проктор Өмірбек Нұралинов электрофизиология қондырғысының соңғы үлгісін пайдаланып, шеберлік сабағын өткізді.
Сабақ барысында жаңа технологияның көмегімен жүрек аритмиясы бар 58 жастағы науқасқа күрделі ота сәтті жасалды. Күрделі отада алғаш рет қолданылған, құны 560 млн теңге болатын жаңа технологияны былтыр «Теңізшевройл» ЖШС кардиоорталыққа сыйға тартқан болатын.
– Бұл жабдық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жүрек-қантамыр ауруларын диагностикалау және емдеу мүмкіндігін кеңейтті. Бүгінде мұндай жоғары технологиялық құрылғылар республика бойынша санаулы ғана болса, соның бірі Атырауда орнатылған. Мамандар жаңа құрылғымен жұмыс істеу үшін Астана қаласында арнайы оқудан өтіп, тәжірибе алмасып келді. Сондай-ақ, өңірде алғаш рет проктор жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізді, – деді облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Сандуғаш Жұмағалиева.
А. ХАМИТТЕГІ














