Сенбі күні (2 тамыз) Семей қаласында Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және YouTube: Журналистикадағы жаңа трендтерді меңгеру» тақырыбында семинар өтті. Шараға өңір журналистері, баспасөз хатшылары, бас редакторлар қатысты.
Түркітілдес журналистер қорының бұл тренингі қызықтылығымен ерекшеленді. Аталған қор президенті, тәжірибелі де білікті журналист Нәзия Жоямергенқызы қазақ журналистерінің заман талабына сай біліктілігін арттыру, кәсіби маман ретінде табыс табу жолдарының қайда бағыт ала бастағанын тиянақты түсіндірді.
Бұл басқосу сабағына Нәзия Жоямергенқызы өзінің шәкірттері білгір медиатренерлер – Бауыржан мен Ерсұлтанды бірге таныстырып, сабақ өткізуіне жол ашқан соң, ЖИ (жасанды интеллект) алгоритмдері мен құралдарын тиімді пайдалану жолдары және YouTube платформасының мүмкіндіктері бойынша кеңінен таныстырды.
Айта кеткен жөн, аталған шараның жоғары деңгейде өтуіне Эльмира Жүрсінбекқызы, Азамат Қасым, Аяулым Ахметова, Әлихан Бөкейханұлы атындағы университет басшылығы кеңінен қолдау көрсеткен болатын. Семинар барысында Сәруар Қабдолла, Мирас Сейсенғазы, Кәусар Арықханқызы сияқты журналистер өздерін қызықтырған сауалдар төңірегінде сұрақтарын қойса, «018. ABAIAQPARAT» порталының бас редакторы Думан Кенжеғазин ЖИ тақырыбында білетін тәжірибесімен бөлісті.