Ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсету және олардың өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында салынған 150 орындық №2 коррекциялық орталық ашылды.
Балалармен логопед, дефектолог, психолог, әлеуметтік педагог жұмыс істейді.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, әкімдіктің балаларға сапалы беру үшін жан-жақты қолдау көрсететінін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бала туғаннан бастап көрсетілетін барлық мемлекеттік қызмет қарастырылуы керек екенін атап өтті. Соның аясында облыста жыл сайын әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға беріліп келеді. Осы бағытта «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы Құлсары қаласынан коррекциялық орталықты салды. Мұнда ерекше балаларды жеке және топтық бағдарламалармен әлеуметтік және медициналық, педагогикалық қолдау, сонымен қатар кешенді түрде түзету көмегін көрсету көзделген, – деді М.Мурзиев.
«Самұрық-Қазына» қоры АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов компанияның жоспарында Құлсары қаласына жаңа спорт кешенін салу бар екенін атап өтті.
– Біз әлеуметтік корпоративтік жауапкершілік шеңберіндегі жұмыстарды жалғастырамыз. Былтыр 7,2 млрд теңгеге 46 әлеуметтік жобаны іске қостық. «Самұрық-Қазына» қоры тасқыннан зардап шеккен өңірлерге 22 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Одан бөлек шетелдік серіктестер 2,5 млрд теңгеге көмек көрсетті. Сол қаражатқа 3 өңірде спорт кешендері салынуда. Соның бірі – Құлсары қаласы. Биыл спорт кешенінің құрылысы басталады деп жоспарланды, – деді Н.Жақыпов.
Оңалту орталығында 3-тен 6 жасқа дейінгі ерекше балалар екі ауысымда емделеді және білім алады. Мұнда оннан астам адам жұмыспен қамтылған. Олардың қатары қосымша 30-ға жуық қызметкермен толықпақ.
Айта кетейік, жаңа ғимарат «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобының атынан «Ембімұнайгаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының қаржыландыруымен Жылыой ауданы халқына табыс етілді.