АРМАНЫ АСҚАҚ, РУХЫ БИІК АҚСАҚАЛ ЕДІ...

АРМАНЫ АСҚАҚ, РУХЫ БИІК АҚСАҚАЛ ЕДІ...

Жарылқасын Әзіретбергенұлы (1939-2025 жж.) 87 жасына қараған шағында өмірден озыпты.  Осы кезге дейін мемлекет тарапынан еңбегі бағаланып, «Барыс», «Парасат» ордендері мен көптеген медальдарға ие болды. Ол үшін одан да зор құрмет, үлкен марапат елдің құрметі, халқының ризашылығы еді. Ол ұстаз, білікті басшы болды, жауапты қызметтер атқарды. Бастысы елдің арқасүйер абызы, сенімді серігі болды. Жоғарыға көптің сөзін жеткізіп, үнін естіртті. Халықтың мұңын, ел мен жердің тағдырын таразылады. Ол баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарында әрқашан айтарын жасырмай қасқайып тұрып тура баяндады. Өте маңызды күйіп тұрған мәселе мен шешпесе болмайтын өткір дүниелерді Астананың ойына салып, құлақтарына дауыстап отырды. Әне, сондай кезде Ақорда арнайы өкілін жіберіп, Жарылқасын Әзіретбергенұлымен сағаттап сөйлесіп, түпкі ойы мен көздеген мақсатын Ақордаға алып қайтқанын жақсы білеміз. Өйткені ол мемлекетшіл, халықшыл, санасы биік, сарабдал жан еді. Адамдарды айналасына жинап, ұйыта алған, ұйымдастыра білген кемел ойдың кермесі болатын.

 

Анау жылдары «Оңтүстік Қазақстан облысы» болып тұрған кезде, ол игі бастамасын өзі қоныстанып еңбек еткен Түркістан қаласынан бастап жіберді. Яғни «Түркістан қалалық Ақсақалдар алқасын» құрды. Қоғамдық ұйым ретінде тіркеліп, қала мен қала маңындағы елді мекендерді негіз етіп тың бастамаларды қолға алды. Кейін Шымкент қаласы өзінше мегаполис дәрежесіне жетіп, Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласы болды. Сол кезде «Ақсақалдар алқасын» қайта тіркеуден өткізіп, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы етіп күшейтті. Содан бастап ұйымды жүйелеп, функцияларын байытып, қызметті жандандыра түсті.  

Облыстық ақсақалдар алқасы ең әуелі жұртшылыққа терең араласып, олармен берік байланыс орнатты. Облыстық әкімдіктің қолдауына ие болды. Содан соң Түркістан қаласының тазалығы мен абаттануын қолға алды. Ол үшін қаладағы мыңнан артық көшенің жауапты адамдарын тағайындап (олардың дені Ақсақалдар алқасының мүшелері), тазалық пен көгалдандыруды мықтап қолға алыпты. Екінші қадамда тұрмыстық жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларды анықтап, оларға көмектесуді қолға алады. Жұмыс екі бағытта жүріледі. Бірінші – кембағал отбасылар үшін киім-кешек тарату. Екінші – азық-түлік беру ісін жолға қояды. Ол үшін «Қайырымдылық дүкенін» ашады. Қаладағы ауқатты, жағдайы жақсы отбасылар өз еркімен дүкенге келіп, жаңа және жарамды заттарын тапсырады. Қоғамның мүшелері оларды қабылдап, сұрыптап сортқа бөліп, дүкен сөрелеріне қояды. Көбі ақшалай демеушілік жасап, дүкенді толтырып отырады. Аптаның белгілі күнінде мұқтаж жандар келіп, керекті заттарын тегін алып қайтады. Үшіншіден, Ақсақалдар алқасы өз ішінен «Үлес» деген қайырымдылық қор ашып, баспана тұрғызумен айналысады. Олар ең кедей, мүгедек, көпбалалы, ауру-сырқаулы аз қамтылған отбасыларды анықтаған соң, баспана салып беріп отырған. Оған «Үлестің» басында отырған Райымжан Қошқаров деген ұстаз, кәсіпкер азамат жауапты болып, осы кезге дейін 50-ден  (елу) аса отбасын баспаналы етті. 

Ақсақалдар алқасы халыққа қамқор, билікке қолдаушы. Олар – елге қызмет етушілер, билікпен бірлесе отырып мемлекеттің жүгін жеңілдетушілер. Тыңдайтын құлаққа кеңесін айту, бір жағына шығып, бітпей тұрған шаруаны қозғау. Онан ары олар Ұлттық құндылық пен салт-дәстүрді қолға алып, облыс көлемінде байқау өткізіп, аудандардан командалар жасақтап, ел ішіндегі таңдаулы дәстүрлерді жаңғыртып ұрпақ тәрбиесіне мықтап пайдаланумен келе жатыр. Сондай бір шараға газетімізден арнайы өкіл барып, қазылардың құрамында болып қайтты. 

Міне, осы айтылған мәселелерді біздің «Qazaqstan dauiri» газеті тексеріп-зерттеп, көзімізбен көріп, әлденеше мәрте жаздық. Жарылқасын Әзіретберген ақсақалмен үш рет, «Үлестің» жетекшісі Райымжан Қошқаровпен бір рет сұхбат өткізіп, газетке жарияладық. Газеттің Бас директоры, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы Түркістан қаласына әлденеше мәрте бару арқылы облыстағы осы бір жақсы жаңалықты елге жайып, қоғамға үлгі ретінде ұсынды. Газеттің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы ақсақал туралы жазылған ақжолтай материалдарды алдыға шығарып, газеттің төрінен орын берді. 

Қазақстанда «Республикалық ардагерлер ұйымы» бар. Ал, Жарылқасын Әзіретбергенұлының бастамасымен өмірге келген «Ақсақалдар алқасының» сипаты да, атқарып жатқан ісі де өзгеше болатын. Оларда сөзден гөрі нақтылы жұмыс бар, атқарып жатқан іс бар. Жыл сайын нәтижесі жарқырап көрініп отырады. Олар – қоғамға қозғау салып, орталарына ықпал тудырумен келе жатқан бірлестік. Газетіміз арқылы ол кісінің арманын республикаға жеткіздік. 

Ақсақал: «Ақсақалдар алқасы Түркістан облысында ғана емес, мемлекет бойынша барлық облыстарда құрылу керек. Бүгінгі күннің талабы – Ақсақалдар институтын қалпына келтіру, ұлттық құндылық арқылы ұрпақ тәрбиесін қолға алу», – деген болатын. Газетімізде жарияланған сұхбаттарында соның бәрін ашық айтты. «Атадан ұл туса керек, ата жолын қуса керек» деп келе жатқан ақсақалымыз «Мемлекет пен ұлттың ертеңі – жас ұрпақта. Ендеше, бала тәрбиесі бәрінен маңызды» дейтін. Әл-Фараби бабамыз айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналық оның ұстанымы болды. 

Ардақты азамат, аяулы қария, аты затына сай ақсақалымыз Жарылқасын Әзіретбергенұлы тағдырдың жазуымен өмірден өтті. Ол армандаған қоғам мен қиялдаған келешектің дәнін егіп кетті. Бар күшін салып тіршіліктің үлгісін көрсетіп бастап берді. Ақсақал жалғыз емес, оның айналасында үлгісін алған ағалар мен жігерлі жастар бар. Ұйымға 18-ге толған жастан бастап, қоғамның ер-әйел барлық азаматы мүше бола алады. Ұйымның «жарғысы мен ережесіне» бағынса, толыққанды мүшесі бола алады. Осы шарт бойынша Ақсақалдар алқасында мыңдаған адамдар ерікті волонтер ретінде белсенді қызмет етеді. Бұл ұйым жастар мен қарттарды жақындатып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Зейнетке шығып, үйлерінде жатқан аталар мен әжелердің де мүмкіндігін ашып, қоғамға керек екенін сездіріп, елге үлестерін қостырып отыр. Осылайша саналы адам, сапалы қоғам қалыптастырып, «Таза Қазақстан» мен «Әділетті Қазақстан» құру сынды ортақ даму жолына жұмылдырып келіп еді. 

Өмір деген сол, туған адам ерте ме, кеш пе, бір қайтады. «Кейбіреудің өлімі қауырсыннан да қадірсіз, кейбіреудің өлімі Тәңіртауынан да қадірлі» болады. Жарылқасын Әзіретбергенұлы ақсақалдың қазасы халықтың қабырғасын қайыстырып, қайғыға батырып кетті. Ол жасының ұлғайғанына қарамай, соңғы демі қалғанша өзі құрған «Ақсақалдар алқасының» жұмысын алға сүйреді. Адамдардың ізгі жолда болуын аңсады, қоғамның мөлдірлігін көкседі. Биліктің халыққа қызмет етуіне үйлесімді жолдар ұсынды. Бүгінгі құнарлы топыраққа сепкен асыл дәні сөзсіз көгеріп көктеп өсіп шығады. Ол аңсаған даму мен өркендеу жүзеге асып, елдік мәртебеміз арта түсетініне сенеміз. 

Ардақты ақсақалымыз, аяулы ұлт перзенті Жарылқасын Әзіретбергенұлының иманы жолдас болсын! Ел-жұртына, Ақсақалдар алқасына, отбасына қайғырып көңіл айтамыз! Бастаған жұмыстары баянды жалғасып, рухы асқақтай берсін!

 

«Qazaqstan dauiri» 

халықаралық, қоғамдық-саяси газеті мен 

балаларға арналған 

республикалық

 «Мөлдір бұлақ» журналы

 

21.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16512
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31706
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30311
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33918