«Картография және тарих: бүгінгі геосаясат және ұлттық қауіпсіздік» тақырыбы бойынша Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, «Қытай және Азия-Тынық мұхиты аймағын зерттеу» ғылыми орталығының меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкері Қастер Сарқытқанды сұхбатқа шақырған едік.
Карталар империялық саясаттың құралына айналды
– Бүгінгі таңда геосаяси мәселелер, аймақтық кикілжіңдер ушығып тұрған жағдайда, тарихи карталар дәлел ретінде пайдаланылып, бітімге келуге септігін тигізіп жатқан фактілерді естіп жүрміз. Осы орайда, Сізден тарихи карталар туралы нақты білгіміз келеді.
– Карталар – адамзаттың қоршаған ортаны тану мен оны басқарудағы ең көне құралдарының бірі. Ол жер бетіндегі кез келген заттың, дененің, құбылыстың, табиғи күштердің кеңістіктегі орнын және өзара ықпалы мен қатынастарын көрнекі түрде бейнелеп, түсіндіріп көрсетеді. Өзіңіз айтқандай, тарихи карталар – адамзат даму тарихының жарқын көріністері ретінде, ескіден сыр шертіп, шынайы болмысқа, қазіргі кездегі түрлі дау мен таласқа нүкте қоюға көмектесетін аса бағалы жәдігер. Оны тарихшылар, географтар мен саясаттанушылар құнды бастапқы дереккөзі ретінде бағалайды және пайдаланады. Өйткені, тарихи карталар белгілі бір географиялық аумақ, ғарыштық дүниетаным және идеологиялық жүйелер туралы мағлұмат беретін бірден-бір ақпарат көзі.
Картографияның даму тарихына көз жіберер болсақ, оның жазудан да, сандық таңбалардан да бұрын пайда болғанын біле аламыз. Себебі, әлемнің көптеген аймақтарында карталар күнделікті тұрмыста дүниежүзінің басым көп бөлігінің тұрғындары жергілікті деңгейінде карталарды қолданып өмір сүрген. Осылайша, карта – әрі ежелгі, әрі кең таралған құбылыс ретінде біздің дәуірімізге жетті. Біз бұдан карталар археологиялық немесе жазбаша деректер арқылы белгілі бір өркениеттер дәуірінде адамдардың өміріне, ойлауына және қиялына зор әсер еткен құбылыс екенін аңғарамыз.
Теологиялық дүниетанымды бейнелеуден эмпирикалық картографияға көшті. Бұл үрдеріс Ұлы географиялық ашулар кезеңінде нақты көрініс тапты. Техникалық және ғылыми жетілдірулер қалыптасты. Мәселен, ендік пен бойлық жүйесін қолдану кең тарала бастады. Астрономиялық бақылау құралдары карталардың дәлдігін арттырды.
Отарлық және саяси мақсаттарда картографияның дамуында зор рөл атқарды. Мысалы, жаңадан ашылған жерлерге иелік ету, шекара белгілеу және отарлау үдерістерін карталар арқылы заңдастырып отырды. Осылайша, карталар империялық саясаттың құралына айналды. Сондай-ақ мәдени және ағартушылық алмасулардың сауда мен саяхатшылықтың да өз ықпалы болды. Мысалы, өзара білім алмасу нәтижесінде Еуропалық картографтар араб, қытай және байырғы халықтардың деректерін кеңінен пайдалануға мүмкіндік алды.
– Тарих пен картографияның байланысы қандай деңгейде? Тарихшылар картаны қаншалық меңгерген?
– Біз күні бүгінге дейін карталардың қашан және қай жерде бірінші болып қолданысқа енгені туралы нақты әрі ғылыми дәлелдемеге ие болғанымыз жоқ. Алайда, алғашқы карталардың адамзаттың балаң сана-түсінігі бойынша қасиетті кеңістіктерді бейнелеуден бастау алғаны туралы пікірмен келісуге болады. Мысалы, Вавилонның (Бабыл) дүниежүзілік картасы (б.з.д. VI ғасыр) – нақты географиядан қарағанда ғарыштық тәртіптің рәміздік көріністерін бейнелеуге бағытталғанын пайымдауға болады.
Біз ежелгі карталарды қарастырғанымызда, жоғарыда атап өткеніміздей, байырғы өркениеттерде картография тек географиялық бағдарлау құралы ғана емес, сонымен бірге, діни, мифологиялық және идеологиялық түсініктердің көрінісі ретінде пайдаланғанын пайымдадық.
Жалпы тарих пен география және картография өте тығыз байланыстағы ғылым салалары. Оларды бір-бірінен бөліп қарастыруға келмейді. Себебі тарихта, белгілі бір оқиғаның орын алған немесе тарихи тұлғаның өмір сүрген мезгілі мен мекенін білу аса құнды ақпарат саналады. Осындағы мекен – география болса, мезгіл – тарих. Ал екеуін байланыстырып тұрған дәлелді дүние, ол – карта. Дүниеде көптеген нәрселер, үйлер, жолдар және т.б. материалдық заттар тозады, күйрейді. Ал сақталып қалып, болашаққа қалып қоятын бір жәдігер осы карта. Өйткені, оны жақсы сақтайтын болса, ұзақ дәуірге сақтауға болады әрі ол сол дәуірдің шыны мен сырын шертеді.
Тарих – аса ауқымды, көп салалы ғылым. Дәуірлер мен аймақтарға байланысты зерттеу бағыты да сан алуан. Бірақ, қалай болмасын тарихшылар үшін картаның орны бөлек. Картамен жұмыс істеген ғалымдардың еңбегі дәлелді болады деп санаймын.
Жас ұрпақтың патриоттық сана-сезімін қалыптастырады
– Қазір тарихшылар тарихи карталарды іздеп тауып, сол туралы мақала жазады, сұхбат беріп жүр, сол тарихшыларды картограф деп атауға бола ма?
– Картограф – карталар мен жоспарларды жасайтын маман. Ол географиялық деректерді жинап, өңдеп, оларды визуалды түрде, яғни карта түрінде бейнелейтін адам.
Картографтың негізгі міндеттері: Географиялық деректерді жинау. Мәселен, жер бедері, шекаралар, су ресурстары, жолдар, инфрақұрылым және т.б. деректер; Деректерді талдау және геоақпараттық жүйелер (GIS) арқылы деректерді жүйелеу; Карта жасау. Жалпы және арнайы тақырыптағы карталарды әзірлеу; Карталарды жаңарту. Мысалы, жаңа деректерге сәйкес ескі карталарды өзгерту, толықтыру. Егер осындай міндеттерді орындай алатын болса, онда ол адамды картограф деп атауға болады.
Өз басым Шынжаң университетінде география факультетінде бес жыл білім алғанда 2 жыл бойы осы картамен алыстық. Түрлі карталарды сыздық, оқыдық және жаттадық. Сондықтан картографиядан біршама сауатым бар деп ойлаймын, алайда картографпын деп айта алмаймын.
– Карталар арқылы ұлттық идеология мен саяси көзқарастар қалай қалыптастырылады?
– Ұлттық идея – халықтың тарихи сана-сезімімен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін рухани код түрінде көрініс табады. Осындай терең әрі өміршең идеясы бар халық, тарихтың қандай ауыр кезеңдері мен тығырықтарына тап келсе де, өзінің ішкі қуаты мен рухани әлеуетінің арқасында қайта жаңғырып, тарихи сахнаға оралу қабілетіне ие болады. Бұл – тарихи дамудың заңдылығы, өркениеттер динамикасының өзіндік табиғи үрдісі. Осы тұрғыдан сұрақ өте өзекті деп санаймын. Картография тек географиялық ақпарат қана емес, сонымен қатар саяси құрал ретінде де қызмет етеді. Себебін талдап көрейік:
1. Карталар – шындықтың таңдамалы көрінісі. Кез келген карта белгілі бір мақсатқа сай жасалады: не көрсетіледі, не көрсетілмейді, қалай бейнеленеді – мұның бәрі картографтың немесе тапсырыс берушінің көзқарасына байланысты. Осылайша, карта арқылы идеологиялық бағыт та берілуі мүмкін.
2. Шекараларды көрсету – мемлекеттік егемендікті бекіту. Карталарда мемлекеттік шекараларды нақты сызу арқылы белгілі бір аумақты «біздікі» деп тану әрекеті жасалады. Мысалы: Қытайдың карталарында Тайваньды елдің бір бөлігі ретінде көрсету.
Ресей карталарында Қырымды Ресей аумағы ретінде белгілеу. Бұл – ұлттық идеологияны картографиялық жолмен заңдастыру.
3. Білім беру арқылы санаға әсер ету. Мемлекеттік мектептерде пайдаланылатын атластар мен оқулықтағы карталар арқылы жас ұрпақтың патриоттық сана-сезімін қалыптастырады. Мысалы Қытай елінде «Еліңді біл, еліңді сүй және еліңе қызмет қыл» деген үндеу болды. Бұл дегеніміз жас ұрпақ алдымен елін білуі керек, білген соң ғана Отанына сүйіспеншілік қалыптасады. Отанын сүйген адам ғана еліне қызмет істей алады. Міне, осы ниетті қалыптастыру үшін мектептегі «География» пәнінің маңызы зор. Бірақ біздің елде география пәні маңызды пәндер қатарында саналмайды, барған сайын сағат саны кеміп отыр. Ал карталар арқылы өз елінің «мерейін үстем» етудің жолдары көп. Соның бірі – карталарда мемлекеттік рәміздер орналастырылады және өз елі ерекше әдемі, жарқын түспен боялып немесе үлкейтіліп көрсетілуі мүмкін. Ал өз елімен бір саяси бағытта болмаған, «жау» саналатын мемлекеттер көріксіз түстермен, шеттетіліп көрсетіледі. Бұл жастарда ұлттық бірегейлік пен мақтаныш сезімдерінің қалыптасуына түрткі болады.
4. Саяси шынайылық пен картографиялық манипуляция қатар жүреді. Мысалы, карталарда шынайы жағдай бұрмаланып көрсетілуі де мүмкін. Бұл арқылы даулы аумақтар «еш даусыз», өз аумағы ретінде көрсетіледі немесе қарсылас елдердің аумағы кішірейтіліп не өзгертіліп басқаша көрсетіледі. Бұдан сырт, географиялық масштабты әдейі бұрмалауы, тіпті, белгілі бір аумақты картадан мүлде алып тастауы да мүмкін. Міне осылайша, карта – қоғамдық пікірді биліктің қалауындай етіп қалыптастыру үшін керек құралға айналады. Тағы бір жағынан қарсы тарапты саяси арандатып, өз қоғамын мобилизациялау жағдайына жеткізеді. Бұған Армения мен Әзербайжан арасындағы карталарда бір-бірінің аумағын әртүрлі көрсету арқылы қақтығысты «заңдастыру» фактісін мысал ретінде алуға болады.
5. Карталар кейде мемлекеттік мүдде мен насихат құралы ретінде де қызмет атқарады. Кейбір елдер пропагандалық карталарды (плакаттар, медиа, ресми басылымдар) пайдаланып, өз идеологиясын таратады. Мұндай карталарда әлде бір тарихи немесе стратегиялық маңызды жерлер өздерінің аумағы ретінде бейнеленеді. Бұл сол елдің геосаяси мүддесі үшін жасалады.
Сондықтан карталар – жай ғана ғылым, яғни географиялық құрал емес, ұлттық идеология мен саяси көзқарасты қалыптастыратын қуатты күш. Олар арқылы елдер өз территориялық тұтастығын заңдастырады, тарихи мұраны дәлелдейді, ұлттық бірегейлікті қалыптастырады және саяси мүдделерін насихаттайды.
– Картография геосаяси шекараларды қалыптастыру мен заңдастыруда қандай рөл атқарады?
– Бұл сұрақ – картографияның саяси ықпалы мен халықаралық құқықтағы орнына қатысты өте маңызды мәселе. Оны төмендегідей бағыттарда талдап көрейік:
1. Карталарды – бір елдің өзінің аумақтық иелігі мен тұтастығы туралы жалпақ әлемге жариялаған мәлімдемесі ретінде қарастыруға болады. Мәселен, жаңа тәуелсіз мемлекеттер өз картасын жасап, шекарасын айқындаса, ірі державалар карталар арқылы өз ықпалының осы жерге жеткенін көрсетеді. Қалай болмасын әр ел өз аумағын карта арқылы визуалды түрде бейнелеп, шекаралық сызықтар арқылы аумақты «өзінікі» деп таниды және заңдастырады. Мәселен Ресей Қырымды Ресей аумағы ретінде картада көрсетуі өзінің саяси мүддесін «визуалды түрде заңдастыру» деп бағалауға болады.
2. Шекаралар тарихи карталар негізінде дәлелденеді. Қазіргі таңда кейбір мемлекеттер арасындағы шекаралық тартыстарда тарихи карталар «төреші» болып отыр. Өйткені, тарихтан қалған даулы жерлер тарихи тұрғыда кімнің иелігі екенін анықтауда картадан артық негіз жоқ. Егер тарихи карта негізінде әділдік орнаса, онда ұлттық мұра мен құндылықтар да қорғап қалынады деген сөз. Халықаралық соттарда немесе БҰҰ деңгейіндегі дауларда ресми карталар дәлел ретінде айғақ бола алады. Алайда оның өзіндік тәртібі де бар. Картаның жасалу уақыты мен дереккөзінің шынайылығы және ол карта қандай саяси контексте жасалғаны ескеріледі. Мысалы, Эфиопия мен Эритрея арасындағы шекара дауына қатысты 1998-2000 жылдардағы соғыстың соңында халықаралық сот кезінде картографиялық деректерді пайдаланып соғыс отын өшірді. Сондай-ақ 2013 жылы Тайланд пен Камбоджа арасындағы Преах Вихеар ғибадатханасына қатысты дауда халықаралық сот тарихи карталарға жүгінді.
Осы негіздерді жинақтай келе, картографияны геосаяси шекараларды қалыптастыру мен заңдастырудағы географиялық дерек емес, саяси, құқықтық және идеологиялық мәні бар құрал екенін түсінеміз. Екіншіден, шекаралар туралы халықаралық дауларда карта дәлел болса, ал ішкі саясатта ұлттық тұтастықтың символы болып табылады.
Ұлттық идеологияны нығайтатын құрал ретінде
пайдаланылады
– Тарихи карталар бүгінгі ұлттық территориялық талаптар мен қақтығыстарға қалай әсер етеді?
– Бұл сұрақтың жауабы – тарихи карталар қазіргі геосаяси даулар мен ұлттық территориялық талаптарды негіздеудің қуатты құралына айналғанын көрсетеді.
1. Ұлттық идеологияны нығайту құралы. Тарихи карталар жиі ұлттық тарихты насихаттау мақсатында қолданылады. Бұл әсіресе көрші елдермен арадағы шекаралық шиленістерде, даулы аймақтарда немесе этникалық, діни қақтығыстар жиі туындайтын тарихи маңызы бар жерлерде байқалады. Таяу Шығыстағы Иерусалимге, Үндістан мен Пәкістан арасындағы Кашмирге қатысты тарихи карталарды қолдана отырып, өз тұғырын негіздейді.
2. Қақтығыстарды ушықтыру ықтималдығы. Бұның себебі – тарихи карталар көбінесе біржақты ақпарат беруі, сол арқылы қазіргі шекараларды жоққа шығаруы да мүмкін. Бұл жағдай қарсы тарапты қабылдауы қиын талаптарға итермелеп, қақтығыстар мен дау-дамайдың шешімін табуына кері әсер етуі ықтимал. Мысалы, Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабах дауы кезінде тарихи карталар екі жақта да «қасиетті жер» ретінде дәлелдер ұсынылып, жалпы ұлттық сезімге әсер етіп, соғыс отының шығуына себеп болды.
3. Мәдени мұра мен тарихи әділеттілікті қорғау. Кейде тарихи карталар этникалық немесе діни азшылық қауымдастықтары өз құқықтарын қорғау мақсатында ата-бабалары мекендеген тарихи жерлерді дәлелдеуге тырысып, сол арқылы автономия мәртебесін алуға талпынады. Осыларды тұжырымдасақ, тарихи карталар – қазіргі ұлттық территориялық талаптар мен қақтығыстарда маңызды идеологиялық, саяси және құқықтық рөл атқарады. Олар мемлекеттер үшін «тарихи шындықтың дәлелі» болып саналады, бірақ бұл дәлел әрқашан объективті болып, екі тарап бірдей қабылдайтын мәртебеге ие бола бермейді. Сондықтан тарихи карталар – бір мезетте дәлел де, дау тудыратын дерек көзі де бола алады.
– Отандық тарих мамандығында картография сабағы оқытылуы керек пе?
– Керек, өте қажетті пән деп санаймын. Мысалы, ЖТН BR24993132 «Ватиканның және Батыс Еуропа елдерінің жаңа құнды материалдары бойынша Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениеті» тақырыбындағы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын іске асыру шеңберінде аса маңызды зерттеу тақырыбы – Түркі әлемінің ерте және ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне қатысты Ватиканның және басқа да Батыс Еуропа елдерінің мұрағаттары мен кітапханаларынан ескі, тарихи карталарды зерттеу қолға алынып отыр. Осы тақырыпты менің басты зерттеу нысанам ретінде қарастырып отырмын. Осыған орай, таяу күндері аталған елдерге барып, зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмын. Бұл жоба еліміз тарихындағы аса ауқымды жоба болып отыр. Жобаның ортаға шығуына, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасы себеп болып отыр. Егер бұл жобамыз сәтімен орындалса, еліміздің тарих, этнография, география, саясаттану, шығыстану, аймақтану, дінтану, экономика, деректану және басқа да ғылым салалары үшін аса зор, құнды әрі жаңа әдебиеттер қосылар еді. Ұлттық тарихымыздың аңтаңдақ тұстары толығар еді.
– Геоақпараттық технологиялар (GIS, спутниктік бейнелер) қазіргі ұлттық қауіпсіздік жүйелерінде қандай рөл атқарады?
– Сұрақ қауіпсіздік, қорғаныс және стратегиялық басқару тұрғысынан маңызды.
1. Ұлттық шекараны бақылау және басқару. Мәселен, қазіргі қолданыстағы GIS және спутниктік бейнелер арқылы мемлекеттік шекаралар нақты бақыланады. Оның ішінде заңсыз көші-қон, шекара бұзу фактілері жедел анықталады. Шекара маңындағы инфрақұрылым (посттар, жолдар) тиімді жоспарланады. Бұған жарқын дәлел ретінде АҚШ пен Мексика шекарасында спутниктік бақылау жүйелерінің орнатылғандығын мысал етуге болады.
2. Әскери барлау және операцияларды жоспарлау. Геоақпараттық жүйелерді орнату және қолдану арқылы әскери операциялар кезінде жер бедерін, жолдарды, кедергілерді дәл бейнелейді. Жау позицияларын бақылау үшін спутниктік деректер қолданылады, осының нәтижесінде ұрыс даласында тактикалық деңгейде жоспар жасауға көмегі тиеді. Мысал: НАТО әскері соғыс аймақтарында нақты картографиялық деректер арқылы әрекет етеді.
3. Төтенше жағдайлар мен табиғи апаттарға жедел әрекет. GIS көмегімен жер сілкінісі, су тасқыны, өрт аймақтары картада белгіленіп, жедел әрекет ету жоспары жасалады, қауіпсіз эвакуация жолдары белгіленеді және қай аудандарға көмек бірінші кезекте қажет екені анықталады. Бұл тәжірибе осындай жағдайлар жиі туындап отырған Жапония секілді елдерде қолданылады. Онда цунами қаупі болған кезде спутниктік дерекпен нақты қауіп аймағы белгіленеді.
4. Терроризм мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес. Бейнебақылау деректері мен карталар біріктіріліп, қылмыстық топтардың қозғалысы бақыланады. Стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі картада белгіленген қауіп аймақтары арқылы есептеледі. Мысал: Лондон қаласы қауіпсіздік карталарымен интеграцияланған бақылау жүйелерін қолданады.
5. Киберқауіпсіздік және инфрақұрылымды қорғау. GIS арқылы энергетикалық желілер, су жүйелері, байланыс нүктелері картада белгіленеді. Стратегиялық нысандардың орналасуы мен тәуекел деңгейі есептеледі, сондай-ақ кибершабуыл кезінде нақты қай инфрақұрылым нүктелері зардап шеккені көрінеді.
6. Ұлттық жоспарлау және стратегия. GIS тек қауіпсіздік үшін ғана емес, елдік даму стратегияларын жоспарлау үшін де маңызды. Мәселен, қалалар мен ауылдардың өсу қарқынын, қорғаныс инфрақұрылымын орналастыру және демографиялық және әлеуметтік қауіптерді болжауда қолданылады. Тұжырымдап айтқанда, Геоақпараттық технологиялар (GIS және спутниктік бейнелер) – қазіргі ұлттық қауіпсіздік жүйесінің ажырамас, стратегиялық маңызды бөлігі. Адамзаттың алдағы даму тарихы осы технологиядан еш қол үзе алмайтын жағдайға барады.
Цифрлық карталар мен ашық геодеректердің қаупі де бар
– Картографиялық манипуляция ұлттық қауіпсіздікке немесе халықаралық қатынасқа қалай әсер етуі мүмкін?
– Алдымен ұлттық қауіпсіздікке ықпалын талдап көрейік: Территориялық тұтастықты бұзу қаупі бар. Мәселен, бір мемлекет немесе әскери топ картада елдің бір бөлігін «өзінікі» деп көрсетсе, бұл ұлттық егемендікке тікелей қауіп саналады. Екіншіден, ішкі тұрақтылықты шайқалтады. Мәселен, кейде карталар ішкі этникалық немесе автономиялық аймақтарды бөлек ел ретінде бейнелеп, сепаратизмді қолдауға жол ашады. Бұл ішкі тұрақтылыққа, ұлттық бірлікке қарсы әрекет ретінде қабылданады. Үшіншіден, халықаралық қатынасқа әсері болады. Бұл әсер дипломатиялық дау туғызуы мүмкін. Мысал: Google Maps түрлі елдерде әртүрлі шекара нұсқаларын қолданғаны үшін бірнеше рет халықаралық сынға ұшырады. Бұдан бөлек, ақпараттық соғыстың құралы болуы да ықтимал. Карта кейде пропаганда құралы ретінде пайдаланылады: қарсы мемлекеттің аумақтарын «жоққа шығару», территориялық амбициялар білдіру. Бұл жағдай асқына түссе, гибридтік соғыс элементіне айналуы мүмкін. Сонымен бірге, карталардың қоғам санасына да әсері барын ұмытпағанымыз жөн. Себебі, карта – тек саясаткерлерге емес, жастарға, оқушыларға әсер етеді. Мәселен, жастардың әлемдік түсінігін бұрмалап, жалған тарихи немесе саяси ақпаратты қалыптастырады. Ұлттық немесе этникалық өшпенділікті күшейтуі мүмкін. Осыдан шығар түйін: Картографиялық манипуляция – ұлттық қауіпсіздік пен халықаралық қатынасқа тікелей әсер ететін, геосаяси маңызды құрал. Ол елдің егемендігі мен территориясына қауіп төндіруі, шиеленістер мен қақтығыстарға себеп болуы, тіпті ақпараттық, идеологиялық қару ретінде қолданылуы мүмкін.
– Цифрлық карталар мен деректердің ашықтығы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре ме?
– Иә, цифрлық карталар мен ашық геодеректер ұлттық қауіпсіздікке белгілі бір жағдайда қатер төндіруі мүмкін, себебі олар стратегиялық ақпаратты қолжетімді етеді. Ол үшін «ашық цифрлық карталар» деген не? Соған тоқталып өтейік. Ашық цифрлық карталар – бұл: Google Maps, OpenStreetMap, Bing Maps сияқты сервистер, Спутниктік бейнелер, 3D инфрақұрылым карталары. Ал бұлар жарияланып кетсе, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Мәселен, стратегиялық нысандар анық көрініп қалады, соның ішінде әскери базалар, электр станциялары, су қоймалары және байланыс мұнаралары мен Үкімет ғимараттары, сондай-ақ басқа да стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдар. Бұл деректер террористік топтар, шетелдік барлау немесе хакерлік ұйымдар үшін пайдалы болуы мүмкін. Бұдан тыс, жергілікті осал тұстарды анықтауға қолайлы болады. Мысалы, шекара маңындағы жолдар, күзетсіз өткелдер немесе ауылдар цифрлық картада көрсетілген болса, бұл шекара бұзушылар үшін жол көрсеткішіне айналуы мүмкін. Ең жаңа қауіп – спутниктік бақылау әскери құпияны ашып көрсете алады. Себебі, жоғары сапалы спутниктік карталарда, әскери техникалардың қозғалысы, жаңа объектілердің құрылысы және ұшақ алаңдары мен зымыран қондырғылары көрінеді. Бұл әскери тактикаларды әшкерелеу қаупін тудырады. Енді осыларды қорытындылайтын болсақ: цифрлық карталар мен ашық геодеректер бір жағынан даму мен ақпаратқа қолжетімділікті арттырса, екінші жағынан ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Олардың ішінде бастылары: Стратегиялық нысандардың жария болуы; Әскери және инфрақұрылымдық осал тұстардың көрінуі; Геосаяси манипуляцияларға жол ашу және т.б. болып табылады.
Редакциядан:
Мемлекеттік шекараны белгілеуге Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары ерекше назар аударып, сол кездегі (1920 ж.) Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинді осыған мәжбүрлеген. Арнайы топ жасақтап, Мәскеуге, Кремльге жібереді. Ұзақ айтыс-тартыстан соң қазіргі шекарамызды, картамызды бекіттіріп алған. Одан бері жүз жылдан астам уақыт өтті. Шекарамыз мызғымай отыр деп, әрине, айта алмаймыз. Елімізге көз алартушылар біршама жерімізді жан-жақтан жұлмалап алып кетіп, иеленіп қалғанын қалай ғана айтпассың?! Солтүстіктегі де, шығыстағы да көршілер біраз жерімізге көзін салып отыр. Біздің газетіміздің жанашыры әрі тұрақты авторымыз Қастер Сарқытқанға бүгінгі маңызды тақырыпты егжей-тегжей қозғағаны үшін рақметімізді айтамыз.
Сұхбаттасқан –
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ