Үшінші дүниежүзілік соғыс бола ма? Қауіп қайдан, қашан және кімнен?

0
1894

Әлемдік Соңғы уақытта Үшінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануы мүмкін екендігі БАҚ беттерінде де, әлеуметтік желілерде де өте көп айтылып жүр. Шетелдік сарапшылар, саясаттанушылар мен ғалымдар оның қай жерден бастау алатынын, оған қандай себептер түрткі салатынына өздерінше болжамдар жасауда. Ал, бұқара халық болса, «Үшінші дүниежүзілік соғыс қашан басталып кетер екен?»,— деген үрейден арыла алар емес. Оған негіз болатындай себептер де баршылық. Мәселен,  қазіргі таңда Мәскеу мен Вашингтон және Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынас қатты шиеленісіп тұр. Екінші дүниежүзілік соғыстан қатты зардап шеккен әлем елдері 1945 жылдан бері әскери қақтығысқа жол бермей келді. Дегенмен әлемдегі саяси ахуалдың  қатты ушыққандығы сондай, кәнігі саясаткерлер мен білікті сарапшылар қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде алпауыт державалардың арасында соғыс өрті тұтануы мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Мамандар айтып жүрген соғыс өрті тұтануы мүмуін өңірлерге келсек, басқа ең алдымен Азов теңізінде орын алған кикілжіңге сәйкес, Ресеймен арадағы келіспеушілікті сылтау етіп, әскери қақтығысты Украина бастап жіберуі мүмкін-ау деген ой келеді.  Өйткені, өткен жылдың соңына қарай Керчь бұғазында болған оқиға мен Киевке әскерлерді кіргізу Украинада тұрақты жағдайдың бұзылуына себеп болуы мүмкін. National Interest журналында жарық көрген мақаласында АҚШ-тық профессор  Роберт Фарли: «Кез келген жағдайда қарулы қақтығыстың негізгі себебі қазіргі халықаралық тәртіп нормаларының және АҚШ әскери гегемониясының бұзылуы болып табылады.  Бүгінде Қытайдың күші едәуір артса, Ресей халықаралық тәртіп нормаларын қабылдамайды, сондықтан да ұлы державалар арасындағы соғыстың басталып кетуі ертегі емес. Киевтегі жағдайды өзгертіп, тұрақтандыру үшін әскери күш пен ресурстар жеткіліксіз. Алайда Ресей мен АҚШ арасындағы шиеленісті пайдалана отырып, ресми Киев соңғы жылдары Украинада қалыптасқан тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Оның үстіне Украинаны АҚШ қолдап отыр, ал НАТО болса, тіпті, украиндықтарға әскери күш жағынан көмек көрсетуде. Соған қарағанда Ақ үй билігі қандай да бір қақтығысқа жол беруді көздеп отырған сыңайлы. АҚШ-тың бұл әрекеті, әрине, Ресейдің шамына тиіп, оның Америкамен қарым-қатынасы одан әрі бұзылары сөзсіз. Сондықтан, Украинадағы жанжал қазіргі уақытта басты мәселе болып тұрғаны анық. Келесі бір соғыс өрті тұтануы мүмкін өңір — Оңтүстік-Қытай теңізі маңы болуы мүмкін. Оған АҚШ пен Қытай арасындағы жанжалдардың түрткі салуы ғажап емес. Соңғы уақыттарда екі ел арасындағы қарым-қатынас мүлде ушығып, оның соңы екі елді сауда-саттық соғысына  әкеп соқтырғаны белгілі. Қазіргі күні Вашингтон мен Бейжің биліктері бір-бірінің тауарларына тарифтік шектеулер қойып, қос мемлекеттің күш құрылымдары қарсыластарының азаматтары мен компанияларының ізіне түсіп, оларды аңдуға көшкен. Сондықтан да, қос ел бір-бірімен өзара келісімге келе алмаса, қарулы қақтығыстан қашып құтылу мүмкін болмай қалады. Бүгінгі күннің басты мәселесі – АҚШ пен Қытай арасындағы жанжал. Ол, әрине, экономикалық мәселеге келіп тіреледі. Қытай даму үстінде, ал АҚШ-тың қарызы күннен-күнге өсіп бара жатыр. Оның үстіне, АҚШ пен ҚХР әскерлері жиі кездесетін Оңтүстік-Қытай теңізіне де талас туындаған. Қос елде де экономикалық мәселенің шешімі өте күрделі, сондықтан да соғыстың басталуы әбден мүмкін»,— деп жазса, ресейлік әскери сарапшы Алексей Леонков: «Дүниежүзілік соғыс өрті тұтануы үшін мүлде келісімге келе алмайтындай жанжал болуы керек. Яғни, бір тарап мәселені бейбіт келісім арқылы шешуден бас тартуы тиіс. Бүгінде АҚШ бейбіт келісімге келуді қаламай отыр. Ал, Ресей немесе Қытай әскерлерінің АҚШ-пен қақтығысуы стратегиялық ядролық күштерді пайдаланып, дүниежүзілік соғыстың басталуына әкеп соқтыруы ғажап емес»,— деген пікірде. Ал, тағы бір орыс маман Вадим Козюлин: «Таяу Шығыста соғыс біраздан бері жүріп келеді, одан адамдар әбден шаршады. Дональд Трамп өз әскерін Сириядан шығарып, сайлауға дайындыққа кірісті. Сондықтан оған күтпеген келеңсіздіктер қажетсіз. Ендеше, оның оқыс әрекеттерге баруы да күмәнді. Йемендегі қақтығыс та саябырлап келеді, Араб коалициясы келіссөзге шақырса, оның тіпті тоқтауы ғажап емес. Жалғыз түйткіл — Ирандағы жағдай, ол өте күрделі. Өйткені, Иранға тісін қайрап жүрген  АҚШ пен Израиль оны түтіп жеуге желеу іздеп отыр. Иран да алған бетінен қайтқысы жоқ: Тегеран жиі-жиі әскери зымырандарын сынақтан өткізіп, өздерінің сырттан болуы мүмкін қақтығысты тойтаруға қару-жарақтарының сақадай-сай екендігін көрсетумен келеді. Парсылар тіпті Таяу Шығыстан келетін мұнай өнімдеріне шектеу қойып, шығанақты бұғаттап тастауға да қауқарлы екендіктеріне көз жеткізді.  Сосын Тегеранның ядролық қаруы бар Қытай мен Ресей сынды мықты серіктестері бар.  Десе де, осы өңірде белең алған жанжал дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануына әкеп соқтыруы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Тізімдегі келесі өңір — Корей түбегі. КХДР мен АҚШ өзара келісімге келгеніне қарамастан, Пхеньян ядролық қару мен баллистикалық ракеталарды жасап шығаруын тоқтатар емес. Ал Дональд Трамп пен Ким Чен Ын қайта «ырылдасып» қалса, қос ел арасындағы қарым-қатынас кез келген уақытта ушығып кетері кәміл. Қос мемлекет арасындағы мысық пен тышқан ойыны созылмалы күйге ауысқанына да бірталай уақыт болды. Дегенмен, қазір Солтүстік Корея айналасындағы ахуал ыстығы сәл бәсеңдеді»,— дейді.
Соғыс өрті тұтануы мүмкін келесі өңір — Орталық Азия. Себебі, АҚШ әскерлері Ауғанстаннан кеткенімен, ол жердегі жағдай әлі тұрақталған жоқ. Оның үстіне ұзаққа созылған Ауғанстан мәселесін АҚШ әлі күнге дейін шеше алмай келеді және ол жалғасын тауып, одан да күрделі жанжалға айналуы мүмкін. Сарапшылардың басым көпшілігі бұл жерді америкалықтар өз пайдасына асырып, әлемде қайтадан тұрақсыз жағдай тудыруы мүмкін деген ойға ден қойған. Әлемдік алпауыт державалардың қақтығыс алаңына айналуы ықтимал аймақтың келесісі — Арктика. Биыл НАТО осы аймақтағы әскери күштерін нығайтуға ниеттеніп,  тіпті, онда дайындық жаттығуларын өткізді. АҚШ осы өңірге таласта Кремльге жол беріп келе жатқанын, сондықтан бұл мәселені қалай да шешу керектігін ашық мәлімдеген. Шындығында Арктикаға қызығушылық танытып отырған елдер тізімі АҚШ және Ресеймен ғана щектелмейтінін ескерсек, аталған өңірдің соғыс ошағына айналмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Әлемдік сарапшылардың бірқатары  үшінші дүниежүзілік соғыс өрті Латын Америкасында тұтануы мүмкін деген болжам жасайды. Жоғарыда аттары аталған сарапшылар: «Бүгінде экономикалық жағдайы тұрақталмаған Венесуэлаға АҚШ қысым көрсетіп отыр. Сондықтан ол жерде ішкі немесе сыртқы қарама-қайшылықтың басталып кету қаупі зор. «Мадуро режимін құлату» туралы сылтаумен Венесуэлада соғыс өртін тұтандырудан Аргентина мен Бразиялияның да ойы бар. Мұнайлы өңірде  аяқ астынан күтпеген шетін оқиғалар орын алуы иә кикілжіңдердің туындауы ғажап емес. Ал Венесуэла дәл сондай аймақтың бірі»,— деген пікірде. Дегенмен, әлі күнге дейін бірде-бір сәуегей дүниежүзілік соғыстың қалай және қандай сипатта өтетіндігін тап басып айта алмағанын ескерсек, әлем елдерінің басым көпшілігі қарулы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді қалары анық. Ресми емес «Халықаралық жандарм» атанып үлгерген АҚШ-тың өзі ядролық қаруға байланысты мүмкіндігінше Үшінші дүниежүзілік соғысты ашпауға, солай бола қалса оған қатыспауды көксері кәміл. Тәуелсіз, қару-жарағының қуат-күші зор Ресейдің де ядролық қаруын керексіз жерде пайдалануды мақсат тұтпасы анық. Мұндай жағдайда АҚШ пен Ресей қарымды әскери әрекеттерге бармай, қарулы қақтығыстар бола қалса, тек жергілікті сипатқа ғана ие болар деген үкілі үмітіміз бар. Осыларды ескерсек, аталған мәселеге қатысты түрлі пайымдаулар айтылғанымен, дүниежүзілік кикілжіңнің бүгін-ертең басталарына күмәнмен қарауға болатын шығар деп ойлаймыз. Лайым, осы ойымыз шындыққа айналғай деп тілейік…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.