Бір қолымен бесікті тербеткен, екінші қолымен ұрпағының амандығын, қарнының тоқтығын, көйлегінің көктігін тербеткен ананың бағасын бүгін біз біліп жүрміз бе? Біліп жүрміз деп айтуға соңғы Астанадағы кайғылы оқиғадан кейін ауыз бармайды. Бұл оқыс болған қанды оқиға барлығымызды өмірге, айналамызға басқаша көзқараспен қарауға мәжбүр етті. Жіберіліп келген кемшіліктерімізді жөндеуге, олқылықтың орнын толтыруға әлі де кеш емес, мұрсат бар.

Кедейшіліктің кебін киіп жүрген отбасылардан мүлдем бейхабар, қағаз жүзінде бәрі бай-қуатты, тамаша деп жоғарғы жаққа жалған ақпарат беретін шенеуніктердің нағыз бет-пердесін халық көруге тиіс. Осы кең-байтақ жерімізге болашақта иелік ететін ұрпақты дүниеге әкеліп, қазақтың санын көйбейту де аналардың үлесінде емес пе? Сондықтан көпбалалы отбасыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ерекше бақылауда ұстаудың өте маңызды екенін барлығына жауапты лауазымды адамдардың біразының жетесіне жеткен шығар. Облыста ғана емес, округте отырған қызметкерлердің әрбір отбасының хал-жағдайын, тыныс-тіршілігін, немен күнелтіп отырғанын білу үшін көп уақыт кетпейді.
Осы қайғылы оқиға сана-сезімі жоғары лауазым иелеріне ойтүрткі болғаны анық. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың ұсынысымен Талғар ауданында моншаның ескі ғимаратын ұзақ уақыттан бері паналаған көпбалалы отбасы Жанболатовтарға жеке кәсіпкер Асқар Сүлейменов демеушілік көрсетіп, құны 9 миллион теңгеден астам тұратын жаңа тұрғын үйді сыйға тарту етті. Қарасай ауданында тұратын көпбалалы Қасымовтар отбасы басқа тұрғын үйге көшіріліп, баспана салуға жер беру мәселесі шешілетін болды.
Сонымен қатар облыс әкімдігі көпбала-лы аналарға көмек ретінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз 1 миллион несие беруді және Талдықорған қаласы жанындағы жаңа қалашықта салынған коттедждерден үй бөлу жағын да қарастыруда. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған тегін оқыту грантын 100-ге жеткізу жоспарланып отыр. Мұның сыртында өңірдегі аз қамтылған отбасылардың тұрғын үйлерін газға қосу бағасын инвесторлар есебінен төмендету, жеке үйлеріне тегін газ есептегіштерін орнату үшін қаржы бөліну де көзделіп отыр.
Бұл жөнінде жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының облыстық кезектен тыс конференциясында өңір басшысы Амандық Баталов өз аузымен айтып берді. Ақиқатын айтсақ кейбір көпбалалы отбасыларына жақсылық жасау, игілікті істерді жүзеге асыру жергілікті жерлердегі билік иелерінің қолынан келеді. Ол үшін шенеуніктердің «халқым» деп соққан жанашыр жүрегі, адал, ақ ниеті, биік сана-сезімі болуы керек. «Елімнің көсегесін көгертемін, жерімді түлетемін, халыққа адал қызмет көрсетемін» деп, олар ант-су ішіп, орынтаққа ие болғандарын бір сәтте жадыларынан шығармаулары тиіс. Қазіргі кезде «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлайтын» кез емес, судың да сұрауы болатын түрі бар.
Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау, қауіпсіз аналық — отбасын жоспарлау қызметінің негізгі міндеттері өңірде қайта сарапталуда. Облыста отбасын жоспарлаудың 35 кабинеті жұмыс істейді, онда өткен жылы 22 мың адам консультация алған. «Босануға дайындық кабинеттері» және «Баланы дамыту кабинеттеріне» 32 мыңға жуық әйел келіп, 50 мыңнан астам ақпараттық-білім беру материалдары таратылған.
Ашылған 19 жастар денсаулық орталықтарына 27 мыңнан астам бозбалалар мен қыздар келіп консультациялар, 1500 адам — психологиялық көмек алған. Әйелдердің репродуктивті денсаулығын жақсарту бойынша облыста бала көтеретін жастағы 457200 әйелдің 84%-ы профилактикалық тексеруден өтті, 31%-ында түрлі аурулар анықталды, 81%-ы сауықтырылған.
Репродуктивті денсаулық жағдайына түсік жасауды және жыныстық жолмен берілетін жұқпа мен ауруды қысқарту әсер етеді. Өткен жылы бала көтеретін жастағы 1000 әйелге түсік жасату 12,7 пайызды құраған. Оң динамикаға халықты отбасын жоспарлау туралы ақпараттандыру, сақтандырумен қамту профилактикалық тексерулер арқылы қол жеткізілген.
Біз бұл мәліметтерді келтіріп отырған себебіміз қазіргі кезде ана мен баланың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы тығыз байланысты. Бүгінгі күні әрбір көпбалалы отбасына тұрмыстарын жеңілдету үшін жағдай туғызу кезек күттірмейтін басты міндет болуға тиіс. Қазіргі замандағы қоғамдағы орын алып отырған келеңсіз «ауру-дертімізді» тізе бастасақ саусақ түгілі шаш жетпейді. Оның ішінде жезөкше қыздар, алаяқ әйелдер, қылмысқа бейім жасөспірімдер, тастанды жетім балалар, оңай олжаға үйір адамдар, тәлім-тәрбиеге көнбей, ұлттық құндылықты аяқ асты етіп бара жатқандар да өзге емес өз ұлтымыздың арасында жетерлік. Яғни, қоғамда көңіл аударып, «емдейтін» жағдайларды асқындырып алмауымыз керек. Бұл барыста ана деген ардақты есімге лайық қазақ әйелдерінің тұлғасын биік тұғырға көтеру сіз бен біздің емес, мемлекеттің назарынан тыс қалмаса ғана нәтижелі болары анық.
Әрине Алматы мен Астананың немесе облыс орталығына айналған басқа да қалалардың маңына шоғырланып, ешбір жағдайы жоқ сызды жер кепеде өмір сүріп жатқан көпбалалы отбасыларын бір күнде, бір сәтте баспанамен қамтамасыз ету тіптен ақылға қонбайтын шаруа. Оған шаршап, шалдығып жаға жыртысудан ешбір нәтиже шықпайды. Пәтер алу кезегінде ондаған мыңдай немесе одан да көп отбасыларының тұрғанын ескерсек жақын маңда аспаннан жақсылық жауады деген ертегіні санадан алып тастағанымыз дұрыс. Шындықтың бетіне тіке қарайық. Бүгін бір отбасыға баспана беріп, жыртығын бүтіндегенімен олардың соңында мыңдаған көпбалалы отбасылары тұр ғой…
Ал еліміздің көптеген кенттерінде, елді мекендерінде құны әлдеқайда арзан тұрғын үйлермен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктері бар бағдарлама жасалып, қабылдануы керек. Сонау бір жылдары сырттан қоныс аударған оралмандарға да мемлекет қаржысына үйлер сатып алып беріп, қалталарын қампиытып, жағдайын жасадық қой.
Қаладан гөрі елді мекендердегі күнкөріс қамы әлдеқайда тиімді екені белгілі. Үй жанындағы бау-бақша, қорадағы ұсақ мал мен бір сиыр бүкіл бала-шағаны асырап, өсіруге мүмкіншілік тудыратынын көзіміз көріп отыр. Беталды айғайға басып, көзді шұқып, бетті жыртқанымызбен мұндай қордаланып қалған мәселені мемлекеттің көмегінсіз шешу ешкімнің қолынан келмейді. Біз кедей мемлекет емеспіз. Алайда бай мен кедейдің шекарасы алшақтап бара жатқанын жұрт көріп, пішіп отыр. Жуырда болған оқиғадан қорытынды шығарып, көпбалалы отбасыларын баспанамен қамтамасыз етудің оңтайлы жолдарды қарастыру үкіметтің еншісінде емес пе?

Нұрила Бектемірова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз