Соңғы жылдары Қазақстан мен Венгрия мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық тек қана саяси-экономикалық тұрғыда ғана емес, бизнес, білім, мәдени-спорттық салада да жан-жақты дамып келеді. Мұндай ынтымақтастықтың тарихы тамыры тереңнен желі тартатынын ғалымдар дәлелдеп те келеді. Венгер қыпшақтары өздерінің шығыстық тегіне ден қоюды 1235 жылғы Юлиан Фратердің сапарынан (Марко Полодан бұрын) бастайды.

Түркі тілдерінің атақты зерттеушісі, мадияр түркология-сының бағдарламасын құрастырушы Вамбери Арминнен бастап бірқатар еуропалық ғалымдар осы мәселеге назар аударды. Олардың ішінде «қыпшақ тілі — қазақ тілі, қазақ — менің бауырым» деп өткен, венгр және қазақ мәдени қарым-қатынасының дамуына зор үлес қосқан түрколог-ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің еңбегі ерекше. Қазақ-мажар байланысының шырақшысы бола білген Қоңыр Мандоки есімін қазақ халқы да ұмытпайды. Ірі мегаполистерден көше, мектеп атаулары беріліп, Мандоки мұрасына арналған конференциялар өткізіп тұрады. Ғалымның 75 жылдығына арналған бұл шара 10 ақпан күні сағат 10/00 де Қоңыр Мандокидің жерленген жері Алматы қаласы Кеңсай-1 зиратынан басталды. Зират басында дүниеге келгенен бастап, дүниеден өткен уақыты 22 тамыз 1992 жылға дейінгі аралықта ғалымның артына қалдырған рухани мол мұрасы, жүріп өткен жерлері туралы естеліктер айтылып, Қоңыр Мадокидің құрметіне Юлай Шамиоглы бастаған біраз адамдар құран бағыштады. Ертесіне, ақпан айының 11–і күні ұйымдастырылған «Ұлы дала және Мандоки мирасы» атты халықаралық конференция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған бастамалармен үндес келді. Алматы қаласындағы Қонаев пен Құрманғазы көшелерінің қиылысында орналасқан «Достық» үйінде өткен бұл шараға дүние жүзінің түкпір-түкпірінен (мәселен, ғалымның жары Оңайша Мандоки, амери-калық түрколог Юлай Шамиоглы, Венгрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Барани, венгерлік журналист Егри Шандор, Өзбекстан, Қырғызстан, Башкұртстан, Татарстан т.б мемлекеттерден) түркітанушы ғалымдар қатысты. 12 ақпан күні Алматы қаласы Райымбек пен Сайн көшелерінің қиылысының төменгі жағындағы Ақбұлақ шағын ауданында Қоңыр Мандики атындағы 154 мектепте іс-шаралар жалғасын тапты. Бұл ұжымның қазіргі директоры Алмасбаева Қаламқас ханым осы іс-шараға белсене қатысты.
Ертесіне Алматы обылысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу елді мекенінде Мандокидің құрметіне ұйымдастырылған ұлттық ат спорты жарыстарының басынан аяғына дейін қатысып, сол ауылдағы ақсақалдар мен азаматтарға Қоңыр Мандокидің ғылымдағы ізі, тағылымды өмірі, әсіресе ұлттық ойындарға қатысты, атбегі болғандығы туралы жиналған қалың жұртқа түсіндіріп берді. Бұл шара Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті Дене шынықтыру спорт кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымның кандидаты, профессор Қазақстан Республикасының қазақ күресі федерациясының алғашқы төрағасы әрі тұңғыш президенті, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ерғали Мухиддиновтың мұрындық болуымен өткізілді. Бұл шара ұлттық ойындар түрінің мол қамтылуымен ерекшеленді. Атап айтсақ: бүркіт салу, садақ ату, теңге ілу, қыз қуу, жастар арасында аударыспақ, ересектер арасындағы аударыспақ, командалық жүйедегі көкпар, жаппай көкпар және т.б спорт түрлерінен жарыс жүргізілді. Осы Тескенсу елді мекенінің ақсақалдарының, ауыл билері мен Ұлы отан соғысының, Ауған соғысының ардагерлері, ауыл азаматтарының айтуы бойынша, жылда дәстүрлі түрде 10-ы ақпан күні Қоңыр Мандокиді еске түсіруге байланысты ұлттық ат спорт түрлерінен жарыс өткізіп тұруға уәделесті. Ауыл азаматтары, Рыскелді, Төлебай, Томпақ бала, Саят, сол ауыл әкімшілігі, аудандық спорт бөлімінен Ерболат мырза мен Тескенсу аулының азаматтары іс-шараның жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қоңыр Мандоки бауырымыз туралы: «Ол екі халық арасындағы тек тарихи туыстықты дәлелдеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынастардың жетілдіруге, екі халықтың бірлігіне және жалпы мәдениеттің гүлденуіне септігін тигізген орасан зор еңбегінің үлгісі ретінде қазақ халқы оны мақтанышпен еске алып, құрметке бөлейді»,— деген-ді. Расында да, барлық саналы ғұмырын мажар және күллі түркі халықтарының қандас, туыс жұрттар екендігін дәлелдеуге арнаған көрнекті түркітанушы ғалым, қоғам қайраткері Иштван Қоңыр Мандоки мұрасын қазіргі және келер ұрпаққа насихаттау ісі жалғасын табуы тиіс. Бұдан ұлттың ұтары көп.

Кендебай Әбішев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз