Ассалаумағалейкум құрметті «Qazaqstan dauiri» газеті ұжымы!
Мен осы газеттің тұрақты оқырманы ретінде үлкен жүректі азамат Темірлан Омарбекұлы аға жайлы өз пікірімді жеткізбекпін.
Божбанов Темірлан Омарбекұлы 1949 жылы 1 қаңтарда Сарысу ауданы, Тоғызкент (Түгіскен) ауылында дүниеге келген. Жастайынан алғыр, кәсіпке бейім, 8 класс бітіре сала аудан орталығы Саудакентте
(сол кездегі Байқадам) училищеде оқып, «трактор-машинист» мамандығын алып алып шығады.
Туған жері Түгіскенге келе салып еңбекке араласқан азамат 1965 жылы ағасы Жақсыбекпен бірге сол Жайлаукөл ауылына көшеді. Бұның алдында әскери борышын Беларуссияда 2 жыл атқарып, сержант шенімен оралған Темірлан аға Жайлаукөлге келе сала трактор рөліне отырып, еңбек жолын бастап кетеді. Жүк көлігін де жүргізіп шаруашылықтың әртүрлі жұмыстарына құлшына атсалысады. Өз ісінің білгірі астындағы трактор-машинасын күтіп ұстап, еңбекке белсене араласқан. Темірлан аудандық газетке де шыққан.
Кейіннен Кеңес Одағы ыдырап, әркім өзінше жансақтауға көшіп, Сарыарқаны сағалап, бетбаққа беттеп, мүйіз жинап, темір-терсек теріп, адасып, айдалада көлігі бұзылып, аударылып, зардап шеккендердің де қасынан табылған елгезек жанның ерліктеріне еріксіз сүйсінесің…
80 км бетпақдалаға аң аулап ұзап кеткен шешен жігіті Хаид мотоцикілмен аударылып, жантәсілім еткен. Екі күннен кейін іздеп шыққан оның ағалары Абил мен Ислам да көліктері бұзылып айдалада қалады. Аналары аңырап Шаназ апай Темірланға өтінішпен келгенде сөзге келмей көлігімен із кесіп, ұрпақтарын анасының алдына екінші күні әкеліп бергенде, шүкіршілік етіп, жылап тұрып рахмет айтады.
— Ол кезде Ұланбел, Жайлаукөл, Шығанақ ауылдарының қойшылары көктем айының соңына қарай «Сарыарқа» жайлауына көшіп баратынбыз, – деп еске алады Жайлау Көпбергенқызы. «Сарыарқа Жайлаукөлден 250 км. Жол ұзақ. Жолда Қараұя деген жерге келгенде дамылдап тоқтап, шай қоймақ болып сіріңке іздедім», – дейді ата-анасымен барған қыз.
Сіріңкемен тұтандырғанда аяқ астынан ыдыстағы (констр) бензин лап етіп, үстіне жалыны шарпиды. Сол кезде айдалаға қашқан қызды қуып жетіп, денесін күйдіре бастаған отты өшіріп, айранға шомылдырып аман алып қалады.
Темірлан аға болмағанда 70 пайыз күйіп қалар едім дейді. Бірінші Алланың, екінші Темірлан ағаның арқасында аман қалдым дейді Тараз қаласының тұрғыны, 7 баланың анасы Жайлау Көпбергенқызы.
2008 жылдың қақаған қаңтар айы. Азанғы сағат 8.30-да жолаушылар мінген автобус Тараздан Ұланбел, Жайлаукөл арқылы Шығанаққа беттейді.
Түс ауа Жайлаукөл ауылына жетпей Жиделі деген жерде автобус бұзылып қалады. Жүргізуші қанша жөндегенімен, бәрібір нәтижесіз, істен шыққан темір құрылғы жарамсыз. Автобустағы біраз халық, бала-шаға бүрісіп жаурай бастады. Қытымыр аяз күшейе түсті. Біресе шопырға, біресе ішке кіріп балаларды қымтап, безектеп жүрген Темкең күн бата жалғыз өзі 35 шақырым жердегі Жайлаукөлге көлік әкелуге жаяу кетеді. Содан Темірлан түнгі 12-ден аса трактор алып, қайта оралады. Міне, сол кездегі көздері жәудіреп айдалада қалған бала-шағаның қуанғанынан алғысын жаудырғаны… осының өзі бір ғажайып көрініс емес пе?!
Бұндай ерліктерін санамалап айта берсеңіз ұшан-теңіз.
Божбанов Темірлан өмірлік жолдасы Айман екеуі 3 ұл, 5 қыз өсіріп, Тараз бен Жайлаукөл арасын жол қылып жүр. «Неге бұлай жүр?» дейсіздер ғой. «Болашағы жоқ ауыл» деген терминді ойлап тапқан ұятсыздардың сөзіне ермей, қара орманын үйіндіге айналдырып қотарыла көшкен жоқ. Үлкен ұлы Мұрат бала-шағасымен Жайлаукөлде… Шіркін кезінде шенділер мен ақын-жазушылар ауылдарды жиі аралаушы еді. Жесірлік деген болмайтын, қыздарымыздың бәрі үйленіп, үбірлі-шүбірлі, бесік тербетіп, тірлігін істеп жатушы еді…
Өнегелі өмірі көпке үлгі, адамгершілік қасиеті мол Темкең қазір де қарап жатқан жоқ. Көктал ауылындағы тұрғындарға кейіннен берілген жаңа қонысты Саялы дейді. Дегенмен осы Саялы көшелері маңызды объектілер – емхана, мектеп, балабақша, дүкендерге алыстау орналасқан. Оқушылар, балалар жақын жерге айналып, уақытын кетірмесін, ит-бұзақы кез болмасын деп тікелей Саялыдан балабақшаға қарай арыққа шама-шарқынша көпір салдырып, шағыл төктіріп, сол көшедегі 4-5 жанұяға Темкең басшылық жасап қаржы-көмегімен 200 метр жол салды. Енді осыны әкімшілік, аудандағы азаматтар ары қарай септесіп 300 метр шағыл төсеп кеңейтіп жолға қосса деген өтініш бар.
Осы тақырыптың кейіпкері Божбанов Темірлан Омарбекұлының қайырымдылық адал істерін, еңбеккеш-мейірімділігін кейінгі ұрпақтарға үлгі ретінде мектепке, келер ұрпаққа насихаттап, құрметтесек, біз одан еш ұтылмас едік.
Әбітбек Жаңбыршиев
Редакциядан: Әбітбекке Темірлан ағасының ерліктерін жазып жібергеніне алғыс айтамыз. Шынында да жаны жайсаң, үлкен жүректі адамдар ондай игі істерін ерлік деп санамайды. Жергілікті әкімшілік мұндай жандарды медалға да ұсынуға болады ғой. Әбеке, жазып тұр осындай жаңалықтарды. Басқалар да Әбітбек бауырымыздан үлгі алыңыздар!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз