Өткен аптада  ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында Әбу Насыр әл –Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылу рәсімі болды.  Әл-Фарабидің мерейтойлық жылының ашылуында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы  Қырымбек Көшербаев және университеттің құрметті қонақтары, БҰҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері,  жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ басшылары, белгілі шетелдік және отандық ғалымдармен қатар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты.

 

 

 

 

Салтанатты шара «Әл-Фараби орталығының» салтанатты тұсаукесері мен әдебиет және мәдениет саласының қайраткерлеріне Елбасының мемлекеттік спипендиясын тапсырудан басталды. Қонақтар мен қатысушылар ҚазҰУ әл-Фараби орталығындағы мұражайдың экспозицияларымен танысты.

Шара  әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен ұласты.Студенттер сарайындағы мерекелік ресми салтанатты Қырымбек Көшербаев ашты. Салтанатты шараны аша отырып Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу арқылы шетелде және біздің елде ұлы ғұлама мұраларын зерттеп, қазіргі өркениеттің дамуындағы ықпалын терең түсінуге серпін беретіндігін тілге тиек етті.

Көрнекті ойшыл мерейтойын бүкіл әлем атап өтеді

Ұлы ойшылдың мерейтойы аясында әлемнің бірнеше елінде, Қазақстаннан өзге Париж, Италия, Иордания, Түркия, Қытай, Сирия сынды елдерде ғылыми конференциялар өтетінін айтты. Әрине, бұл шараның барлығы алдымен Әбу-Насыр әл-Фараби дүниеге келген Отырар жерінен басталу керек. Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:  –1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады. Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени тарихи орталығы мен музей үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың негізінде тәуелсіз Қазақстанның бас консулдығы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалы құрылатын болады. Сондай-ақ жақын күндері «Әл-Фараби ізімен» деп аталатын ғылыми экспедиция жұмысын бастайды. «Әрине, іс-шаралардың барлығы білім мен ғылымның дамуына тың серпін беру керек», – деді Мемлекет хатшысы. Шет елден келген ғалымдар да осыны көздеп отыр. Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын тойлау аясында елімізде ғана емес, шетелде де кең ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Оларға дайындық қазір жүргізіліп жатыр.Түркия, Греция және Сирия университеттерінің өкілдері Түркия премьер-министрінің кеңесшісі және БҰҰ Өркениеттер Альянсы бойынша ұлттық үйлестіру комитетінің төрағасы Бекир Қарлыға, Дамас университетінің президенті, профессор Mohammed Maher Kabakibi, сондай-ақ сенатор Әлімжан Құртаев және Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Қайрат Лама Шариф мерейтойлық шараларды өткізуге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов шет елдерде, атап айтқанда, Дамаск қаласында жоспарланған мерейтойлық іс-шараларды өткізуде халықаралық ұйымдар мен университеттердің қолдауына үміт артатындығын білдірді.

Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Қайрат Лама Шарифтің айтуынша Сыртқы істер министрлігі әзірлеген мереке жоспарына сәйкес 250-ден астам іс-шара, оның ішінде бес жаңа Әл-Фараби орталығы, сондай-ақ Дамаск қаласындағы әл-Фараби тарихи-мәдени орталығы базасында университет филиалы ашылады.Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, төрткүл дүниеге танымал ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойының орны ерекше. Ұлы ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік шараларының Алматы қаласында басталуының да өзіндік сыры бар. Еліміздегі ең басты оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Фараби мұраларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми орталық – Ұлттық Академия да Алматы қаласында орналасқан. «Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Қандай да бір халықтың өткенін таразылап, болашағына бағдар жасап отыруы – табиғи заңдылық. Ертеңін ойлаған ел әр тарихи белесті артқа тастағаннан кейін уақыт бедеріне салған өз таңбасын, қалдырған құндылықтарын ұдайы бағалап отыруы тиіс. Қазіргі әлемдік қауымдастықпен тығыз араласу барысында біз ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау аса маңызды болып отыр. Бұл үдеріс  тек  рухани кемелдену арқылы, әл-Фараби, Ясауи, Абай сынды заманынан озып туған данышпандардың еңбектерін жаңаша бағалап, солар айқындап берген даңғыл жолмен жүру арқылы ғана жүзеге асады», – дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев. Мемлекеттік хатшы сонымен қатар, Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы  ЮНЕСКО ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгенін және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және т.б. ұйымдардың қолдауымен халықаралық мәдени алаңда кеңінен аталатындығын айтты. «Қазақстандағы алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі әл-Фараби есімімен аталады», – деп атап өтті өз сөзінде  ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша кластерлік бюросының директоры Ms. Krista Pikkat. – Университет өз қызметінде танымдық  мәселелерге назар аударып, адамның мүмкіндіктерін  ашу мен қабілеттерін дамытуға ұмтылады. Университет ұжымы және студенттерін осы мерекемен құттықтағым келеді, сіздерге толағай табыс тілеймін – деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Жаңа жоба БҰҰ-ға жол тартты

«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабыретінде ҚазҰУ ғұламаның қайырымды қоғам туралы  ілімінің  негізінде  Университет – 4.0 жаңа легінің моделін дайындап, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі  штаб-пәтерінде, ал биыл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында ұсындық. Жаңа жоба  халықаралық  ауқымда қолдау  табуда. Осылайша, Әл-Фарабидің мерейтойы Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына жаңа серпін береді». Әл-Фараби мерейтойы аясында Парижде, Нұр-сұлтан қаласында және Түркістан облысында, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған. Оған әлемнің 40-тан астам елінің алдыңғы қатарлы Фарабитанушы-ғалымы қатысады, халықаралық экспедициялар ұйымдастырылады, тарихи мәдени нысандар қайта жаңартылып, ғалымның ғылыми  еңбектері  басылып, көшірілетін  болады, сондай-ақ деректі  фильмдер циклі  жасалып, шетелдерде  әл-Фараби орталықтары  ашылып және басқа да шаралар  ұйымдастырылады.

Гауһар Тұрсынқожа

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.