Қазаққа Құран да қажет, ғылым да қажет. Бірақ…

0
502
TRT

Былтыр Жамбыл облысында тұңғыш рет қыздар арасында Құран оқудан жарыс өтті. Онда «Құранның І парасын жатқа оқу» аталымы бойынша «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті 6 жасар бүлдіршін қыз Әлжан Ләтифа қазылардың ортақ шешімі бойынша бірінші орынға лайықты деп танылып, 150 000 теңге сыйақыға кенелді» деген хабарды ақпарат құралдары жарыса жаздық. Себебі қаршадай қыздың айрықша қабілеті қай-қайсымызды да таңдандырғаны рас. Алайда алты жасар қыздың Алланы, оның сөзі Құранды танып-білуге ой-санасы, таным-түйсігі жете ме деген сұрақтың санада қылаң бергені тағы бар. Себебі қасиетті Құран сөзі бүлдіршін қыздың санасына сіңе қалатын ертегі кітабы емес қой. Оның үстіне алты жас тұрмақ алпысқа келіп Құранды қанша парақтап оқыса да, Алланы тани алмай жүргендер аз емес. Мұны Құдайға, Құранға қарсы шығу деп түсінбейік. Тек өркениеттің төріне дін емес, білім мен ғылым жеткізетінін ұғынуымыз қажет. Бұл сөзімізге кәрі тарихтың өзі куә.
1453 жылы Ыстамбұлды басып алған Фатиx сұлтан Меxметтің заманында Лүтфү атты өзі молда әрі математик, геометрия мен философияны өте терең меңгерген ғалым кісі болған екен. Фатиx сұлтан медресе оқуларынан математика, геометрия, философия сынды пәндерді алып тастап, орнына діни пәндерді кіргізеді. Мұны естіген математик Лүтфү патшаға барып: «Егер медресе оқуларынан математика, геометрия, философия пәндерін алып тастасаңыз, ертең әскеріңізде кеме мен көпір салатын ғалымдар таппай қаласыз. Одан бөлек, сот жүйесіндегі билер геометриядан xабары болмаса, әділ шешім жасай алмайды» дейді. Мұны естіген патша ашуланып, ғалымды Ыстамбұлдан қуады. Кейін Баязит патша шариғат заңы бойынша ғалым Лүтфүні айыпты деп тауып, қылышпен басын шаптырады.
Сол кезеңде Еуропа елдері геометрия мен астрономияның күшін пайдаланып, Америка құрлығын ашады. Соңынан осы Америкадан тасыған алтындардың көмегімен ғылымын одан әрмен дамытып, артта қалған Османлыны тас-талқан етеді. Теxнологиядан тұралап қалған Османлы мемлекеті осылайша тариx саxнасынан кетеді.
Тарих беттерінен мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады. Ең бастысы сол мысалдардан тағылым ала білу. Алты жасар баланы ғылым, біліммен ауыздандырып көкірек көзін ашсақ, Алланың ақиқат жолын өзі-ақ тауып алмай ма?
Бекнұр Сатыбалдиев,
Жамбыл облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.