Қордайдағы оқиғаға қаны қызып жатқан қазақ көп секілді. Иә, ішкі саясатта кемшілік көп… Толеранттылықты алға тартып, жергілікті халықты өзгенің астына жығып беруге әуестік жиі кездеседі бізде. Оған көз үйренгелі қашан? Ел тыныштығы үшін «Еркек тоқты құрбандыққа» шалынады үнемі. Жә, ол бөлек әңгіме.

Қалай десек те, полициямен жағаласқан, оларды төпелеп ұрған дүңген жастарының қылығы шектен шығып тұр. Полицияға қол көтеру, оларға бағынбау, боқтау, формасын жырту – үлкен қылмыс! Сөйте тұра, мұндай қадамға барған дүңгендердің көксегені не? Ерлікке шақыру ма, елдікке шақыру ма?!

Ата заңға түкіріп, ата-баба салтына бағынып, ынтымақ жолында жандарын пида етуге оларды қандай күш итермелеп отыр? Қызық.

Масаншы ауылындағы дүңгендердің дүрбелеңінен кейін, ұйғыр ауданындағы ұйғырлар жайлы да әңгіме айтыла бастады. Жасырмайық, қорқыныш бар. Күдік көп.

Ұйғырлар жайлы әңгіме қозғалса, бір танысымның мына әңгімесі есіме оралады.

«Бірде Астанадағы жаңа вокзалға бір ағайынды шығарып салып машинама келе жатсам, екі жас жігіт такси сұрап жүр екен. Баратын жағы маған жақын болғандықтан, (және артық ақша қалтаны теспес деген оймен) оларды «іле» кеттім. Екеуара сөздерінен түрлері қазаққа ұқсағанымен тілдерін түсінбей келемін. Содан қазақша жөн сұрап едім орысша тіл қатты бірі: – Әй, қазағым-ай, өз тілің тұрғанда, өзге тілде нең бар еді – деп, өзімше ұлшылдығыма басып едім, ту сыртымда отырғаны: «Біз ұйғырлармыз. Қазақ емеспіз» дегені жұлып алғандай. Менде қайбір жетісіп тұрған мінез бар, жол жиегіне тоқтадым да өзімше оларға лекция оқи бастадым. Баяғы дархан қазақ, жомарт қазақ, тәуелсіз ел туралы, осы жерде туғандықтан қазақтың тілі мен дәстүріне құрметпен қарау туралы телегей-теңіз ақылды төгіп тастадым. Бір кезде әлгінің бірі, – «Дядя, мозгу не компостируите. Нам казахский язык не нужен. У нас есть свой язык. Нам это хватит!» – деп машинамнан түсіп, есікті тарс жауып кете барды. Бұдан артық қорлық бар ма? Жердің тесігі болса кіріп кетер едім. Бесіктен белі жаңа шыққан екі боқмұрын ұйғыр баласы намысымды таптап, жерге тірідей көміп кетті мені» деп танысымның көзі жасаурап тұрған сәті көз алдымнан кетпейді ….

Нағашыбай Қабылбек

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз