Қайсарлығымның арқасында қиындықтарды жеңіп шықтым

Қайсарлығымның  арқасында  қиындықтарды  жеңіп шықтым

ҚР Қоғам қайраткері,  Қазақстанның Құрметті журналисі, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы  Шаяхмет Құсайынұлы:

– Шаяхмет аға, мерейлі 75 жасыңыз құтты болсын! Өзіңізге  зор шығармашылық табыс тілейміз. Өмір көшінің періште көңіл, пәк тұсы балалық шақ қой. Осы шақ, аға, несімен есте қалды? Жетім көңіл нені аңсады?

 

 Абайдың екі томдығын Қиыр шығыста серік еттім

– Балалық шағым өте тағдырлы болды. Өте қиын да ауыр күндерді бастан кешірдім. Балалығым болған жоқ, ойын дегеннің не екенін білмей өстім, бес жастан тірі жетімдікті бастан кешірдім. Мені Бәйетұлы Құсайын әкем  бағып алған еді. Ол жасы (1888 жылғы туылған) жетпіске келген ақсақал еді. Өз әкем Шоқабайұлы Жәнәділ 1928 жылы туылған. Құсайын әкемнің немере ағасы болатын. Құсайынның кіндігінен жалғыз қыз тараған. Оның өзі тұрмыс құрып кеткен. Атын шығаратын ұлы болмағандықтан, қартайған шағында қолғанат болатын малы, қора-жайына қарайтын  қолбала қажет болғандықтан мені бауырына басып алады. Құсайын әкем қалың  Құран кітапты  араб тілінде оқып, қазақшаға аударып отыратын, дін жағынан өте сауатты болды. Жыланмен арбасып, жыланның тегін, атын тапқанда, жылан жарылып кететін, бұдан да басқа адам емдейтін емшілігі бар еді. Әдетте ауырғандар сол кісіге жүгінетін, жаза алмайтындарға «Менің шамам келмейді» деп шындығын айтатын. Өтірік, өсек, біреуге ғайбат айтқанды жек көретін. Біз Жәнәділден  бірге туған екі ұл, екі қыз едік.  Мен үйдің үшінші ұрпағы  едім. Үш бауырыма қарағанда ширақ, пысық болдым. Елдердің айтуы бойынша, көз жанарым жанып тұрады екен. Соны Құсайын әкем байқап: «Қыздарыңның қажеті жоқ, берсең мынау қарадомалағыңды бер, менің атымды осы шығарады.  Бермесең, бауырлықтан біржолата ат құйрығын кесемін», – дейді. Анам Қалияхан балапанын қорғаған торғайдай шырылдап жылайды. «Қайынағаңа қарсылық білдірдің!» – деп әкем анамды таяқтың астына алады. Мұның бәрін төртеуміз де көріп тұрдық. Әкемнің қолына Құран ұстатып, халықты жинап, уәдесін берік қылып алды. «Сулы жерде асып же, сусыз жерде басып же, Құдай алдында сұрақсыз, еті сенікі, сүйегі менікі, өлсе сұрақсыз, құнын дауламаймын!» деген сияқты сөздерді естіп, мен де қатайып, жігерленіп, әкемді мына сөзінен кейін жек көріп, кектенген күйде өмірі танымайтын, көрмеген ақсақалдың атының артына мінгестім. Бұдан кейінгі көрген өлместің күнін айтсам, бір кітапқа жүк болар. Оны газет беті көтермейді. 

 – Өзіңізді алғаш рет «ақын екенмін ғой» деп сезінгеніңіз қай кез? Әскерге Абайдың кітабын апарып, жастана оқыпсыз. 

– Мен шамамен 8 жасар баламын. Бір күні Құсайын әкемнің құрдасы Әділбек: «Қызым Жаңылханды саған беремін, арнап өлең шығаршы!» – деді қуақыланып.            

«Әділбектің үйінде төрт қызы бар,

Ішінде Жаңылхан деген өрт қызы бар.

Жаңылхан шыныменен қалап тұрсаң,

Тоғанға тақтай тастап өткізіп ал!» – дейді екенмін. Осылай ауызекі өлеңдерді  өте көп шығаратынмын. Міне, өлеңге әуестігім осылай басталған.

Ал, су асты сүңгуірге 1951 жылы туылған деген құжатымдағы  санның артындағы бірді нөлге айналдырып, 1950 жыл деп өзгертіп, 18 жастағылармен де Әскери-теңіз флотына кеттім. Морфлотта 363 орыстардың ішінде 3 жарым жыл жалғыз қазақ морягі болып қызмет еттім. Орыс тілін мүлде білмейтінмін. Мен 14-ке келгенде, жасы жеткен адам болған соң, әкем Құсайын қайтыс болды. Құсайын әкем бардағы «тірі жетімдіктен» «тұл жетімге» айналдым. Барар жер, басар тауым болмаған соң, жасымды ұлғайтуға мәжбүр болдым. Осылай ерте есейдім. Орыс тілін білмегендіктен «Орысша-қазақша» сөздікпен қоса, Абайдың 1954 жылы жарық көрген қалың бір томдық шығармалар жинағын жол дорбамның түбіне тығып, екі кітапты Қиыр Шығысқа өзіммен алып кеттім. Түн ұйқымды төртке бөліп, сол сөздікті екі-үш айдың ішінде жаттап алдым. Қиындықтарға қарамай, Владивосток қаласының үлкен кітапханасына жазылып, тілімді бұрмалап, бұрап жүріп, орыс тіліндегі шетел әдебиеттерін, Александр Дюма, Шекспир, Иден Мартен, Павло Неруда, орыс классиктерімен қоса авар халқының  ақыны Расул Ғамзатовтың өлеңдерін жанымдай жақсы көрдім. Орыс тіліндегі қыруар кітаптарды оқып жүрсем де, Абайды оқуды ешқашан ұмытқан емеспін. Айналасы бір жылға жетпейтін уақытта орыс тілінде жатық сөйлей бастадым. Орыс мектебінің  9-сыныбына жазылып, кешкі мектепке оқымақшы болып өтініш білдіріп едім, «Қазақша мектеп бітіргендерді алмаймыз» деп, өтінішімді кері қайтарды. Сүңгуірге келген орыс газеттерінің бір нөмірін қалдырмай оқып, саяси сауаттылығымды көтеріп алдым. Қоярда-қоймай жүріп, кешкі жоғары партия мектебінде оқыдым. Офицерлермен жиында да, партия мектебінде де иықтасып бірге отырдым. Бір күні сегіз айдағы су астындағы бір оқиғаны КСРО-ның көрнекті газетіне мақала қылып тілім жеткенше жаздым. Өйткені Жамбыл облысының «Ақжол», Республикалық «Ара» журналына сықақ өлеңдерім шығып, талай қаламақы алғанмын. Көп кешікпей жазған мақалам «Как нас закалали море?» деген тақырыпта газетке басылды. «Мынау сіз бе?» дейтін  мақаламды көрсетіп орыс офицерлері. Менімен санасатын болды. Тағы бір атымды шығарған ерлік, Тынық мұхиттың түбінде су астында Камаров екеуміз шекараны бұзған екі жапондықпен айқасып, ұстағанымыз. Менімен алысқан жапонның аяғының тізесінің ішіндегі үлкен сіңірін кортикпен қиып, тереңдіктегі жыртқыш балықтар жарақаттанған оны бес минутқа жеткізбей жалмап қойғаны, бір сөзбен айтқанда, адам қанын көрген соң, бұрынғыдан да қатал, жігерлі бола бастадым. Ешкімнен тайсалмайтын мінез пайда болды. 

1970 жылдың жазында коммунистік партияға бірден қабылдады. Ол партия билетім әлі үйде сақтаулы. Міне, осы оқиға мені 19 жасымда-ақ тез есейтіп жіберді. Өзім де балалық көрмей 14-те есейген басым, 19-да ересек адам болып шыға келдім.

 

Жан жарымнан айырылып, 4 перзентімді жалғыз өсіруге мәжбүр болдым

 

– Сүйіп қосылған адал жарыңыздан айырылып,  4 бірдей баламен қалдыңыз. Мұқалмадыңыз, ширадыңыз. Сол ауыр күндерді еске алу қиын-ау... ⁠Отбасында жақсы жардың орны жазушы үшін зор рөл атқаратыны сөзсіз. Қазіргі жай-күйіңіз қалай?

– Марқұм әйелім ол кезде мектепте оқитын. Онымен таныстығымыз да  ұзақ әңгіме. Ол ұдайы маған хат жазып тұратын, яғни бүкіл Қазақстаннан Қиыр-Шығысқа сағынышқа толы хаттар  жолдап отыратын. Күлпара ақын әрі  әнші болатын. Домбыраны төрт жасынан ойнаған, керемет талантты жан еді. Соған жазған өлеңімді жібердім, іздеп жүріп «Перонда» әнін қағып алып, санасына түйіп домбыраға салып, менің өлеңіммен айтып жүріпті. Концерттерде орындап жүріп, қалайша елдерге кең тарап кеткенін өзіміз де білмей қалдық. Кейін Морфлоттан келген соң екеуміз үйленіп,  4 балалы болдық. Амал не, ол бар-жоғы 38 жасында ауыр сырқаттан көз жұмды. 4 перзентті маған тастап өмірден кете барды. 1991 жылы қиын жағдайда қалдық. Кенжеміз Аяна  бар-жоғы екі жаста, балаларымды  анасыз бағып-қағып өсірдім.  Құдай  мұндай жағдайды ешкімнің басына  бермесін! Қазір сол 4 ұрпағымнан 19 немере, 15 шөберем бар. Бәрі қызметте, шүкір, бақытты өмір кешіп жатыр. Қазір қиын кезде Алла жолықтырған Нұрғайша есімді адал жарым бар. Шығармашылығымды қолдап, барлық жағдайымды жасап отыр. Шүкір, көңіл күй, хал-жағдайым жақсы. Жазушыға одан артық не керек? Алуадай тәп-тәтті қызым бар. Колледжді бітірді, ағылшын тілі маманы. Оның өзі 20-ға келіп қалды. Келіншегім екеуі де мұғалім болып жұмыс істейді.  

– Атақты «Перонда» әнінің қазақша  нұсқасының авторы өзіңіз екенін біреу білсе, біреу білмес, ол қалай шықты? 

 – Ал «Перонда» әніне келетін болсақ, «Сезон любви» деген жапон киносында әуені орындалады. Ол мүмкін мен тумағанда жарыққа шыққан шығар, бірақ онда перонда деген сөз жоқ. Біздің сүңгуірдің кеңістіктен байланысы жоғалып, Жапон абақтысына түскенде, мені сұраққа алып жүрген жапон қызын өзіме жақындату үшін, қайткенде із-түзсіз жоғалып кеткен сүңгуірді құтқару болды басты арманым. Сөйтіп «Сезон любви» киносындағы әуенге қазақша өлең жаздым. Сол әуеннің құдіретімен жапон тұтқынынан құтылып шыққанымыз рас. Бұл бөлек ұзақ әңгіме. Онда мен өлең  тақырыбын «Махаббат маусымы» деп орысшадан аударып қойғанмын.  Қазақстанға кең тараған «Перронда» әнінің авторын мен қалай таптым? Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің сын бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде Талғар ауданында Бүркітшілер жарысы болды. Осы жарысты жазуға барғанымда бір жапонның журналист жігіті жанында жас аудармашы қызбен жүрді. Жарыс бітіп, Талғар мейрамханасында тамақтандық. Сол кезде мен жапон жігітімен қатар отырып қалдым. Жапон теңізінің жағалауында қолға түсіп, тұтқында отырғанда жапон қызына арнап мынандай өлең жаздым. Әні жапондікі. Ыңылдап айта бастап едім, жапон жігіті маған қосыла бастады. 

– Жапонша сөзін білесің бе? – деймін таңданып. 

– Әрине, бұл біздің жапонның танымал әні ғой, – деді ол.

– Онда сен жапон тілінде, мен қазақ тілінде бірігіп орындайық!

– Жарайды, – деп әлгі журналист келісе кетті. Музыкада шекара жоқ деген рас екен. Екеуміз екі микрофонмен  орындап шықтық. Жиналған жұрт керемет әсерленіп қол шапалақтап жатыр. «Жапонияға барған соң, осы әннің композиторын тауып, маған хабарлас», – дедім. Арада 15 күндей өткенде жапон жігіттің аудармашы қызы телефон соқты. Ол атақты жапондық Изму Такку екен. Өкінішке орай, көп жылдар бұрын қайтыс болыпты. Сөйтіп бұл ән менің ізденуімнің арқасында өз иесін тапты. Изму Таккудың аруағы риза болсын, қазір кітабыма да осы ән туралы жазғанда композитордың атын жазып жүрмін. Өнер мәңгілік деген рас. 

 

Абайдың кітабын қоқысқа тастаған офицерді ұрып, абақтыға қамалдым

 

– ⁠Сізді журналистика әлеміне әкелген не құдірет? Осы қарумен жарақталып, қиын да қауіпті тапсырмаларды, тақырыптарды қаузадыңыз. Өміріңізге талай мәрте қауіп төнген болар?

– Біз сүңгуірмен Тынық мұхитының ең терең жерінде қызмет етеміз, су астындағы шекараны күзетеміз. Мұхиттың суына да, қысымына да үйреніп алдық. Жорыққа бір кеткенде 8 айға кетіп, оралғанша қыс, жаз, күз де өтіп кетіп, келесі көктемде оралуымыз мүмкін. Кең далада асау үйретіп, қой бағып, бураның арсылдап, күрсілдеп жарағанын көріп, қызықтап жүретін қазақ баласына су асты сүңгуір тозақтың отымен бірдей болды. Дегенмен жастай қиындықты көп көрген адам үшін ешбір ауырлығы жоқ екен. Қызметім ақырындап өскеннің үстіне өсе берді. Осындай керемет қызметтен кейін, бір күні жағалауға шығып, бір-екі ай сүңгуірді жабдықтап, қайта жорыққа кететін болып дайындалып жатқанбыз. Бұл кезде менің сүңгуірде қызмет еткеніме екі жарым жылдан асып қалған. 70 адамның командирі Мечманмын. Бұл дәрежеге өз еңбегіммен, ерлігіммен  жеткенмін. Мені Ленинградтағы Жоғары әскери-теңіз училищесіне жібермекші болып құжаттарымды дайындап жатқан. Бес жылдық ол оқуды бітірсем, контр адмиралдық саяси  қызмет сүңгуірде дайын тұр еді. Әншейінде жастығымның астында жататын Абай кітабы сол күні қолды болып жоғалды. Сұрастырсам Баранов деген капитан ескі газеттерді, орыс тілінде жазылмаған менің кітабымды жастық астынан алып, қоқысқа лақтырып өртеп жіберіпті. Жартылай жанған қоқыстағы Абайдың шығармасын қолыма ұстағанда көңілім босап, булығып жылағанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қоқыстағы кітапты ұстап келе жатсам, Барановтың өзі бетпе-бет кездеспесі бар ма? Мен сөзге келмей өзім тұтығып, ызаланып, ашуланып тұрғанмын. Көзім қанталап кетіп офицерді қалай ұрғанымды білмеймін. Офицерге қол көтергенім үшін бірден Уссирскі орманының ішіндегі қауіпті қылмыскерлер отырған абақтыға тоғытты да жіберді. Бұл жөнінде талай кітаптарыма да, поэмаларыма да жаздым. Қауіпті қылмыскерлермен бір камерада отырудың өзі ерлік. Ол жерде талайымен шайқастым, өзім де таяқ жедім, бірақ қайтпас қайсарлығымның арқасында бәрін де жеңіп шықтым. Орыс тілін жақсы меңгергенімнің арқасында олармен тереземді тең ұстадым. Өзімді-өзім күшпен де, жатық сөйлейтін тілмен де қорғай білдім. КСРО қорғаныс министрі Гречкоға хат жазып, қатыгез түрмеден үш айдан соң ақталып шықтым. Коммунистік билет пен бір жылдық партия мектебінің түлегі болғаным ескеріліп және  бұл жерде су астындағы ерлік, Жапон қамауы да ескеріліп, сотталмай, бірақ алған марапат, шен-шекпен – бәрі де менен алынып тасталды. Жай қарапайым жауынгерлікке дейін төмендетті. Осындай қиындықтың бәрі де өмірде ширықтырып, қолыма қалам ұстатты. Менің шығармаларым – көзбен көрген дүниелерім, сондықтан да шынайылығымен өзекті. Ал сіздердің бұрынғы «Қазақстан- ZAMAN»-да  істеген жылдарымды мен айтпасам да жақсы білесіздер, сол шыңдалған өткірлігімнің арқасында талай мәселелердің бетін аштық. Жазушылар одағында  мен газетке келгенге дейін 5 кітабым жарыққа шығыпты. Ресейде орыстармен қызметтес болсам, Қазақстанға оралғанда «коммуниссің әрі орысша жаза білесің, сені орыс ауданы Еңбекшіқазаққа жібереміз» деп, партияның жолдамасымен орыстармен бірге ұзақ жыл қызмет істедім. Әйелім қайтыс болған соң, 39 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Менің Морфлоттағы 3 жарым жылым 12 жыл болып есептелді. Мұның өзін «Аргументы и факты» газетіне жазып, заң жүзінде өндіріп алдым. 

 

Мен қалай «Екінші Кемел Тоқаев» атандым?

 

– ⁠Ғұмырыңыздың көп парасы ішкі істерде өтті.  Елді елең еткізген  алғашқы кітаптарыңыз осы қылмыс әлемі жайлы тақырыптарда жазылды ғой?  

– Иә, жарты өмірім ішкі істер саласында өтті десем артық айтқандық емес. Қандай қызметте жүрсем де, қолымнан қаламым түскен емес. Соның арқасында 12 том, 30-дан астам түрлі жанрдағы кітаптарым, 2500-дей өлең, поэма, дастандарым дүниеге келіпті. 1965 жылдан бергі түрлі тақырыптағы шығарған мақалалар да жетерлік. Менің кітап жазуыма ықпал еткен – атақты жазушы Кемел Тоқаев, бұл 1975 жылдары  болатын. Алдында ғана «Социалистік Қазақстанға» менің «Таудағы оқиға» деген деректі әңгімем шыққан. Ғылыми академияның жеті адамын тауда түнде ұйықтап жатқанда қарақшылар тонап кетеді. Ішінде екі қызы бар. Жеті адамның бәрі де Мәскеуден келгендер. Тыржалаңаш қалдырып, қолдарын қыл шылбырмен байлап, ит-құс жесін деп, дауыстары бір-біріне жетпейтіндей етіп, әр жерлерге  тастап кетеді. Ішіндегі Наталья деген қыз артына қайырып байланған арқанды тасқа тақалып алып үйкелей береді. Осылайша қолын шешіп, барлық  экспедиция мүшелерін құтқарады. Сөйтіп жетекшісі профессор Гуткиннен бастап, жаңадан құрылған академияға келеді. Аянышты-ақ  әңгіме. Сол әңгімемді Кемел ағамыз оқыпты. Бірде Жазушылар Одағының «Қаламгер» дәмханасында жанында Сәуірбек Бақбергенов деген жазушы бар екеуі отыр екен. «Ей, балам, Шаяхмет Құсайынов деген сенсің бе?» – дегені.  «Иә» деп едім: «Осы жақында газетке шыққан деректі әңгімең тамаша екен! Осындай әңгімелеріңді құрастырып, кітап етіп шығарсаңшы», – деді. Сол күннен бастап  бұрынғысы бар, кейінгісі бар, детектив жанрындағы үш кітабымды «Қазақстан» баспасына өткіздім. Көп кешікпей кітап болып жарыққа шықты. Осылайша мені халық «Екінші Кемел Тоқаев» деп атап кетті. 

– ⁠ Соңғы жылдары көптеген кітаптар шығарып, тіптен қатпарлы тарихқа да қалам тарттыңыз. Қиын болған жоқ па?

– Тарих жөнінде айтсақ, «Қазақтар жолы» атты 1000 беттік тарихи-шежірелі роман эпопеяны жазу үшін, шығармашылығымды тоқтатпай жүріп, 20 жыл зерттедім. Адам ата-Хауа ананы жазу үшін Құранның «Бақара» сүресінен бастап, қаншама діни кітаптарды оқыдым. Нұх Пайғамбардың өмірімен таныстым, алғаш топан су қалай басталды т.б. Қытайдың алғашқы жазбаларынан Шың деген патша болғандығын, оның жалғыз қызы Үйсіннің Нәбиби деген кенже баласына тоқалдыққа тигенін оқыдым. Ол өзі тимеген Шың деген патша Үйсін арасында соғыс болмау үшін, қызын тоқалдыққа берген екен. Үйсіндердің жаугершілігінен сескеніп, қытай қамал соққан. Күнбиден Елжау деген ұл болғанын т.б. деректерді қытайшадан қазақшаға аудартып оқып шықтым. Кейін 3 ғасырдағы Кснифорт парсының тарихшы-жазушысы үйсіндер туралы көп жазған екен. 5 ғасырдағы гректердің атақты тарихшы жазушысы Геродоттың кітабындағы Аққарыс Ұлы жүздердің бабасы туралы жазған кітабын оқыдым. Мұның бәрі жай мағлұмат алу үшін керек болды. Осы жерден аршып ала отырып, оны әсірелеп, сол заманға лайықтап келтіру қиямет-қайым екені белгілі. Тарихты зерттеп жүріп, өзімнің шыққан тегім, Ұлы бабам Сүйерұлы Шоған абыз (1384-1448 жылдары өмір сүрген қазақтың сәуегей  абыз биі) туралы көп деректер тауып, кітабыма келтірдім. Шоған абыз «Есім ханның ескі жолы» деген «Жеті Жарғының» басқарушысы болыпты. Есім ханның бас кеңесшісі еді. 13 жасында би болған. Қазығұрттың жанындағы Тұрпат деген ауылда дүниеге келіп, Ташкент, Шыршықта би болған екен. 20-ға толғанда жүздеген би осы кісіге қараған. Сыр бойындағы, Шымкент, Қазығұрт, Тараз елді мекендеріндегі елдердің билерінің бәрі осы кісіге бағынған. Бұл кісі туралы Азизов Николайдың «Живая старина» кітабынан оқып білдім. Бұл кітап Ташкенттің архивінде сақтаулы. Сырдария бойындағы Әлімұлы Төртқараның Әбен деген баласы «Шоған абыз» деген дастанын сол кезден бастап жыраулар айтып келеді екен. Мен сол Шоғанның тікелей ұрпағымын. Тарихпен шұғылданғанымның арқасында Албаннан: Сары,  Сарыдан: Сүйерқұлұлы Шоғанның дүниеге келгенін ажыратып, қазіргі заманға дейін алып келдім. Тағы да толықтырып жазу үстіндемін. 

– ⁠«Қазақстан-ZAMAN», қазіргі «Qazaqstan dauiri» газетінде істеген кезіңіз журналистикадағы өзінше бір сүбелі шағыңыз ғой деп ойлаймыз. Өзіңіз қызмет еткен сүйікті газетіңізге қандай тілек айтар едіңіз?

– Иә, сіздердің бұрынғы «Қазақстан-ZAMAN»-да  істеген жылдарымда мен айтпасам да оқырмандарым жақсы білер, сол шыңдалған өткірлігімнің арқасында талай мәселелердің бетін аштық. Басылымымыз жақсы шығуы үшін аянбай қызмет істедік. Құрметті «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымы,  сіздер өте бақыттысыздар деп ойлаймын. Себебі басшыларыңыз Сәуле Мешітбайқызы құрылтайшы болып, газетті ыдыратпай, жарғақ құлағы жастыққа тимей сүйреп келе жатыр. Еңбегі зор, ұшан-теңіз. Ол кісіге, өздеріңізге денсаулық тілеймін, аман жүріңіздер! Бәріңіздің шығармашылықтарыңыз  табысты болып, даналарыңыз көбейіп, оқырмандарыңыздың саны арта берсін! 

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет, аға! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз!

 

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
28.05.2025

Ұқсас жаңалықтар

ЖЕМҚОРларМЕН КҮРЕС – ОТАНҒА ҮЛЕС
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 209
ЖАС САРБАЗДАР САҚАДАЙ САЙ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.05.2025 205
ШЫҒЫСТАҒЫ  ШЫРАЙЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 28.05.2025 222
Ел болашағы –   өз қолымызда
Іңкәр БИТИМОВА - 23.05.2025 367

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 13279
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 13258
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 28374
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27058
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 30555