Екі достың арасын не бүлдірді?

Екі достың арасын не бүлдірді?

Таяудан бері Қырғыз Республикасының жоғары билігінде ауыс-түйістер жиілеп, лауазымды тұлғалардың біразы босатылып немесе «өз еркімен жұмыстан кетіп жатқандығын» көріп отырмыз. Сан реткі толқулардың нәтижесінде бірін-бірі алмастырған билік жүйесі бұл елдің орнықты дамуына тұсау болып келгені белгілі. Дегенмен билік басына Садыр Жапаров келгелі қырғыздардың түтіні түзу ұша бастағандай еді... Ал соңғы бір аптаның көлеміндегі тосын жәйттер бауырлас елдің әрбір қадамына сүйіне қарап отырған біздерді аздап алаңдатып отыр.

 

Күтпеген шешімдер

Сонымен биліктегі «біртүрлі» өзгерістер туралы қысқаша тоқталып өтейік. 2026 жылы 10 ақпан күні Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік комитеттің төрағасы Қамшыбек Тәшиевті қызметінен алу туралы жарлыққа қол қойды. Жапаров сонымен қатар Тәшиевті премьер-министрдің орынбасары лауазымынан да босатты. Сонымен қоса Қамшыбектің орынбасарлары Курбанбек Авазов, Даниел Рысалиев, Елизар Смановтарды да қызметінен босату туралы шешім шығарды. Бұл жұрт күтпеген жаңалық еді. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның бұлғаққа толы саяси өмірінде біраз жылдың алдында ғана Садыр Жапаровтың түрмеден босап шығуына, билікке келуіне зор демеушілік көрсеткен, соның арқасында өзі де аса маңызды қызметке тағайындалып, елдің ішкі тәртібі мен бақылаусыз кеткен жүйені орнықтыруға аянбай кірісіп жүрген тұлға ретінде танылған еді. Президент оны өзінің ең сенімді досы екендігін үнемі айтып отыратын. Тәшиевтің қатты кіріскені соншалық, кейбір жиналыстарда жемқор шенеуніктерді қойша көгендеп алып шығып, абақтыға қамаған істерімен танылып жүрген. Осылайша ҰҚМК-ның арыны мен айбарына ешкім шақ келмей тұрған сәтте жағдай аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Садыр Жапаров мұнымен тоқтамай ҰҚМК-ның құрылымына өзгеріс енгізіп, шекара бақылау қызметі мен президенттің қауіпсіздігі мен жекелеген нысандардың амандығын күзетуді жүйелеп отыратын «9- қызмет бөлімін» дербес мекеме етіп құру туралы жарлық шығарды.

Президенттің баспасөз қызметі бұл өзгерістер туралы: «Президенттің мұндай шешімі мемлекет мүддесі үшін, қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында алауыздыққа жол бермеу және бірлікті нығайту мақсатында жасалып жатыр», – деп түсіндірді. Бұл кезде Қамшыбек Тәшиев Германияда денсаулығына байланысты кезекті тексеруден өтіп жатқандығы белгілі болды. Ол да көп күттірмей тіл қатты. Өзінің президенттің рұқсатымен емделуге келгендігін, қызметтен алынуына байланысты шешімнің күтпеген жаңалық болғандығын, дегенмен президенттің шешіміне келісетіндігін білдірді.

Арада бірер күн өткенде жоғарыда айтылған «түсініктеме» онан ары нақтылана түсті. Сөйтсек, Қырғыз елінде соңғы кездері саяси күштер арасында күбір-сыбыр молайып, елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы ұсыныстар бой көрсете бастаған екен. 

Сондай-ақ парламент депутаттарына мен өзге де саяси тұлғаларға бұл туралы хаттар жөнелтіліп, оларды «генерал жағына өтуге» үгіттеген болып шықты. Ал бұл жердегі «генерал жағы» дегені Қамшыбек Тәшиев болған. Бұл жағдай елдегі билік жүйесіндегі алауыздықтың өршуіне, елде тұрақсыздықтың пайда болуына соқтыруына алаңдаған Жапаров бірден осындай қадамға барса керек. Осы тұста «Жапаров Германияда жүрген досына телефон шалған, екеуінің әңгімесі жараспай, қатты сөйлесіпті...» деген де сыбыстар шығып жатты.

Бір қызығы, биліктегі лауазымды тұлғалардың қызметінен алынуы бірнеше адаммен тоқтап қалған жоқ. Қазірге дейін Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустам Мамасадықов қызметінен босатылды. Кешелі бері Көлік және коммуникация министрі Абсаттар Сыргабаев, Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Медер Машиев, Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеев қатарлы министрлер де орындарынан кеткені айтылып жатыр. Кадрлық өзгерістердің қатарында бірнеше қаланың ішкі істер мекемелерінің басшылары мен ҰҚМК-ге қарасты қалалық мекемелердің басшылары да орындарынан кеткен. Қырғыз Республикасы Жоғары Кеңесінің төрағасы Нұрланбек Тұрғанбекұлы «өз еркімен» қызметінен кету туралы шешім қабылдаған.

 

Бауырлас ел тағы бір бүліктен аман қалды ма?

Бұл өзгерістер туралы президент Садыр Жапаровтың өзі баспасөз беттерінде ашық пікірлерін білдіріп жатыр.

  • «Басты заңымызда «Президент – мемлекеттің бүтіндігін, елдің және мемлекеттік қызметкерлердің бірлігін сақтайды», – деп жазылған. Мен сол міндетімді атқардым. Өйткені мемлекеттің мүддесі мансап пен достықтан да биік тұрады. Істің барлығы Жоғарғы Кеңестен басталды. Кейбір депутаттық топтар басқа депутаттарды шақырып алып: «Біздің жағымызда боласың ба, әлде олар жағында боласың ба?» – деп бөліне бастады. Ол жағың мен бұл жағың кім деп сұрағандарға: «Біз жақ деген – генерал жақ, ол жақ деген Президент жақ», – деп іс жүргізе бастады. Онан соң бұл бөліну ақсақалдарға ойысты. Олар: «Мерзімінен бұрын сайлау өткізейік, әйтпесе болмай бара жатыр», – деп қол жинап, елдің басын айналдыра бастады.

Мен шұғыл шешім қабылдамасам, бұл даурықпа елге тарап, ел де бөліне бастайтын еді. Өйткені келіспеген кей депутаттарды генералмен қоқытып, «біздің жағымызға өтпесең, ісің генералмен болады» деп жатқан фактілер де анықталды. Сол себепті осылай шешім қабылдауға тура келді. Шешім қабылдарда мен досыма телефон шалдым. Бұл жақта болып жатқан жағдайлар туралы айтып барып, шешім қабылдадым. Мен осы арқылы досымды құтқарып қалдым деп ойлаймын. Өйткені оның айналасында жүрген «ақсақалдар мен көксақалдар» досымды тура жолдан адастырып бара жатқан. Олар Қамшыбек Тәшиевтің атын жамылып, Қырғызстандағы беделді тұлғаларға дейін шыға бастаған. Егер Қамшыбек Тәшиевті қызметіне алмасам, бұл іс насырға шауып, қоғамда да, мемлекеттік қызметкерлер арасында да бөлініс пайда болып, арты қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін еді. Мен үшін мемлекеттің тұрақтылығы бәрінен жоғары», – деді.

Ал ел ішінде «келесі президент Тәшиев болады» дейтін алып-қашпа сөз туралы: «Қырғыз Республикасы – демократиялық ел. Мемлекетті кім басқаратындығын екі-үш адам емес, халық шешеді», – деді нақты түрде.

Қырғыз медиалары Қамшыбек Тәшиевтің Германиядан елге ұшып келгендігін хабарлаған еді. Алайда елдегі №2 адам ретінде танылған тұлға сонан бері өз бетінше пікір білдірген жоқ.

 

Тәшиев енді ешқандай мемлекеттік лауазымға тағайындалмайды

Кешелі-бері Президент Садыр Жапаровтің Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиевке берген сұхбаты қызу талқыға түсіп жатыр. Садыр Нұрғожаұлы сөз басында ел ішіндегі кейбір келеңсіздіктердің бетін ашыпты. Әрі оны саясаткерлердің өз пайдалары үшін құрал ретінде пайдаланып келгендігіне айрықша тоқталған. Осыларды ашық айта келіп, мұндай ауруды аластайтындығын, тек қана уақыт керек дейді. Біз төменде сұхбаттың маңызды деген тұстарын ықшамдап келтіре кетуді жөн көрдік.

– Жоғарғы Кеңес депутаттарының әлі де бөлініп жатқаны байқала ма? Соңғы сұхбатыңызда сіз: «Досыңыз солардың кесірінен қызметінен кетті» деп айтқан едіңіз. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

– Жоғарыда барлық бөлінуді саясаткерлер бастайды деп айтқан жоқпын ба? Қарапайым адамдар қару ретінде пайдаланылады. Саясаткерлер адамдарды қару ретінде пайдаланып, билікке келеді, ал қарапайым адамдарға бір тиын да пайда жоқ. Қажет болса, үстелде бір тілім нан қалмайды. Тәртіпсіздіктерде қарапайым адамдар жарақат алады, қарапайым адамдар қаза табады. Немесе соңғы 30 жылда бірде-бір саясаткердің туысының қайтыс болғанын естідіңіз бе? Сондықтан саясаткерлердің алауыздыққа бастайтын сөздерінен трагедия жасамаңыз.

Мен ақырында солтүстік-оңтүстік ауруын жоямын. Бұл уақытты қажет етеді. Тағы бір оқиғаны айтып берейін. Президент болғаннан кейін мен алғаш рет Баткенге барып, халықпен кездестім. Қарапайым халықтың бірі айтты. Енді сол жерден келген саясаткер оны осылай айтуға мәжбүрлеп жатқанын білемін.

«Үкіметте Баткеннен бірде-бір министр жоқ», – деді ол. Содан кейін мен: «Жарайды, мен бүгін Баткеннен министр тағайындаймын, ал ертең сіздің дастарқаныңыз бүгінгіден екі есе көп тамаққа толады ма?» – дедім. Ол: «Жоқ», – деді. «Онда бүгіннен бастап мен сіздің министріңіз, сіздің орынбасарыңыз боламын», – дедім. «Мен ешбір аймақты кемсітпеймін, барлығына тең қараймын», – дедім. Мен бүгін сол уәдемді орындап жатырмын. Баткенде МИК үйлері салынып жатыр. Стадион салынып жатыр. Жолдар мен мектептер салынып жатыр.

– Кейбір саясаткерлер, кейбір ақсақалдар және кейбір белсенділер «Садыр Жапаров пен Камшыбек Тәшиевтің елдің болашағы үшін келісімге келуін» талап етуде. Алдыңғы сұхбатыңызда сіз: «Біз дос болып қала береміз» деп айтқан едіңіз. Сіз әлі де сол ұстанымды ұстанасыз ба?

  • – Иә, мен де сол ұстанымды ұстанамын. Табиғатым бойынша, егер қандай да бір даулы мәселелер туындаса, мен оларды ешкіммен дауласпастан тыныш шешуді жөн көремін. Біз дос болып қала береміз. Дегенмен бұл адам ешқандай мемлекеттік лауазымға тағайындалмайды. Дос демалып, денсаулығын күтсін. Айналасындағы «ақ сақал мен көк сақалдан» арылсын, оны тазаласын. Тергеу қызметі бәрін анықтап, тазартады. Әрине, ол қазір рақмет айтпайды. Ол ренжиді. Бірақ жылдар өткен соң ол: «Досым, сен дұрыс істедің», – деп рақмет айтады.

– Халық арасында «достары тағайындаған министрлер мен жақын адамдар қызметінен босатыла бастады, ал кейбіреулері өз бастамаларымен кете бастады» деген қауесеттер бар. Сіз оларды қызметінен босатып жатырсыз ба?

– Мен әлі ешкімге отставкаға кетуді айтқан жоқпын. «Әрқайсысыңыз саясатқа араласпай, өз міндеттеріңізді орындауды жалғастыруларыңыз керек», – дедім. Біз өз шағымдарымен кететіндерді тұтқындамаймыз. Дегенмен барлық министрліктер тексеріледі. Егер олар ұрлық жасаса, жауапқа тартылады.

Мен Премьер-министрден бастап барлық министрлерге әрқашан ескертіп келемін: «Қызметкерлерді жұмысқа алған кезде оларды жақын туыстарыңыз, достарыңыз, отандастарыңыз немесе таныстарыңыз деп санамаңыздар. Мұндай адамдар қорықпай ұрлық жасайды, «Әкем мені қорғайды немесе ағам мені қорғайды» деп ойлайды».

Егер олардың ұрлығы анықталса, кез келген адам жауапқа тартылады. Құдайға шүкір, мен туыстарымның ешқайсысын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке тағайындаған жоқпын. Мен оларды саясатқа араластырған жоқпын.

– Айталық, 75 саясаткер немесе депутат жоспарланған мақсаттарын шынымен жүзеге асырса, ерте сайлау ма, төңкеріс пе, осындай жағдай орын алса, бүгін не елестетер едіңіз?

– Төңкеріс немесе басқа ештеңе болмайды. Біріншіден, заңдар бұған жол бермейді, екіншіден, мұндай жағдай жоқ. Елді күшпен емес, ақылмен басқару керек. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мақал бар. Олар заңдарды оқитын милары болмағандықтан осындай жолдарды ойлап тапты. «Мен күшпен басқарамын» деген Бакиев қазір қайда? Күшпен басқарған Атамбайұлы қайда? Өткеннен сабақ алуды үйренуіміз керек. Айтайын дегенім, елде төңкеріске әкелетін жағдай жоқ. Егер тәулігіне 24 сағат болса, мен 20 сағат жұмыста боламын. Мен бәрін бақылаймын. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, мен дереу тиісті министрлерге, әкімдерге нұсқаулар беріп, оны түзетемін.

Әрине, кемшіліктер де бар, олар жоқ емес. Сіз 100 пайыз басқара алмайсыз, сіз робот немесе компьютер емессіз. Бірақ біз 70-80 пайызды басқара аламыз.

–  «Қамшыбек Ташиев кетті, ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тоқтайды, қылмыс қайтадан өршиді» деген қауесеттер де бар ма?

– Біріншіден, бізде қазір ұйымдасқан қылмыстық топтар жоқ және болмайды да. Әрине, қылмыс жасайтын адамдар бар. Бүкіл әлемде қылмыс жасайтын адамдар бар. Ешкім оларды толығымен жоя алмайды. Адамдар бар жерде бәрі болады. Бірақ бұрынғыдай ұйымдасқан қылмыстық топтар, тіпті базарларда отырған әйелдер «белгілеген» «күзетшілер, положенецтер» болмайды. Олардың барлығы қазір түрмеде немесе шетелде қашып жүр. Егер Қырғызстанда өздерінің «ұрылардың заңдарын қайта орнатамыз» деп айтатын қылмыскерлер болса, олар қателеседі.

Олар 2020 жылға дейінгі Қырғызстан мен 2020 жылдан кейінгі Қырғызстанды ажыратуы керек. 2020 жылдан кейінгі Үкімет – біз ынтымақтаса алмайтын Үкімет. Сондықтан ұйымдасқан қылмыстық топтар болмайды. Және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ешқашан тоқтамайды. Ол біздің өмірімізде жалғасады. Әлемде сыбайлас жемқорлықты толығымен жойдық деп мәлімдейтін бірде-бір ел жоқ. Қажет болса, сыбайлас жемқорлық жоқ деп мәлімдейтін Сингапурда әлі де 15-16 пайыз сыбайлас жемқорлық бар.

Сондықтан «бізде сыбайлас жемқорлық жоқ, біз бәрін жойдық» деп жарнамалай берудің қажеті жоқ. Сыбайлас жемқорлық біздің өмірімізде тоқтамайды. Сыбайлас жемқорлықтың түрлері бар: экономикалық сыбайлас жемқорлық, саяси сыбайлас жемқорлық, туыстық және басқа да сыбайлас жемқорлық. Біз бәрін жою үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Біз оны азайтамыз.

Қылмысты жою бізге қиын болмайды. Біз бір күнде тынышталып қалдық. Ал бес жыл бойы сыбайлас жемқорлықты жоя алмадық. Құдай қаласа, болашақта біз сыбайлас жемқорлық пайызын мүмкіндігінше азайтуға тырысамыз. Оның күші де, ақылы да бар. Мен құқық қорғау органдарына тапсырма бердім: «Сіздерде қылмыс пен сыбайлас жемқорлықпен күресуге рұқсат бар, тек «бетперде көрсету» немесе пиар жасамаңыз, жұмыс істеңіздер», – деп.

– Соңғы сұрағым, досыңыз қызметтен кеткеннен кейін кездестіңіз бе? Егер кездестіңіз болса, не туралы сөйлестіңіз?

– Иә, кездестік. Кеше кешке оны қабылдадым. Мен: «Аман бол, досым, денсаулығыңды күт, сабырлы бол», – дедім. Досымның айтуынша, ол ешқашан ешкіммен сөйлеспеген, біз оларды «ақ сақал» немесе «көк сақал» деп атасақ та. Осыдан қорытынды жасадым. Демек, олар досым білмейтін өздерінің құпия жоспарымен жұмыс істеп жатқан. Олар, орыстар айтқандай, «медвежья услуга» көрсетті. Біз бәрін тазалап, ретке келтіреміз. Құдайға шүкір, бұған күшіміз жетеді.

 

Әлі де ашылмаған шындықтар бар сияқты

Қазір ел арасында түрлі қауесеттер көбейді. Оның бір нұсқасында: Қамшыбек Тәшиев мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу мәселесін өз бастап көтерген деген жорамал жүр. Яғни 2010 жылғы қабылданған Конституция бойынша Қызрғызстанда «президент 5 жылға ғана сайланады» деген белгілемеге сай Жапаровтың бір мәрте міндет өтеу мерзімі бітті деп есептейтін адамдар бар. Алайда 2020 жылы билікке келген Садыр Жапаров 2021 жылы Конституцияға өзгеріс енгізіп, 6 жыл қызмет атқару дейтін жаңалықты енгізгені белгілі. Осы тұтса Қамшыбек Қыдыршаұлы президент болуға қатты асығып кетті ме деген де ой келеді... Ал Садыр Жапаров болса соңғы сұхбатында «Демек, олар досым білмейтін өздерінің құпия жоспарымен жұмыс істеп жатқан. Олар, орыстар айтқандай, «медвежья услуга» көрсетті», – дейді.

Қырғыз баспасөздері Садыр Жапаровтың 12 ақпан күні Конституциялық сотқа өтініш жолдағандығын жазған еді. Күні кеше ғана сол өтініштің жауабы белгілі болды. Онда ресми мекеменің баспасөз қызметі былай депті.  

– 2026 жылдың 17 ақпанында Қырғыз Республикасының Конституциялық Соты Конституцияның президенттік өкілеттік мерзімі мен сайлау рәсіміне қатысты ережелеріне ресми түсініктеме берді.

Сот 2021 жылғы Конституциямен белгіленген бес жылдық мерзім 2010 жылғы Конституция бойынша 2021 жылдың қаңтарында алты жылдық мерзімге сайланған қазіргі президент Садыр Жапаровтың мандатына қолданылмайды деген қорытындыға келді.

Сондықтан оның қазіргі мерзімі бастапқыда белгіленген алты жылдық мерзім ішінде аяқталуы керек. Бұл алты жылдық мерзім екі мерзімнен аспайтын жаңа шектеу бойынша бірінші мерзім болып саналады.

Сондай-ақ, Сот мерзімінен бұрын сайлау тек Конституцияда тікелей көзделген себептер бойынша (отставкаға кету, импичмент, ауру немесе қайтыс болу) мүмкін екенін атап өтті. Қоғамдық талқылау оларды өткізуге негіз болып табылмайды.

Қырғыз Республикасындағы келесі президент сайлауы 2027 жылғы қаңтардың төртінші жексенбісі – 2027 жылғы 24 қаңтарда өтеді. Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесі оларды 2026 жылғы 24 қыркүйектен кешіктірмей тағайындауы тиіс, – делінген.

Демек Қырғыз Республикасында келер жылы сайлау өтеді. Әрі Садыр Жапаров жаңа заң бойынша екінші рет қатыса алады деген сөз.

Қырғызстаннан таралып жатқан соңғы жаңалыққа сенсек, 17 ақпан күні Қамшыбек Тәшиев елден кеткен. Мәселенің анық-қанығы алдағы күндері белгілі бола жатар. Мүмкін, Қамшыбектің де өз айтары бар шығар...

 

PS: Ел ішінде келесі президенттің Қамшыбек Тәшиев болатындығына зәредей күмән келтіретін адам жоқтай еді. Қамшыбек іс басына келгеннен кейін қоғамда тәртіп орнатуға барын салып жатты. Ала таудың арғы бетінен таралып жатқан хабарларға қарағанда, 2020 жылға дейін қылмыстық топтардың басшылары тіпті мемлекеттік биліктің тұтқасына жармасып келген. Яғни депутат болу, өзге де лауазымдарға тағайындалу мәселелерінде қылмыстық топтардың басшыларының «ұсыныстары» бірден қабылданып келген көрінеді. Олар елдегі ірі кен орындарын меншігіне алып, елдегі базарларға дейін өз бақылауларын жасап келген. Міне, осындай берекесі қашқан ортаны Қамшыбек Тәшиев білек сыбана кірісіп, 3-4 жылдың ішінде «Қырғызстанды тазартқандай» болып еді. Соның бір мысалы елдегі бандиттердің атаманы делінетін Қамшыбек Көлбаевтің өлтірілуі еді. Қамшыбек Тәшиев премьер-министрдің орынбасары бола жүріп, әкімшілік, әлеуметтік мәселелерді оңалтуға күш салды. Алайда соңғы жылдары ҰҚМК-ның басшысы тым қатал қимылдап, барлығын қара күшке салып, тізеге басып отырып шешуге бой ұрып бара жатқандай көрінген. Елдің ішкі жағдайынан толық хабары бар азаматтардың айтуынша, «қазір Қырғызстанда Тәшиев десе, жылаған бала уанады» деген сөздерді де естігеніміз бар.

Осылайша көрші елде айтарлықтай ауыс-түйістер басталып кетті. Бұл мәселе де көмескі қалған ештеңе жоқ секілді. Президент Садыр Жапаров барлығын да ашып айтыпты. Ендігі түйткіл – келесі жылы өтуі тиіс президент сайлауына Садыр Нұрғожаұлы қатыса ала ма, жоқ па деген мәселе туралы болып отыр. Ал біздің тілегіміз – төсекте басы, төскейде малы қосылып жатқан бауырлас елдің тыныштығы болмақ...

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
19.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Екі достың арасын не бүлдірді?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 19.02.2026 68
Қариясын сыйлайтын ел едік
Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен ондаған медаль иегері, мемлекеттік қызмет ардагері - 19.02.2026 36

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23526
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23184
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39550
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36671
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40825