Бізде не болмай жатыр қазір? Осыдан бірнеше жыл бұрын Заң шығарушы орган Парламентте жалпы отырыс барысында экс-депутат Тәңірберген Бердіоңғаров әріптестерін және барша қазақ халқын «Кеңес әскері мен Әскери флотының құрылған күнімен құттықтап» әлем алдында масқарамызды шығарған. Ұят- ай! Өлім ғой…
Содан бері қаншама жыл өтті, әлі күнге Ресейге қарап «ұлитындар», кеңестік мерекені ұлықтайтындар арамызда толып жүр….
Сонымен 23 ақпан қандай күн? Біздің тәуелсіз елміз үшін жай күндердің бірі ғана. 7 мамыр қарсаңында ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР күні бар. Онда әлеуметтік желілердегі 23 ақпан мерекесімен бірін-бірі құттықтап жатқандарға не дауа!
Атын атап, түсін түстемейміз. Бірақ ескертеміз: Сонау кеңестік дәуірді аңсап, 23 ақпанды дәріптеу – құлдық сана! Иә, ол кезең тарих. Тасқа басылған. Ұрпақ білуге тиіс. Алайда тәуелсіз елдің азаматы – біреудің қаңсығына емес, өз еліне, өз отанына, өз мерекесіне таңсық болуы керек!
«Біздер, қазақстандықтар үшін, Отан қорғаушылар күні 7 мамыр болып табылады. 23 ақпан емес, 7 мамыр. Бізді қай күні құттықтау керектігін әйел қауым білсін! Біз оларды 8 наурызда құттықтаймыз. Ал олар бізді 7 мамырда құттықтауды ұмытып кетеді», – деді Н.Назарбаев. Бірақ құлақ асып жатқан адам аз секілді…
Қазақияның ауасын жұтып, адал асын ішіп, осы киелі жерде ұрпақ өрбітіп отырғандар, бір сәт шаңыраққа қарап, ел билігінің оларға деген ақ ниеттеріне, риясыз таза көңілдеріне кірбің түсірмесе екен дейміз!

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.