«Октябрят» деп төменгі сыныптарды тәртіпке, тазалыққа, бауырмалшылыққа тәрбиелей алдық. «Пионер» деп мойнымызға таққан қызыл галстукты туға да теңедік. Мектепке галстуксыз келген оқушы мектепке кірмеуші еді. Қысқа жағы октябрят, ұзындау жағы пионер, артқы жағы комсомол, оларды ұстап тұрған түйіні мынау партия деп мойынымыздың астындағы түйінді көрсетуші едік. Үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлап, құрметтей білдік. Мұғалімді көріп қалсақ, «ойбай, мұғалім келе жатыр!» деп тығылатын жер іздеуші едік. Қазіргі оқушылар сыйлау, қорқу түгілі мұғалімнің өзін себепсіз ұрып жығады. Кінәлі болса да, оқушы мен ата-ананікі дұрыс. Сол үшін мұғалім жалтақ, қит етсе жұмысынан босатады. Ұстазды сыйлау деген жоқ. Өйткені үйде, ошақ қасында тәрбие жоқ.
Ата аналар балаға қарамайды. Мектепке әкеліп тастайды, қайтадан алады. «Сендер бүгін мектепте өздеріңді қалай ұстадыңдар? Сабақтарың қалай?» деген сұрақ қоя алмайды. Өйткені әрбір ата-анада ұялы телефон бар. Соған хабар келіп тұрады. Тапсырманы да содан алалды. Қысқаша айтқанда «ұялы телефон» әрі ата-ана, әрі сынып жетекшісі. Сонымен «тәрбие» жұмысы бітеді. Өз сыныбымызды өзіміз тазалап, сенбі күні мектеп бойынша кластарды сабынды сумен жуып, терезелердің әйнектерін сүртіп тазалайтынбыз. Қазіргі ата-аналар балалары қолдарына шүберек алса, «баламызға шүберек ұстатып, жудырып қойды» деп шағымданып, шу шығарады. Үйінде ештеңе жасамайды, малға қарамайды, қар күремейді, ауланы сыпырып тазаламайды, кір жумайды, үтіктемейді, сонда біз балаларымызға қандай тәрбие береміз? Әдептілік деген жоқ, киім киісіміз, жүріс-тұрысымыздың барлығы көңілге қонбайды. Ұлдар да, қыздар да, тіпті үлкендердің киетіні «жыртық» шалбар. О заманда, бұл заман, денені көрсетіп, жалтылдатып киім кигенді қайдан көрдік. Қыздардың қалай болса, солай ашық-шашық киініп жүргендері ерсі көрінеді, «зорлау» деген осыдан шығады. Имандылық, сана-сезім, үлкенді сыйлау деген қазіргі жастарда жетіспейді. Айтатынымыз «Демократия». Міне, сол демократияның әкелген жері, үлкен қарт кісіні, оның балаларын (өздері жастары келіп қалған азаматтар екен), ұрып, ауруханадан бірақ шығарып отырғанымыз. Бос жүрген жастар әркімнің жетегінде кетеді. Ақша табу үшін барлық жаманшылыққа барады. Кешегі Қордай ауданында болған жағдай осындай бос жүрген жастардың ісі. Түрмеде отырғандардың тоқсан пайызы қазақ жігіттері. Салықтан түскен қаражат соларды тамақтандыру мен күнделікті тіршіліктеріне жұмсалады. Сондықтан да сол жабылған зауыт, фабрикаларды қайтадан ашып жастарға өз мамандықтары бойынша жұмыс тауып беру керек. Жастарды қоғамға пайдалы, ертеңгі күні өз отбасын асырай алатындай мамандыққа қарай тәрбиелеп, білім беру керек. Ол үшін ата-аналардың өздерін даярлау қажет. Әрбір отбасында тәрбие жұмысы жүргізілуі керек. Бұрын бір үлкен ыдысқа тамақ салып беріп, барлығың осы табақтан ішесіңдер деуші еді. Бұл барлығымыздың бір тамақты, нанды бөліп ішуімізге, татулыққа тәрбиелеу болатын. Ауылдық жерде жұмыс жоқ, жастардың барлығы қалаға кеткен. Жолсапармен жүргенде, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының бір ауылында ата-аналар: «Мына мектеп – немерелер мектебі, әке-шешелері қалада, бұлар да үлкейеді, кетеді. Сонда мектеп жабылады. «Мектеп жабылды» деген сөз, «бір ауыл жоқ болды» деген сөз» деп айтқан еді. Қаншама ауыл бос қалып жатыр. Жастардың мал бағып, егін салғысы жоқ. Сонда олар немен айналысуы керек? Қалаға келіп, пәтер жалдап, қаншасы ауруға шалдығып жатыр.«Бәленбай балам бар, ақша бер, жер бер, үй бер» дегенше ауылға бар, мал бақ, егін сал. Сол балаларды кеңес кезінде ата-аналарымыз туды, өсірді, білім берді, ешкімге алақан жайған жоқ, шағымданған жоқ. Бала туылған соң, оны қарауға екі жарым ай ғана беретін, жұмысқа шығып кететін. Бірінің киімін екіншісі киіп өсті. Көп балалы аналарға айтарым, сол берген ақшаға мал алып бағып, егін салып, ауылды көркейткендерің абзал шығар. Ауылда тері илейтін, тоқыма тоқитын, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын орындарды ашуға болмай ма? Сол үшін мемлекет халыққа қаражат бөліп, жағдай жасап отыр. Адамзаттың қолынан барлығы келеді. Тек ниет, ықылас, еңбекқорлық керек. Аяғымыздан нық тұрып кетуіміз өзіміздің қолымызда!

АфРИЗА АЙТБАЕВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз