Халықаралық қатынастар жүйесіндегі экологиялық саясаттың рөлі мен орны атты ашық эдвайзер сағаты

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде “Халықаралық қатынастар жүйесіндегі экологиялық саясаттың рөлі мен орны” атты ашық эдвайзер сағаты өтті. Ашық эдвайзер сағатын аға оқытушы Нуралиева С.А., және аймақтану мамандығының 2-курс студенттері ұйымдастырды. Экология мәселесіне тереңірек тоқталып, егжей тегжейлі талқылау үшін қонақтар ретінде т.ғ.к, доцент Б. Балаубаева және аға эдвайзер оқытушы Ж. Оспанбаев шақырылды.

Қазіргі таңда экологиялық мәселелер халықаралық қауіпсіздік шеңберіндегі ең өзекті жаһандық қауіптердің бірі екені бәрімізге мәлім. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, адамзаттың  қолынан жасалған экологиялық дағдарыстың салдарын алдын алу тек адамдардың санасын өзгерту арқылы жүзеге асыруға болатын үдеріс. Яғни, адамдардың экологиялық сана деңгейін көтеру, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасын жақсарту және күнделікті өмірде экологиялық мінез құлықты әдетке айналдыра білу. Осыған орай, студенттер ең белсенді және сыртқы орта жағдайларына тез бейім болып келетін әлеуметтік топ болғандықтан, халықаралық қатынастар жүйесіндегі экологиялық саясаттың рөлі мен орнын талқылау және сыни ойлау қасиетін дамыту ашық эдвайзер сағатының басты мақсаттары ретінде бекітілді.

Ашық эдвайзер сағаты аясында студенттер бірнеше тақырыпта презентация мен баяндама дайындады. Нәтижесінде, студенттер қазіргі өзекті экологиялық мәселелерге аса назар аудара отырып, жаһандық жылыну, парниктік эффект, озон қабатының сарқылуы, фотохимиялық тұмша, қышқылды жаңбыр, жер қыртысының тозуы және ормансыздандыру секілді табиғи қауіптердің әсерлерін талқылады. Сонымен қатар, студенттер жоғарыда аталып өткен мәселелерді болдырмау мақсатында 2015 жылы қабылданған Париж келісіміне (Paris Agreement under the United Nations Framework Convention on Climate Change) тоқталып өтті. Париж келісімін талқылау барысында студенттер өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, энергия тиімділігі саласында жасыл технологиялармен халықаралық алмасуды қолға алу жөнінде де мәселелерді алға тартты. Бұны әрине, қазіргі таңдағы өзекті тақырып болып жатқан экологиялық белсенділікпен тікелей байланыстыруға болады. Студенттердің пайымдауынша, экологиялық белсенділік тарапынан үш түрлі бағыт қолға алынып отыр. Яғни, қоқыс мәселесі, адамдардың жануарлармен қарым-қатынасы және адамдардың қоршаған ортаға тікелей әсері. Жалпы, ғылыми деректерге сүйенетін болсақ, экологиялық белсенділік үдерісін болашақта сандық ортадағы мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін құрал ретінде қарастыруға болады. Студенттердің пікірінше, әлемде соңғы кезде экологияға қатысты орын алып жатқан өзгерістер экологиялық қозғалыс пен дүниежүзілік экобелсенділер желісінің жаһандануының бір көрінісі деп сипаттауға болады. Жоғарыда аталып өткен мәселелерді қорытындылай келе, ашық эдвайзер сағаты соңында студенттер қосымша ақпаратпен бөлісіп, өзара пікір алмасу арқылы қоршаған ортаны тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсыныстарды атап өтті.

 

Бинұр Балаубаева,

Тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті доценті,

 Сания Нуралиева

Халықаралық қатынастар магистрі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті аға оқытушысы

 

.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз