Облыс әкімі Құмар Ақсақалов төрткүл дүниені оттай шарпып, адамзатқа үлкен қауіп төндіріп отырған пандемия індетіне байланысты өңірде қалыптасқан ахуал жайлы брифинг өткізіп, өз сөзін жағымды жайттан бастады:

“Бүгінгі брифингте өңір тұрғындарымен қуанышты хабармен бөліскелі отырмын. Жұқпалы инфекция жұқтырған 25 науқастың біреуі жазылып, үйіне оралды. Қалғандары тиісті ем-домдарын алуда. Жағдайлары бірқалыпты. Ауыр дертке шалдыққандар жоқ. Қосымша 10 орынға шақталған жансақтау бөлімшесі ашылып, өкпені оттегімен толықтыратын жасанды тыныс алу аппараттары қойылды. Жуырда осындай 5 аппарат сатып алынды. Бүгінде олардың саны – 74. Бастарын қатерге тігіп, нар тәуекелге бел буған дәрігерлеріміз адам жанының арашашысы деген құрметке әбден лайық. Олар қоғамдық ортадан, отбасыдан оқшауланып, қонақүйлерге орналастырылған. Қалыпты еңбек етулеріне, алаңсыз тынығуларына барлық жағдай жасалған”, – дей келіп, Құмар Іргебайұлы шектеу шаралары қатаңдатылатынын, талаптардың күшейтілетінін атап көрсетті.

Мекемелер өз қызметкерлерін ұйымдасқан түрде жұмыс орындарына апарып-қайтуға автобустар бөлуге міндетті. Арақашықтықты сақтау үшін көлік салондары адамдарға жартылай ғана толтырылып, үнемі зарарсыздандырылып отыруы тиіс. Кәсіпорындар байланыссыз термометрлермен жабдықталады. Кіреберістерде қадағалау күшейтіліп, дене қызуы бар адамдар жұмысқа жіберілмейді. Мұндай жағдайда азық-түлік өнімдерін тапсырыс бойынша үйге жеткізіп берудің мүмкіндіктері мол. Мәселен, қол ұшын беруге волонтерлер әркез әзір. “Радуга” ЖШС-і автоматты түрде зарарсыздандыратын кабиналар шығаруға кірісті. Мұндай қондырғылар ірі супермаркеттерге орнатылады.

Өңір басшысы табысын жоғалтқан тұрғындарға мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік қолдаулар көрсетілетініне тоқталды. Облыста 42 мың 500 теңге төлем алуға 7 мыңнан астам өтініш түсіп, жартысына жуығының тілегі қанағаттандырылған. Елбасының бастамасымен құрылған «Biz birgemiz» қоры халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарына жеке жәрдем көрсетеді. Өңірде тұрмысы төмен отбасыларға 1252 азық-түлік жиынтығы тапсырылған. «Семейный», «Северный» секілді әмбебап сауда орындарында азық-түлікті үйге дейін жеткізіп беруге сұраныс шамадан тыс көбейгендіктен, қосымша штаттар ашылған. Бұл іске басқа супермаркеттер де тартылады. «Магнум» сауда жүйесі өтініштер қабылдайтын чатты іске қоспақ. «Пирамида» вокзал маңында тұратын тұрғындардың талап-тілектерін өтейді.

Құмар Ақсақалов өз сөзінде карантин режімін бұзғандарға аяушылық болмайтынын қатаң түрде ескертті. Қолдағы деректерге қарағанда, жеке бастың жауапсыздығы салдарынан өздерін еркін сезінетіндер аз кездеспейді. Карантин ржзімін бұзған 88 оқиға тіркеліп, 23 адам қамауға алынған. 32 адамға айыппұл салынған. Әкімшілік жауапқа тарту үшін 32 адамның ісі сот қарауына жолданған. Көлік қозғалысын барынша азайтудың мүмкіндіктері тынбай қарастырылып, рульге өз бетінше отырғандардың жолы кесіледі. Жергілікті полиция қызметі мен қалалық әкімдікке заңсыз көлік ағынын азайту жөнінде нақты міндет жүктелді.
“Саяжайды және үй жануарларымен көшеде серуендеуді ұмытыңыздар. Егде адамдардың иммунитері әлсіз келеді, денсаулығы тез сыр береді. Сондықтан от басы, ошақ қасында болғандары дұрыс. Артық жүріс-тұрысты қысқартуға кеңес беремін. Карантиндік шараларды күшейтудің арқасында коронавирустың таралу қарқынын тежеп тұрмыз. Соңғы күндері өсім байқалмайды. Демек, атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Бір өкініштісі, азаматтардың саналылығына үміттеніп, көшелердегі патрульдік қызметтерді алып тастап едік, карантин режімін бұзушылар көбейіп сала берді. Ескерту мерзімі аяқталды. Енді тек қатаң жазалайтын боламыз”, – деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.

Брифингте Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынынына орай атқарылып жатқан жұмыстар туралы да әңгімелеп берді. Жағдай тұрақты бақылауда. Күн сайын мониторинг жүргізіліп, қарғын су шайып кетуі мүмкін деген қауіпті учаскелер, өзен-көлдердің, су қоймаларының су деңгейі қадағаланып отырады. Қазір құтқарушылар Уәлиханов, Айыртау, Тимирязев, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда тасқынға тосқауыл қоюдың кешенді шараларымен айналысуда. Бүгінгі күні 100 шақырым арықтар мен арналар тазаланып, 500 гектар егістік алқаптарынан 100 мың текше метр су сорып алынды. Автомобиль жолдары маңайында, ауылдар ішінде 3 мың су құбыры тазаланды. Ұзындығы 20 шақырымды құрайтын су бөгендері тұрғызылды.

Нұрсайын Шәріп

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз