Өткен ғасырдағы 20-шы жылдардың ортасында жас еврей жігіт нью-йорктегі атақты раввинге кеп, Талмудты зерттегісі келетінін айтады.
— Сен арамей тілін білемісің? — деп сұрапты раввин.
— Жоқ.
— Ал ивритті ше?
— Жоқ.
— Бала күніңде Тауратты оқып па ең?
— Жоқ, ребе. Бірақ сіз алаң болмаңыз, мен Берклидегі философия факультетін бітіргенмін. Жақында ғана Сократтың философиясы мен логикасы бойынша диссертациямды қорғадым. Ілім іздеу жолындағы ақтаңдақтарды толтыру үшін енді Талмудты зерттеуді қолға алсам деп жоспарлап қойдым.
— Сен Талмудты зерттеуге дайын емессің, — дейді раввин. — Бұл адамзат баласы жаралғалы жазылған ең терең кітап. Алайда ізденіп келген екенсің, мен сені тексеріп көрейін, осыдан өтсең, Талмудты үйренуге дайын болғаның.
Жас жігіт келіседі. Раввин сөзін жалғайды.
— Екі адам мұржадан түсіп келеді. Бірінің беті таза, екіншісінің беті күйе. Екеуінің қайсысы бет жууға барады?
Жас философ «осы да сөз боп па?» деп жауап қатады:
— Логиканы осылай тексеретін бе еді?
Раввин басын изейді.
— Ендеше, беті күйе болған адам бет жууға барады.
— Дұрыс емес. Логикалық тұрғыда ойлансаңшы: беті күйе адам жанындағы беті таза адамға қарайды да, менің де бетім таза деп ойлайды. Беті таза адам күйелешті көріп, менің де бетім күйе екен деп, бет жууға бірінші барады.
— Хм, мұндай да болады екен! — деп таң қалды қонақ. — Ал, қанеки, ребе, мені тағы бір рет тексеріп көріңізші!
— Жарайды, жас мырза. Екі адам мұржаның ішімен төмен түседі. Бірінің беті таза, екіншісі күйе. Қайсысы бұрын барып бет жуады?
— Біз бұл сұрақты жаңа ғана анықтап алдық емес пе, әрине – беті таза адам.
— Дұрыс емес. Екеуі де бет жууға мәжбүр. Өзің ойлашы: беті таза адам күйелешті көріп бет жуады, оның бет жуғанын көріп, күйелеш те бет жуады емес пе?
— Аа, солай ма?! Ол жағын ойламаппын. Мәссаған, мен логикалық қателік жасаппын. Қане, ребе, тағы бір сұрақ қойыңыз!
— Жарайды. Екі адам мұржамен төмен түседі. Бірінің беті таза, екіншісі күйелеш. Қайсысы бұрын барып бет жуады?
— Не ғой… Екеуі де.
—Дұрыс емес. Екеуі де бет жумайды. Логикамен ойласаңшы: беті күйелеш екіншінің таза бетін көріп, менің де бетім таза дейді. Ал беті таза адам күйелештің бет жумағанын көріп, өзінің беті таза екенін түсінеді.
Жас жігіт не істерін білмей састы.
— Мен қайткенде Талмудты зерттегім келеді! Басқа сұрақ қойыңызшы!
— Жарайды. Екі адам мұржамен төмен түсіп…
— О Құдайым-ау! Екеуі де жуынбайды!
— Дұрыс емес. Сократтың философиясын білу Талмудты үйренуге аздық ететінін әлі түсінбедің бе? Өзің ойлашы, екі адам бір мұржамен түссе, екеуінің бірі күйе жағып, екіншісі таза қалуы мүмкін бе? Түсінбегенің қалай? Бұл мағынасыз сұрақ қой. Мағынасы жоқ сұрақтарға жауап беріп уақыт өлтірсең, ендеше жауаптарыңда да еш мағына болмайды!

Борис Парсегов

Аударған Шынар Әбілда

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз