Түркістан облысында биыл 154 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады. 2020 жылы 30 нысанның құрылыс жұмыстары жүріп, ағымдағы жылы 20-сының құрылысы аяқталады, 10 нысан келесі жылға өтпелі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Игорь Алексеев мәлімдеді.

«Былтыр облыстың 1,1 млн. халқы немесе 57%-ы табиғи газбен қамтылса, ағымдағы жылы 1,2 млн халық немесе өңірдің 64%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Түркістан облысы бойынша табиғи газ саласында 3 жылдық іс-шара жоспары бекітіліп, қосымша 92 елді мекен немесе 49 мың халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы құрылысы аяқталған нысандар мен мөлтек аудандардағы тұрғындарды толығымен табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында, үйге дейін газ тарту жұмысы 85-105 мың теңге аралығында болып бектілген. Қосымша әрбір жеке үй өзіне қажетті қазандықты сатып алуы керек.
Ал облысты таза ауыз сумен қамту бойынша қазіргі таңда өңірді қамту деңгейі 80%-ды құрап 671 елді мекен таза ауыз су пайдалануда. Биыл облыста 155 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, 195 елді мекендегі ауыз су жүйелері қайта жаңартылатын болады.
Сонымен қатар, электрмен қамтамасыз ету саласы бойынша өткен жылдың қорытындысымен 10 мың халық тұратын 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылған. 2020 жылы 27 елді мекендегі 19 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде, 30 мың тұрғын сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз